Жаңалықтар

«Баяғы жартас – сол жартас»: Бектенов өңір басшыларын сынға алды

«Баяғы жартас – сол жартас»: Бектенов өңір басшыларын сынға алды
Фото: Үкімет 20.08.2024 11:33 487

Алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралған Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов жылыту маусымының басталуына бір айдан сәл астам уақыт қалғанын және басшылардың көпшілігі дайындық туралы сенімді сөйлеуге тырысса да жұмыстың нәтижелі болатынына сендірмейтінін атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет басшысы жұмыстардың ауқымды бөлігін ең соңғы күндерге қалдыру қалыпты әдетке айналғанын, яғни, дұрыс жоспарлау жоқ екенін баса айтты.

Мәселен, Қарағанды облысын алайық. «Qarmet» компаниясының 2-ші ЖЭО-сындағы 2-ші қазандықты жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталған жоқ. Оның үстіне 1-ші қазандықты күрделі жөндеу сол күйі басталмаған. №7 қазандықты жөндеу жұмыстары да бекітілген кестеден кешігіп жатыр. Ал өткен мамыр айында осы мәселені қарағанымызда облыс әкімі 7-ші қазандық мерзімінде іске қосылады, деп мәлімдеген болатын. Маңғыстау облысында МАЭК-тің 1-ші жылу электр орталығындағы №4 турбинаны күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған жоқ. Сондай-ақ 2-ЖЭО-да құжаттар уақтылы дайын болмағандықтан, мердігерді анықтау мүмкін болмай отыр. Бұл ретте Үкімет тарапынан МАЭК-ті дамытуға қомақты қаражат бөлінді.

Біздің отырыстарымыз бен кеңестерімізде облыс әкімдеріне осындай осал тұстарға назар аудару туралы бірнеше рет айтылды. Сонымен қатар жөндеу науқаны кезінде тәуекел тудыруы мүмкін нақты жағдайларды атап көрсетіп, шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі туралы тапсырмалар да берілді. Алайда, 3 ай өтті, баяғы жартас – сол жартас, өзгеріс шамалы. Сол өңірлер әлі артта, сол баяғы кешіктіру, кейінге шегеру. Энергетика министрлігі кәсіпорындарға жылыту кезеңіне әзірлік паспорттарын бере бастады. Жылу орталықтарың әзірлік паспортын беруден бас тартылған жағдайда сол өңірлерде әкімдердің жетекшілік ететін орынбасарларының тікелей жауапкершілігі қаралатын болады, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Олжас Бектенов көмір мен мазут жеткізу мәселелерін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Үкімет отырысында премьер-министр жауапты министрлер мен облыс әкімдерінің назарын стансаларды отын қорымен қамтамасыз етуге аударды. Конкурстық рәсімдердің кеш өткізілуіне байланысты сұрақтар туындап отырғаны баса айтылды.

Мәселен, Энергетика министрлігі стансаларға арналған мазутты тым кеш, яғни 15 тамызда үлестіріп берді. Логистиканы, қауырт жұмыс барысында туындайтын цистерна мен вагон тапшылығын және басқа да мәселелерді ескеретін болсақ, мазут пен көмір қоры уақтылы дайындалады дегенге сену қиын.

Біз Үкіметте көмір тасымалында дүрбелең туғызбай, вагон тапшылығын болдырмау үшін шарттарды ерте жасау, жеткізу кестелерін бекіту қажеттігі туралы бірнеше рет айттық. Өнеркәсіп және көлік министрліктеріне көмір мен мазут жеткізу бойынша ҚТЖ мен өңірлердің міндеттемелерін орындау мәселелерін қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын, — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға