Жаңалықтар

Баян Тойкебаева: Әйелдерді шешім қабылдау деңгейіне көтеру

Әйелдің қоғамдағы орны мен рөлі туралы мәселе қазіргі заманның жаһандық экологиялық-экономикалық проблемаларынан кейін екінші орында тұр
Баян Тойкебаева: Әйелдерді шешім қабылдау деңгейіне көтеру
Фото: жеке мұрағат 31.10.2022 10:03 3013

Қазір көптің талқысында жүрген өзекті мәселенің бірі – гендерлік саясат. Әйел теңдігі, олардың қоғамдағы орны туралы алуан пікір бар. Осы тақырып жөнінде айтар ойы бар «Қазақстан Әйелдер күштері альянсы» төрағасының орынбасары Баян Тойкебаеваны сұхбатқа шақырдық. Жуырда Президент Жарлығымен Баян Жұмашқызы «Ерен еңбегі үшін» медалін алған-ды.

 – Марапат құтты болсын!

Джон Кеннедидің жақсы бір тәмсілі бар «Еліңіздің сіз үшін не істей алатынын сұрамаңыз, еліңіз үшін өзіңіздің не істей алатыныңызды сұраңыз» деген. Мен Кеннедидің осы өсиетін өмірде басшылыққа аламын. 10 жылдан астам уақыт қоғамдық жұмыспен және қайырымдылықпен айналысып келемін. Еңбегім бағаланып, Республика күні Президенттің қолынан алғашқы мемлекеттік награданы алу күтпеген жаңалық болды. «Ерен еңбегі үшін» медалі қоғамдық жұмысқа белсенді араласқаным үшін берілді.

Алдымен қоғамдық жұмыста көзге түсіп, белсенді еңбек етуіме демеу болған альянстың төрағасы Раушан Сәрсембаеваға алғыс білдіремін. Бұл медель жұмысқа жауапкершілікпен қарауда ынталандырады.

– Елімізде гендерлік саясат қалай жүргізілуде?

Біздің маңызды міндеттің бірі – әйелдерді шешім қабылдау деңгейіне көтеру. Осы бағытта үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Қазақстан әйелдер күштерінің альянсы құрылған сәттен бастап үш жыл ішінде маңызды жетістіктерге қол жеткізді. Оған дәлел сайлау туралы заңға түзетулер енгізу және сайлау тізіміндегі әйелдер мен жастарға 30 пайыз квота белгілеу. Бұл өзгерістер мәслихаттар мен жергілікті атқарушы органдарда әйелдердің көбеюіне ықпал етті. Нәзік жандылар елдің саяси өміріне белсенді қатыса бастады. Енді жаңа саяси дода басталған кезде, бізде президенттікке үміткер әйелдер шықты. Әрине, ел тарихында болмаған жағдай.

Бұдан басқа, альянстың корпоративтік сектордағы әйелдер санын 30 пайызға арттыру туралы ұсынысты Мемлекет басшысы мен Үкімет те қолдады. Жуырда бұл бастаманың жалғасы ретінде «Самұрық-Қазына»АҚ мен Қазақстан әйелдер күштері альянсы арасында корпорацияның әйелдерін көшбасшылық және басқару қасиеттеріне оқыту туралы келісімге қол қойылды. Бұл еліміздегі ірі компаниялардың басшылығындағы әйелдердің үлесін арттыруға мүмкіндік береді. Барлығы 5 модуль болады, олардың шеңберінде әйелдерге корпоративтік басқару қағидаттары, құрылымы, функционалы, кеңес мүшелерінің құқықтары мен міндеттері үйретіледі. Бұл олардың құзыреттерін арттыруға септігін тигізеді.

Тәжірибе маңызды фактор болады, әр модульден кейін жобаға қатысушылар іс жүзінде не үйренгендерін дәлелдеуі керек. Осы мақсатта бүгінгі таңда 80 әйелді оқыту үстіндеміз.

Бұл бағдарлама гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін үлкен қадам екенін тағы да атап өткім келеді. Шешім қабылдау деңгейінде әйелдер неғұрлым көп болса, бір компанияның ішінде ғана емес, жалпы елде де өмір сапасы соғұрлым жоғары болмақ.

– Бүгінгі күндегі гендерлік саясаттың қазақ қоғамындағы болып жатқан үдерістерге әсері қандай?

Біздің елде көшбасшы әйелдер, саясаткер әйелдер көп болуы керек. Осы бағытта Қазақстанның әйелдер күштерінің альянсы қолдан келгеннің бәрін жасайды. Бүкіл ел бойынша әйелдердің саяси көшбасшылық мектептері іске қосылды. Осыған байланысты әйелдер саясаткерлер клубының басым рөлі барын атап өтпеске болмайды. Оның мүшелері әйел көшбасшыларды саяси ғылымдардың барлық даналықтары мен қыр-сырына үйретеді.

Клубтың мақсаты – білім мен тәжірибемен бөлісу, әйелдерге шешім қабылдау деңгейіне жетуге көмектесу. Менторлар – еліміздің белгілі әйел саясаткерлері, Сенат пен Мәжіліс депутаттары. Олар өз тәжірибелерімен бөлісу арқылы, басқару дағдыларын, бәсекеге қабілетті болуға, этика және саясатта қажет басқа да қажетті сырларымен бөліседі. Негізгі міндеттеріне келетін болсақ, әйелдерге қажетті саяси дағдыларды үйрету, қоғамдық-саяси, заңнамалық жұмысқа, сондай-ақ мемлекеттік құрылымдар мен атқарушы билік органдарына ұсыну үшін әйелдердің кадрлық резервін қалыптастыру және әйел көшбасшыларын танымал ету.

Бүгінде нәзік жандылар ел өміріне белсене араласты. Саясаткер әйелдер клубы, саяси көшбасшылық мектептері әйелдердің саяси көшбасшылығын дамытуға айтарлықтай үлес қосуда. Келесі жылы елдегі саяси жағдайға ықпал ете алатын және шешім қабылдай алатын әйелдер көшбасшылары бірнеше есе артады деген үміттемін.

– Гендерлік саясаттан не ұтамыз, неден ұтыламыз?

Азаматтық қоғамның даму процесі қазіргі әлемдегі ерлер мен әйелдердің рөлдерінің сөзсіз өзгеруіне әкеліп отыр. Яғни, әйелдер шешім қабылдауға көбірек қатысады. Гендерлік теңдікті жан-жақты қорғау дамиды, оның этникалық және әлеуметтік-мәдени аспектілері ескеріледі. Әйел отбасындағы теңдікке, ерлі-зайыптылар арасындағы міндеттерді үйлесімді бөлуге тырысады. Олар тәуелсіз болды, өзін тек отбасында ғана емес, сонымен қатар оның шегінен тыс, кәсіби салада жүзеге асыруға ұмтылды. Бүгінде әйелдер мемлекеттік басқаруға қатысады, маңызды саяси шешімдер қабылдайды, қоғамдық қызметті дамытады, ірі бизнес-жобаларды іске асырады. Сіз не істесеңіз де, бұл үлкен жауапкершілік пен жанмен жасалады, сондықтан лайықты қошемет пен құрметке ие.

Жаңа Қазақстанның тұжырымдамасына сәйкес ана мен баланы қорғау, әйел кәсіпкерлерді қолдау, көп балалы аналарға, асырап алушы отбасыларға көмек көрсету, әйелдерді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, аға ұрпаққа қамқорлық жасау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары болып қала береді. Оның ішінде, заңнамалық реттеу деңгейінде.

Бүгінде Қазақстанда әйел кәсіпкер жұмыс орнын құруда шешуші рөл атқарады. Елде 737 мыңнан астам әйел кәсіпкерлер бар. Соңғы статистикаға сәйкес, шағын және орта бизнестің 43 пайызын әйелдер басқарады. Жеке кәсіпкер үлесі бойынша 77 пайызы әйелдерге тиесілі. ШОБ секторындағы барлық жұмыс орындарының шамамен 1/3 бөлігін (1 млн адам) кәсіпкер әйелдер қамтамасыз етеді. Бұл 2011 жылдан бері тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Жалпы, әйел кәсіпкер елдің ЖІӨ-ге қосқан үлесі 40 пайыздан асады.

– Қазіргі кезде қазақ әйелінің қоғамдағы рөлі?

 – Әйелдің қоғамдағы орны мен рөлі туралы мәселе экологиялық-экономикалық проблемадан кейін – екінші орында тұр. Біздің ұйым көптеген қоғамдық ұйымдармен серіктестік орнату шарасын қарқынды жүргізеді.  

2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы іске асырылуда және қоғамдағы әйелдердің құқығы қорғау жұмысы қолға алынуда.

Бұдан басқа, Қазақстанда әйелдерге арналған қаржыландыруды, оқытуды, консультация беруді және жеңілдікпен кредит беруді көздейтін әйелдерді қолдаудың бағдарламалары мен жобалары жұмыс істейді. Мұндай шаралар гендерлік алшақтықты азайтуға және тұтастай алғанда елдегі экономика мен қоғамның дамуына жағымды әсер етуге арналған.

10 жылда алғаш рет Қазақстан Гендерлік теңдік бойынша көрсеткіштерді жақсартып, Жаһандық гендерлік алшақтық индексінде 80-нен 65-орынға көтерілді. «Экономикалық қатысу және мүмкіндіктер» көрсеткіші бойынша рейтингте Қазақстан 18 орынға көтеріліп, 29-орынға тұрақтады. Бұл ретте әйелдердің күтілетін табыстылығы 2021 жылға қарағанда 9 пайызға, ал ер азаматтарда 1.5 пайызға төмендеді.

– Қазақстанда қанша әйел министр, депутат, қанша әйел әкім бар?

–  Елімізде 49 сенат депутаты бар, оның ішінде, 10-ы депутат әйелдер. Ал мәжілісте 107 депутаттың 26-cы әйелдер. Министрлікте – 2, яғни 16 министрдің ішінде.

– «Қайырымдылық керуені» байқауы туралы айта кетсеңіз?

«Қайырымдылық керуені» байқауы республика бойынша ұйымдастырылуда. Осымен дәстүрлі түрде бесінші жыл қатарынан өтуде. Байқау игі іс жасайтын, қол ұшын созатын жандарды анықтауға, халықтың азаматтық бастамасын жандандыруға және мейірімділік, гуманизм сияқты адамгершілік құндылықтарды нығайтуға бағытталған. Былтыр марапаттау Түркістан қаласында болса, енді Астанада өтеді.

Лауреаттар «Асар», «Туған жер», «Батыл жүрек», «Мейірім жолында», «Қайырымдылық тарихы», «Бала жүрегі», «Жануарға мейірім» сияқты жеті номинация бойынша анықталады. Байқауға әлеуметтік, қоғамдық мәселелерді шешуге үлестерін қосатын, өзгелерді өздерінің игі ісімен ынталандыратын жеке және заңды тұлғалар қатыса алады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға