Жаңалықтар

Баянауыл тауларында орман өртіне тосқауыл қойылды

Баянауыл тауларында орман өртіне тосқауыл қойылды
Фото: ТЖД баспасөз қызметі 07.07.2023 10:12 884

Жаз басталғалы бері еліміз бойынша орман мен жазық даладағы өрттер толастамай тұр. Бүгін Павлодар облысындағы Баянауыл ауданындағы орман өрті сөндірілді,  деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тілсіз жау таңғы сағат 06:55-те тартылған күштер мен құралдардың қабылдаған шараларының арқасында Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы толықтай ауыздықталды. Өрт шарпыған аумақтың жалпы ауданы 4,7 гектарды құрады. Жанудың алдын ала себебі найзағай түсуінен болып отыр. 

2023 жылғы 6 шілдеде сағат 16.10-да 112 пультіне Баянауыл ауданында Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағындағы ашық аумақта құрғақ шөптер мен бұталардың жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Өртті сөндіруге ТЖД 6 қызметкер мен бір бірлік техника, орман шаруашылығынан 23 адам мен 7 бірлік техника, сондай-ақ бір авиаборт жұмылдырылды, - деп жазылған Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметі таратқан ақпаратта. 

Бұл ретте Павлодар облысы ТЖД азаматтарға өрт қауіпсіздік ережелерін сақтауды қатаң ескертеді. 

Бұған дейін ШҚО-дағы Ұлан ауданындағы орман өрті оқшауланды. Сондай-ақ, Іле-Балқаш резерватындағы қалың қамыстағы жалынға тосқауыл қойылды. Сонымен қоса, кеше Қарқаралы ауданындағы орман өрті дер кезінде сөндірілген болатын. 

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға