Жаңалықтар

Баянауыл – аңыздар мекені

Көрікті өңір
Баянауыл – аңыздар мекені
21.04.2017 10:25 13737

Алтын арқаның құтты мекені атанып жүрген бай қазыналы, көгілдір таулы көрікті өңірлердің бірі – Баянауыл жері. Қазақ халқының болашағын болжаған, дала данасы Асан Қайғы бабамыз Баян тауын көргенде "Ат ерін алмайтын жер екен. Бір түней кетемін деген адам, бір жұма тоқтап қалады" деген екен.

Баянауыл ауданының аймағы көне заманнан қазақ халқының атамекені болып табылады. Шөбі шүйгін, өрісі кең таулы аймақта малдың түр-түрін өсіруге өте ыңғайлы, әрі малшаруашылығының өсіп, кеңеюіне өте жақсы жағдай жасалған. Ертеде жоңғар шапқыншылығы кезіндегі қантөгіс ұрыстарда Қабанбай, Бөгенбай, Олжабай, Малайсары, Жасыбай, Байқозы, Шатша батырлардың бастауымен шайқастар өтті. Бұған куә – қазіргі бізге жеткен жағрапиялық тау, асу, көл мен елді мекен атаулары. Елдің есінде жоңғарлармен күрескен батырлардың ерлігіне байланысты түрлі аңыздар сақталған.

Баянауыл тарихының бір бөлігі 1826 жылы қазақ жерінде орыс әкімшілігін күшейту мақсатында қазақ ішінде Ертістің сол жақ жағалауына Баянауыл қазақтарының станциясы құрылды. Бұл кезде Баянауыл аймағы Қарқара сыртқы округінің әкімшілік басқармасына енді. Баянауыл тамаша табиғатымен ғана емес, мәдени тарихи мұраға бай өңір. Сондақтан Баянауылды айтқан кезде оның тарихи мұрасы байлығын айтпай кету мүмкін емес. Ертедегі үңгірлермен қойнаулардың қабырғасындағы жұмбаққа толы суреттерге, қорғандар мен балбал тастар ежелгі адамдардың қолымен жасалған. Әр тас, бұлақтар, реликтік өсімдіктер көнедегі жеріміздің әртүрлі пайдалы қазбалардың таңғаларлық сұлулығын паш етеді.

Түрік дәуіріндегі ескерткіштердің ең белгілісі балбал тастар болып саналады, әдетте бұлар шығыс жақтан немесе 7-8 метрлік көлемдегі шаршылы қоршауды көрсетеді. Балбал тастардан культтік түрік ескерткіштері ретінде дала мешіттері болып саналған. Мұнда түрік құдайларының мүсіндері орналасқан. Ер адам және әйел бейнесі мүсінделген. Түріктік балбал тастар кейіннен жай қыпшақтық бедерлерге әйел бетті кескіндемелерге ауысқан, бұлар моңғол уақытына дейін тұрды. Баянауыл археологиялық ескерткіштері көптеген ғылыми ақпаратты құрайды, мұнда көптеген ғалымдар зерттейтін ізденістер жатыр, бұлардың барлығы өте құнды, асыл қазына, ұлттық байлық болып саналады.

Баянауыл – Павлодар облысының оңтүстік-шығысында орналасқан Баянауыл ауданының орталығы. Баянауыл тауларының ортасында Сабындыкөл жағасында орын тепкен.

Баянауыл елдімекені 1985 жылы Ұлттық табиғи саябақ статусына ие болды. Саябақ табиғаты өте ерекше жаралған табиғатымен әйгілі: Баянауыл таулары батыстан шығысқа қарай 40-50 шақырым, солтүстіктен оңтүстікке қарай 20-25 шақырым. Ең биік нүктесі – Ақбет тауы, ол 1026 м биіктікте. Таулы-орманды оазис 450 шаршы шақырымды алып жатыр, оның негізгі ерекшелігі –Кемпіртас, Көгершін,  Найзатас, Аттың басы, Тас жастықтар секілді жаратылысы өзгеше  жартастарында. Баянауыл елі шеті аппақ болып көпіріп жататын Сабындыкөлдің жағасында орын тепкен. Көлдің ауданы 7,4 шаршы шақырымды алып жатыр. Әйгілі Жасыбай көлі тау сілемдерінің ортасында мен мұндалап тұр. Ауданы 4 шаршы шақырым.

Ер Жасыбай туралы жыр-дастандармен бірге аңыз әңгімелер де көп, олардың ел аузынан жазып алған нұсқалары Қазақ Ғылым академиясының кітапханасының қолжазбалар қорында сақтаулы. Ер Жасыбай – Орта жүз ішінде Арғынның  Бәсентин руынан шыққан батыр, Олжабай батырдың досы, апасынан туған жиені. Жауырыншы, құралайды көзге атқан мерген. Ел аузындағы аңыздарға сүйенсек, Жасыбай батырға азғана қолмен мыңдаған қалмақ қолын Баянтаудан аспауын тапсырған екен.  Жасыбай ержүректілік танытып, қалмақтарға аз ғана қолмен тойтарыс беріп, жерін аман алып қалған. Бірде Жасыбай сауытын шешіп, демалуға отыра бергенде қалмақтың Құба мергені жартаста тығылып тұрып, садағымен Жасыбай батырды атып мерт қылған. Аңғал батыр Жасыбай құлап түсіп, басын көтеріп серіктестеріне өсиет айтады: «Ердің құнын Олжабай жоқтасын, басыма Малайсары белгі орнатсын, артымда қалған жетімдерге Бөгенбай көз салсын». Сөйтеді де, ерен батыр көз жұмады...

Бұл кезде Олжабай, Бөгенбай, Малайсары батырлар жауды ойсырата жеңіп, той жасап жатыр еді. Оларға Жасыбай батыр дүние салды деп Қаз дауысты Қазыбек бидің баласы Бекболат кісі жібереді. Орны толмас қазаны естіп, қабақтарына қар жауып өкінген батырларға Бұқар жырау төгілген жырмен көңіл айтады. Қалың қол қайыса аза тұтып, Жасыбай батырдың сүйегін жартас таудың төбесіне қояды. Бөгенбай, Олжабай, Малайсары батырлар басына белгісі ретінде үш жас қайың ағашын отырғызады. Сол қайыңдар әлі өсіп тұр. Сол жер Жасыбай асуы аталады. Үш батыр Шойынды көлді ескерткіш ретінде Жасыбай көлі аталсын деп ұйғарады, міне, күні бүгінге осы атау сол күйінде, «Жасыбай көлі» болып аталып келеді.

Жасыбай, Сабындыкөл және Торайғыр көлдері жыл сайын мыңдаған туристерді қарсы алады, бұл үшін көл жағалауларында демалыс үйлері мен пансионаттар көптеп орналасқан.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға