Жаңалықтар

Баянғали Әлімжанов: Балалар әдебиеті қашанда назарда болуы керек

Баянғали Әлімжанов: Балалар әдебиеті қашанда назарда болуы керек
Фото: жеке мұрағаттан 31.05.2023 14:27 2099

Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің тәмсілге айналған «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген ғажап сөзі бар. Осы бір ауыз сөзге күллі ұлттың тағдыры сиып кетеді. Бала тәрбиесіне қазақ халқы бағзыдан тартып өте мұқият қараған. Одан селкеу шығармаған. Бойындағы нәрін, ойындағы сөлін сығып беріп, көшелі жол нұсқап, жетелі ұрпақ өсірген. Атадан балаға мирас болып келе жатқан алтын арқаудың, ұлттық құндылықтың бүгінгі келбеті қандай? Желкілдеп өсіп келе жатқан жаңа дәуірдің жас ұрпағына толымды тәрбие бере алып жатырмыз ба? Олардың рухани шөлін қандырып, көңіл көкжиегін кеңіте алдық па? Көкейді кескен көп сауалдың жауабын білмек үшін Ақын, драматург, жазушы, жыршы-жырау, сегіз қырлы өнерпаз Баянғали Әлімжановпен балалар әдебиетінің тыныс-тіршілігі туралы аз-кем әңгіме-дүкен құрған едік.

– Аға, бүгінгі балалар әдебиетінің тыныс-тіршілігін сөз етпес бұрын қазақтың дәстүрлі бала тәрбиесіне, оның алар маңызы мен маңызына аз-кем аялдай кетсеңіз.

– Қазақ халқы бала тәрбиесіне өте үлкен мән берген. Бала тәрбиелеудің далалық мектебі болған. Ғасырлар бойы қалыптасқан, халықтық дәстүр болған. Мысалы, баланы ата мен әжесіне беру. Бұл да үлкен мектеп. Ата мен әже біріншіден әке-шешеге қарағанда көп жасаған адамдар. Олардың өмір тәжирибесі бай, білімі де мол. Бұрынғы даланың дәстүрлерін, рухани қазынасын, ерлік салтын бәрін бойына сіңірген. Демек, дүниетанымы кең. Соны атасы немереге үйретеді. Ал әже деген тұнып тұрған ізгілік. Бала осы арқылы ата-бабадан келе жатқан асыл қазынаны көзін ашқанынан сана-сезіміне, жүрегіне құйып өседі бір. Екіншіден қазақ халқына тән қайырымдылық, мейірімділік, ізгілік қасиеттерді әже мейірімі жүрегінде оятады. Жүрегіне ұялаған осы қасиеттер өмірлік ұстанымына айналады. Сондай ғажап болған. Енді әке-шешенің рөлі қандай? Олардың да рөлі үлкен болған. Біріншіден баланы ата мен әженің тәрбиесіне беруінің өзі тәрбиенің жолы. Біліп беріп отыр. Өзім тәрбиелеймін, жанымда болады деп жұлып алмай үлкендердің қасында болса екен дейді. О заманда келген қонақтар мәжіліс құрып дастарханда отырғанда жақсы адамдардың сөзін ойыңа тоқы деп немерелерге тыңдататын болған ғой. Келген қонақ онша дұрыс адам болмай, бетімен сөйлесе онда ақырын балаларды қуып жібереді ойнаңдар деп. Ал енді әкесі балаларын ат жалын тартып мінгеннен кейін жайдақ шауып жүрген кішкентай күнінен өзінің қасына ертіп жүрген. Аңға шықса да, далаға жылқыға барса да алып барады. Сол жолда әңгімелеседі. Аттың үстінде жүріп жауынгерлік өнерге баулиды. Шешесі қыз балаға үйдегі шаруаны, ыдыс-аяқ жуудан, үй жинаудан бастап бәрін үйреткен. Бұл – өмір үшін күресу. Өйткені көшпелі тұрмыста адам өз күнін өзі көреді. Тұрмыс-тіршіліктің бар жағдайына қанып, қыр-сырын біліп өскен. Осыдан қортынды шығара беріңіз. Әрине, қазіргі балаларды салыстыруға келмейді. Бұлардың жағдайы өте жақсы, қолында интернетке қосылған смартфон. Бәрі ғажап. Бірақ мынандай тәрбиеден кенже қалып бара жатқан сияқты. Қыз балалардың өзіне үй шаруасын істетіп үйретіп жатыр ма қазір? Ұл балаларға дене қимылы мен рухани қазынаны игерту ісі қандай? Демек біз бұрынғы дәстүрлі қазақ бала тәрбиесінен алатынымыз мол. Заманға ілесу, әр халықтың жақсысын алу керек деп жатырмыз. Бірақ ең бастысы ұлттық негізіміз өзіміздің тәрбиеміз болуы керек. Бұрынғылар «жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген. Жақсылыққа үйреткен, баулыған. Жаманнан безіндірген. Тиым салған. «Жаман жерді баспа» дейді. Соның өзінде қаншама мағына жатыр. «Жамандыққа баспа», «жаман сөз сөйлеме», «жаман ой ойлама», «жаман іс істеме» дейді. Тәрбиенің өзегі осы болған. Ал қазіргі өкімет тиым салуға болмайды дегенді шығарып алды. Біз арғы жақтан келе жатқан, тереңнен тамыр тартқан дәстүрді ұмыттық. Ойбай, демократияның жөні осы екен деп балаға тиым салуға болмайды дегенді шығардық. Осыны істеп отырған психологтар. Ойбай, балаға тиым салсаң ертең оның психикасы жараланады, өскенде мындай болып қалады екен дегенді шығарған. Осының кесірінен қазіргі заман неше түрлі бетімен кетушілікке айналып отыр. Мен бір жерден оқып төбе шашым тік тұрды. Америка ма бір елдің мектепінде оқушы балалар сүйісіп тұрса қойыңдар деуге мұғалімнің қақысы жоқ екен. Сондай да болама? Атамыз қазақта ондай емес. Еркін өсірген, бірақ бетімен жібермеген. Әр нәрсе өзінің жөн-жобасымен болған. Шектен шықпаңдар деп тәрбиелеп отырған. Сосын «жаман жерді баспа», «ұяны бұзба», «құйынды қума» деген тиым, осындай жақсы өнеге болған. Біз бұдан айырылмауымыз керек. Қазақ болған соң балаларымызды қазақша тәрбиелеуіміз керек. Қазақтың бала тәрбиесінде үлкен дәстүрлі мектеп бар. Соған осы заманғы озық үлгілердің барлығын қоса беруге болады. Одан ештеңе өзгеріп кетпейді. Негізі өзіміздің ұлттық дәстүр, мейірбанды қазақтың жолы болуы керек.

– Сізді Алаш жұрты әуелі айтыстарыңызды сүйсіне тыңдап, тереңірек таныды десек қателеспеген болармыз. Ақын, драматург, жазушы, жыршы-жырау, сегіз қырлы Баянғали Әлімжанов балалар әдебиетінің қоржынына қандай олжа сала алды?

– Әңгімеміз балалар әдебиетіне ауысып келе жатыр ғой. Демек атамыз қазақтың тәрбиесінде балаларға сөз өнерін алдымен үйреткен. Рухани қазына қылып бабадан қалған асыл сөздерді баланың құлағына құя берген. Ол баланың жадында қалады, жанына қонады. Сол секілді қазіргі заманда да балалар әдебиетінің алар орны ерекше. Тікелей өзіме келетін болсам балалар әдебиетіне келуім қызық болды. Мен ертеде «Балдырған» журналында жұмыс істегем, Мұзафар Әлімбаев ағамыз редактор болды. Бірақ ол кезде балалар әдебиетіне бел буып кірісіп, білек түріп шығарма жазам деп ойлаған жоқпын. Бірен-саран дүниелер жаздым. Жақсылық Үшкемпіровпен, Әмен Қайдаровпен кездесіп сұхбаттар алып, олардың балалық шағы туралы жазғаным есімде. Сол кезде жазған «Төгілген қаймақ» деген әңгімем болды. Орыс мектептерінде қазақ тілі оқулығына кіріпті. 30-40 жылдан бері басылып келе жатыр. Балалар әдебиеті туралы жазам деп ойламаған менің немерелерім балабақшаға барды. Берген өлеңдерін түсіне қоймайды. Соларға деп өлең жаза бастадым. Балалар әдебиетінің керек екенін, біздің осы жағынан олқылығымыз бар екенін байқадым да менің де қазақ балаларына айтатын сөзім, беретін өнегем бар екен деген ойға тоқтадым. Әуелі өлеңнен, шағын-шағын тез жатталатын тақпақтардан бастадым. Сөйтіп бұл тұтас кітапқа айналды да 2015 жылы «Таймас» баспасынан «Шыршадағы шытырман» деген атпен түрлі-түсті әдемі кітап болып жарыққа шықты. Одан кейін әліппе өлең, әліппе жаңылтпаш жаздым. Осы әліппе өлеңімді фейсбукқа шығарып едім одан алып «Егемен Қазақстан», «Ана Тілі», бүкіл облыстық газеттер жариялады. Соны оқып Керекулік Назымбек Дүкенбай деген композитор, профессор ағамыз әр әріпке ән шығарған ғой. Осылайша екеуміз қосылып «Ән салатын әліппе» деп ат қойып былтыр «Әліппе әуендері» деген атпен «Атамұра» баспасы кітап басып шығарды. QR кодты сканерлесе әліппенің өзі әндетіп қоя береді. Әр бір әріпті балаға әндетіп үйрету бұл бір қызықты дүние болды. Осының бәрі жиналып келе-келе «400 тәтті тақпақ» деген ғажап кітап шықты. Оның ғажап болатыны – тақырыптық жинақ. Оны жазарда мұғалімдермен пікірлестім. Олар балаларға үйретерде осындай-осындай тақпақтар таба алмай қиналамыз деп тақырыптар ұсынды. Өзімнің ойлаған тақырыптарым бар. Соның бәрін құрастыра келегенде балаларың үлкен тақырыптық жинағына айналды. Отан, отбасы, ұлттық, адамгершілік құндылықтар, спорт, жер, табиғат құбылыстары т.с.с сала-сала тақырыпқа бөлінеді. Бұл және балабақшадан тартып 5-сыныпқа дейін оқитын дүние болды. Бір айдың ішінде 1000 данасы сатылып кетті. Халық қызығып отыр деген сөз.

Оған қоса әңгімелерім, ертегілерім бар. Айырықша атайтыным «Мейірімді Асқар» деген ертегі. Екі тілде бірдей жаздым. Қазір үш бөлімі жазылды. Кеше Ұлттық кітапханада Қосшы қаласы мектебінің оқушылары менімен кездесу өткізді. Өлеңдерімді жатқа оқыды. Сонымен бірге «Мейірімді Асқарды» сахналық қойылым қылып қойды. Соңында бар бала шығып әрбір тарауын жеке-жеке жатқа оқып берді. Бұрынғы кез бір басқа. Қазіргі кезде мектеп оқушыларының ертегіні жатқа оқуы сирек оқиға. Мен үшін қызық тосын сый болды. Мектеп балаларына риза болдым. «Мейірімді Асқар» ертегісі Мәскеуде жарық көрді. «Детский роман газетаға» басылды. Ағылшын тіліне аударылып Лондонда шықты. Таяуда өзбек тіліне тәржімаланды. Өзіміздің қазақ тілінде де шағын тиражбен шығардым. Бұйырса үлкен арнаға шығатын сияқты. Өйткені оның кейіпкері барлық әлем халқы ертегілеріндегі жақсы кейіпкерлерді өзінің досы деп есептейді. Бұл мейірбанды, кеңпейіл қазақтың бейнесі. Біздің ғазиз ұстанымымыз. Екінші кезекте өзіміздің қазақ ертегілерінің, Таусоғар, Желаяқ, Көлтаусар, Епті, т.б. лармен дос болады. Кейіпкер Асқар осындай қызық оқиғаларды, фантазиялық кешірмелерді басынан өткізеді.

Балалар әдебиетіне қосқан үлесіңіз деп отырсың. Мен қазір риза болам, менің тақпақ-өлеңдерімді, шығармаларымды балалар жатқа оқып, құмартып іздеп жатыр. Таяуда Абай Құнанбайұлы атындағы №87 мектеп-гиманазияда оқушылармен кездесу болды. Дәулет Жәлелов деген ақын ініміз ұйымдастырды. Әлгі мектептің бастауыштан бастап жоғары сыныптың балаларына дейін өз жасына лайықтап менің тақпақтарымды, өлеңдерімді барлығы жатқа оқып, бір дүрілдетті. Одан кейін № 28 аралас мектепте кездесу болды. Қазақ, орыс балалары аралас отырып тыңдады. Олар да керемет дайындалған екен. Шетінен шығып өлеңдерімді оқып жатты. Арасында бір орыс қыз шықты. Өлеңді оқып бастай берді да жаңылып қалып ары қарай оқи алмай қалды. Сосын сахнада тұрып жылап жіберді. Әлгі қызға қарап мен жылап жібере жаздадым. Қол соғып жұбаттық. Бәріміздің есімізде қалды. Қызға «сен қиналма, қиындық деген болады, соны жеңген адам жетістікке жетеді» деп қолдап-қуаттап қойдық. Дайындықта бәрінен күшті оқиды екен, сахнада жаңылып қалған ғой. Осындай бір қызық жағдай болды. Қазақ өлеңін оқимын деп орыс қызының талаптанғанына, соншалық беріліп жандүниесімен ақталып тұрған сәби жүрегіне риза болдым.

Осылайша балалармен жиі-жиі кездесу өткізіп жатамыз. Мұның бәрін балалар әдебиетіне деген махаббатым, ықыласым деп білемін. Балалар мен жасөспірімдерге арнап жазған «Абылай хан және оның батырлары» деген орыс тілінде жазған повестім қазақшаға да аударылды. Түрік тіліне аударылып Ыстамбулдан көп тиражбен шықты. Ағылшын тіліне аударылды. Мәскеуден шықты. Бұл біздің аталарымыздың қаншама ғасырдан бері жасап келе жатқан асыл аңыздары. Соны орыс тілі арқылы басқа елге айтып берейін деген мақсатпен жазылған. Енді бұны түріктің жазушылары, баспагерлері оқып, бұл кітапты бүкіл түрік баласы оқуы керек екен деп жоғары баға беріп жатыр. Осындай еңбектерімнің балалар жүрегіне жол тартқанына қуанамын.

– Біз сіздің «Жалмауызды жеңген бала», «Шыршадағы шытырман» атты балаларға арналған кітаптарыңызбен жақсы таныспыз. Қазіргі балалар әдебиетінің деңгейін қалай бағалайсыз? Осы заман балаларының күрделі психологиясы ашылып жатыр ма?

– Қазіргі балалар әдебиетінің деңгейін мен жақсы деп бағалаймын. Бүгінгі таңда ізденіс көп, неше түрлі жас авторлар шығып жатыр. Оның бәрін біз біле бермейміз. Осы заманға лайықтап қызықты-қызықты ізденістерге баруда. Неше түрлі кітаптың түрлерін өзгертіп жазып жатқан балалар бар. Ізденіс, қозғалыс ешқашан тоқтаған емес. Балалар әдебиетінде дамушылық бар деп ойлаймын. Бүгінгі заман балаларының психологиясын аша алдық па деп отырсың. Бұл ересек балаларға қатысты дүние. Менің байқағаным көптен бері айтып келе жатырмын, бізде балабақша, бастауыш сыныптарға арналған шығармалар бар да, ал жоғары кластарға, әсіресе жасөспірімдерге арналған шығармалар жоқтың қасы. Барының өзі таңдайға татымайды. Өйткені жасөспірімдердің психологиясына бойлап, жандүниесін түсіну, олардың іздегенін, ішкі толғанысын зерттеп жазу қиынның қиыны. Осы олқылықтың орнын толтырар дүние жазсам деген ойға алған жоспарларым бар. «Абылай хан және оның батырлары» осы идеямның бастауы еді. Бұл көп болып ойланатын мәселе.

– «Айтұмар», «Дарабоз», «Алтын тобылғы», «Рух», «Алтын сақа» сынды байқаулар өткен кезде ғана есімізге балаларға әдебиет керек екені түсетін сынды. Байқау мен мүшәйрада ғана қолдау табатын елдің әдебиеті қаншалықты дамымақ? Біз балалардың сұранысын толық өтей алдық па?

– Әрине, байқаулар, сыйлықтар өмірдің қажеттілігі болар. Жас әдебиетшілерді қызықтыру үшін керек дүние. Ол дұрыс шығар. Бірақ та мына сұрағың өте орынды. Тек бәйге кезінде ғана қолына қалам алып, одан кейін ұмытып кетуге болмайды. Балалар әдебиеті қашанда назарда болуы керек. Ол бір күннің, бір жылдың үлесі емес, әр сәт біздің мемлекеттің, халықтың, мұғалімдердің назарында болуы керек. Балалар не оқып жатыр, қалай оқып жатыр деген маңызды мәселеге жиі оралып отырған жөн. Бала қандай кітап оқыса ертең сондай азамат болады. Бүгінгі бала ертеңгі халқымыз, ұлтымыз. Демек біз балалардың рухани деңгейін, ойлау өрісін кеңейтуді, биіктетуді бала күнінен ойлауымыз керек. Телефонға, дайын жауапқа сүйеніп алған балалар ойлау қабілетінен айырылып бара жатқан сияқты. Балалар басын ауыртып ойлануы керек. Біз балалардың ақыл-ой өрісін кеңейту үшін бірден бір жол – әдебиет, кино, театр. Осы руханият саласының маңызы зор. Балалар келешекте шетінен ақын-жазушы, әдебиетші болуы міндетті емес. Болмайды да. Өмірдің өзге салалары көп, басқа ғылымдары көп. Химия, физика, биологияны айтсақ та, қоғамдық өмірді жүргізетін экономика болсын барлығын бала білуі, маман болуға дайындалуы керек. Оның бәріне ынталандыратын, бағыттайтын дүние сөз арқылы келеді. Демек біз балаларға сөзді жеткізе білуіміз керек. Ең үлкен олқылығымыз жақсы кітаптарды, дүниелерді балаларға толық қанды жеткізе алмай келе жатырмыз. Науқан кезінде атқа қонып он-жиырма кітапты шығарып тастайды. Бірер мың данамен ол кітапханаларда тұрады. Қалың оқырман балаларға қалай қолжетімді болады? Бізде балалар кітабы ғана емес жалпы кітап саудасының өзі енді-енді жолға қойылып, ақырын-ақырын қозғалып келеді. Бар болғанымен өзінің қажетті деңгейіне әлі жеткен жоқ. Бізде кітап тарату жүйесі жоқ. Жақсы кітап жазғанымен тарата алмай, оқырманға жеткізе алмай шырылдап жүрген жазушыларды көресің. Осы түйінді жалпы мемлекет болып шешетін уақыт келді. Жалғыз ғана жұбаныш – ғаламтор. Маған талай мұғалімдер сіздің кітаптарыңызды интернеттен көшіріп алып оқытып жатырмыз деп айтады. Ол да керек. Бірақ қағаз кітаптың аты қағаз кітап. Ол балалардың қолына жетуі тиіс. Кітап оқыған сайын баланың миы жұмыс істейді. Ойланады. Миының нейрондарында жаңа талшық қалыптасады. Осылайша баланың миы, ақыл-ойы, сана-сезімі толысады. Жақсы кітап жазу – біз жазушылардың міндеті болса, оны жеткізу, тарату мемлекеттің міндеті.

– Әр заманның Қожасы бар, бірақ әр заманда Бердібек тумайды екен. Соқпақбаевтай соқталы жазушыны қазақ әдебиеті енді қашан тудыра алады? Жоқ әлде, ондай қаламгер арамызда бар, тек біз оқымай, танымай жүрміз бе?

– Ешқандай құбылыс қайталанбайды. Адам да қайта тумайды. Бердібек Соқпақбаев біреу ғана. Енді қайтып жаратылмайды. Оның көшірмесінің қажеті де жоқ. Әр заманның өзінің кейіпкерлері бар. Қожаны қайталап жазудың да қажеті жоқ. Қожа Қожа болып қалды. Оқушылардан қызығасыңдар ма деп сұрадым. Олар кітабы да, киносы да қызық дейді. «Менің атым Қожа» қазақ балаларымен бірге жасайтын классикалық туынды. Бұл заманның көзімен қарап енді ондай тумайды, қайталанбайды деген дұрыс емес. Әр заманның өз жазушысы болады. Біздің заманның да Соқпақбаевы болатынына сенемін. Бәлкім ол бар да шығар. Сен айтқандай көрінбей, танылмай жатқан шығар. Бірақ алмас қылыш қап түбінде жатпайтынындай түбінде жарқырап шығады. Біз оған жарқын үмітпен қарайық. Қазақ халқы, балалары аман болсын! Сол балаларға лайықты әдебиет жазылады деп ойлаймын!

 – Мағыналы әңгімеңізге рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға