Жаңалықтар

Баянауылдық атақты ұстазға мемориалдық тақта қойылды

Баянауылдық атақты ұстазға мемориалдық тақта қойылды
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 09.07.2024 06:43 591

Зекебай Солтанбаев тек педагогика саласына ғана емес, жергілікті әдебиетке де зор үлес қосқан, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. Pavlodarnews.kz тілшісіне сілтеме жасап.

Бүгін ҚазКСР халық ағарту ісінің үздігі, КСРО ағарту ісінің үздігі, Павлодар облысы, Баянауыл ауданының Құрметті азаматына арналған мемориалды тақтаның ашылу салтанаты өтті. Тақтайша Егіндібұлақ ауылының орта мектебінің қабырғасына орнатылды.

Зекебай Солтанбаев 1931 жылдың 15 наурызында Баянауыл ауылының №2 ауылы Басшілік елді мекенде туған. 1937-42 жылдары Егіндібұлақ бастауыш мектебінде Рахметолла Үрпеков, Қайрат Сыздықовтан дәріс алған. Алайда  оқуын әрі қарай жалғастыра алмайды. Себебі, әкесі Солтанбай Ұлы Отан соғысына аттанады. Яғни, әкеден ерте жетім қалған балаға анасы мен апасы аманат болып қалады. Ол сұрапыл соғыс басталғанда он жасар ғана еді, соғыс зардабынан еңбекке ерте араласқан.

Еңбек майданындағы ауыртпалықты үлкендермен бірге көрді. Ол өлең шығаруды 9-10 жасында бастаған. Алғаш өлеңдері «Туған жер», «Отан», мектеп тақырыптарында болған. Зекебай Солтанбаевтың өлендері сол жылдары аудандық, облыстық газеттерде, республикалық «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс», «Балдырған» журналдарында жарық көрген. Ал оқуды соғыс аяқталғаннан кейін ғана ары қарай жалғастыруға мүмкін болған.

Ұстаздық жолмен қаламгерлікті қатар ұстап, бірталай туындыларды жарыққа шығарған. «Жалынды демократ», «Жыр жиһазы», «Мәшһүр», «Жүсіп», «Көпеев», «Ғұлама», «Адам», «Айшуақ», «Жыр Жаһұт», «Алло, ...Айтыш Маликович», «Таң атарда», «Егіндібұлақ вальсі», «Біздің ғұмыр және Нағимаш», «Наз» кітаптарының авторы.

Ұлы ұстазды еске алуға Баянауыл өңірінің Құрметті азаматтары, шәкірттері, балалары мен немерелері келді.  Салтанатты шараға Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов қатысты.

Мемориалды тақта орнату – біздің азаматтық парызымыз. Зекебай Солтанбаев - Павлодар облысы Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, ағарту қызметінің Үздік қызметкері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, көптеген медальдардың иегері, баршамызды өз баласындай көріп, өмірлік жолда қолдау көрсеткен. Сондықтан мемориалды тақтаның ашылуы – Зекебай Солтанбаевтың рухына деген шынайы құрмет, - деді Серік Батырғожинов.

Зекебай Солтанбаевтың ұлының айтуынша, құрмет тақтасын ілуге туыстары бастамашы болған.

Барлық туыстар бірігіп, қаражат жинап, аталарының есімін мәңгілікке қалдыруға шешім қабылдады. Әкемнің қосқан үлесі зор деп есептеймін, оны ұмытпау керек. Сондықтан мемориалдық тақта орнатуды жөн көрдік. Бұған аудан, облыс әкімдігі көмектесті, – дейді Жұматбек Солтанбаев.

Немересі Күннұр Солтанбаев атасының ізін басуда. Оның мақсаты – атасының еңбектерін дәріптеп, оның деңгейіне жету.

Атам өте жан-жақты адам болған. Ол кісі ақын жазушылығын ғана емес, музыканы жан-жақты игерген. Оның үйіне кірсең, әрдайым жазу жазып отыратын. Далаға шығып серуендегенді жақсы көрген, - деді Күннұр Солтанбаев. – Мен атамның ізін басып келе жатырмын деп айтуға да болады. Мектепті Алтын белгімен бітірдім, Баянауылдағы балалар өнер мектебінің түлегімін, дәстүрлі ән мен күй сыныбын бітірдім және оған қоса ақындар сыныбында екінші курсын оқып шықтым. Осылай атамның жолын қуып, қалдырып кеткен мұрасын өшпестей биіктерге асқақтағым келеді.

Зекебай Солтанбаев 2023 жылы шілде айында дүниеден өтті. Өзінің педагогикалық еңбектерінің арқасында бірнеше рет аудандық, облыстық білім бөлімдерінің, БЛКЖО Орталық Комитетінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Павлодар облысының, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы, ҚазКСР және КСРО ағарту ісінің үздік қызметкері, Ы. Алтынсарин медалінің, М. Ж. Көпеев атындағы және С. Торайғыров атындағы медальдарының, «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» медалінің иегері, Қазақстан Жазушылар Одағының және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі атақтарына ие болды.Мемориалды тақта – ұстазға деген құрметтің белгісі.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға