Жаңалықтар

Баянауылда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығы аталып өтті

Баянауылда Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығы аталып өтті
Фото: gov.kz 13.08.2023 22:26 1315

Павлодар облысының Баянауыл ауданында өте маңызды іс-шара - қазақтың көрнекті ақыны, ойшыл және ғалымы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығы аталып өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ауқымды іс-шараға қатысу мақсатымен барған сапарым Ескелді шатқалындағы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының кесенесіне соғып, ақынның рухына тағзым етуден басталды. Ауа-райына және жолдың алыстығына қарамастан, халқымыздың дара тұлғасына құрмет көрсетуге келген адамдардың көп болғаны қуантты. Әрі қарай машһүртанушылардың республикалық жиынына қатыстым. Ғалымдар Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мәдениетке, руханиятқа және ғылымға қосқан үлесі, сондай-ақ оған арналған жаңа еңбектер туралы баяндады, - дейді Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

Оның айтуынша, кездесу «Мәшһүр жол» аудиокітабы мен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының таңдаулы шығармаларының 10 томдығының тұсаукесерімен аяқталды.

Жақында біздің министрлік ақын шығармаларының екі томдық жинағын шығарып, Астанадағы Ұлттық кітапханада тұсаукесерін ұйымдастырған болатын. Сондықтан біз осы кітаптарды өңірлерге таратып, барша қазақстандықтарға қолжетімді болуы үшін күш саламыз. Машһүртанушылардың кездесуі - осы күні өткен іс-шаралардың бірі ғана, - деді ол.

Ескелді шатқалында Павлодар облысының  қалалары мен аудандарынан жиналған жүзге жуық киіз үйден тұратын этноауыл бой көтерді. Қонақтар дастарханнан дәм татып, әртістердің өнерін тамашалап, мерекелік көңіл-күйді толықтай сезіне алды.

Жақын жерде орнатылған үлкен сахнада бір күн бұрын өткен «Көне ғасыр күмбірі» атты жыршы және термешілер байқауының финалистері өнер көрсетті, сондай-ақ «Алты алашқа жайылып кеткен атым» республикалық ақындар айтысының финалы өтті. ҚР Парламенті Мәжілісінің Спикері Ерлан Қошанов Мемлекет Басшысы - Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып, салтанатты іс-шараны ашты. Естеріңізге сала кетейін, санаулы күн бұрын ғана Президент Павлодар облысына келіп, маңызды тапсырмаларының қалай орындалып жатқанын жеке бақылап кеткен болатын, - деді ол.

Бұл күні Иса Байзақов атындағы облыстық филармонияның әртістері мен облыс қалалары мен аудандарының шығармашылық ұжымдары көрермендерді өз өнерлерімен қуантты. 

Бұдан бөлек, этноауылда көкпар, топ бәйге, аламан бәйге және қазақ күресінен сайыстар өтті. Сондай-ақ, еліміздің барлық өңірінен жиналған шеберлердің қатысуымен қолөнершілер жәрмеңкесі өтті.

Мұндай іс-шаралардың мақсаты - халқымыздың ұлы тұлғаларының рухани мұрасын сақтау және насихаттау. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қазақ мәдениетіне үлкен үлес қосып, ұлттық құндылықтарымызды нығайту үшін еңбек етті. Мұндай адамдар, сөзсіз, бүкіл қазақ халқының мақтанышы. Сондықтан біздің министрлік асылдарымыздан қалған мол мұраны болашақ ұрпаққа жеткізу бағытында  жұмысын одан әрі жалғастырады, - деді министр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға