Жаңалықтар

Баян Өлгий аймағының қазағы Моңғолияның халық жазушысы атанды

Моңғолия мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер Сұлтан Тәукейұлына «Халық жазушысы» атағы берілді
Баян Өлгий аймағының қазағы Моңғолияның халық жазушысы атанды
Фото: kaznews.mn 25.11.2022 14:28 1913

Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүхтің жарлығымен елдің Баян-Өлгий аймағында тұратын қазақ Сұлтан Тәукейұлына Халық жазушысы атағы берілді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Кaznews.mn сайтына сілтеме жасап.

Республика құрылғанына 98 жыл, Ұлы император Шыңғыс ханның туғанына 860 жыл толуына орай Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх жарлық шығарып бірқатар азаматтарға мемлекеттік жоғарғы атақ, орден, медальдер табысталды.

Осы орайда Моңғолия мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер Сұлтан Тәукейұлына «Халық жазушысы» атағы берілді.

Ол «Моңғолдың құпия шежіресі», «Ежелгі Моңғол патшаларының ұлттық энциклопедиясы» сияқты тарихи дереккөздер, «Моңғол халық мақал-мәтелдері», «Моңғолия Конституциясы» қатарлы туындыларды қазақ тіліне аударып, қазақ оқырмандарына ұсынған.

Сонымен қатар, «Құран карим», «Ислам туралы негізгі мәліметтер», Абай Құнанбаевтың «Қара сөздері» қатарлы туындыларды моңғол тіліне аударып, халық ағарту ісіне зор үлес қосқан.

Сұлтан Тәукейұлы 1944 жылы 17 қарашада Монғолияның Баян-Өлгий аймағында туған.

1966 жылы Моңғолия университетін бітірген. Экономика ғылымының кандидаты. Мемлекет, қоғам қайраткері. Моңғолия Халық Республикасында Сауда министрлігі департаментінің бастығы, аудандық, қалалық, аймақтық партия комитеттерінің екінші және бірінші хатшысы болған.

Моңғолия Республикасының Парламент мүшесі болып сайланған. Монғолияның Венгрия, Австрия елдеріндегі төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарған.

Сұлтан Тәукейұлы мемлекеттік жауапты қызметтерде жүріп, 1964 жылдан бастап әдебиетпен шұғылданып, проза, драма, аударма жанрларында жемісті еңбек етіп келеді. Оннан аса кітаптың авторы.

Шығармаларын екі тілде – қазақ және монғол тілдерінде жазады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға