Жаңалықтар

Байқал ма, Байкөл ме?!

Шығыс Сібірдің оңтүстігіндегі әлемдегі ең терең көл және ең ірі тұщы судың табиғи сутоғаны Байкал бар.
22.10.2015 07:15 7595

Барлық елді-мекеннің, өзендер мен көлдердің атауының не тарихы бар, не сол туралы аңыз бар. Аңыздың да түбі ақиқаттың ауылына, тарих тамырына апарады. Әрбір жердің атауы – сол жердің өткен тарихы.

Байқал ма, Байкөл ме?!

Шығыс Сібірдің оңтүстігіндегі әлемдегі ең терең көл және ең ірі тұщы судың табиғи сутоғаны Байкал бар. Көл іші мен жағалауы өте бай флора мен фаунасымен ерекшеленеді. Жергілікті тұрғындар тарихи көлді «теңіз» деп атайды. Кейде оны қазақылап Байкөл деп жатамыз. Ал аңыздарға сүйенсек, ол Байқал деген сөзден таратылады.

Ертеде барлық Сібірді билеп-төстеп жүретін бір бай адам болыпты. Байлығына батырлығы сай болып, барлық Сібірді аузына қаратыпты. Сондықтан Байқалдың лақап аты «Сібір» атаныпты.

Байқалдың байлық, батырлық-ерлік, жақсылық қасиетіне қоса қаһары, ашуы да қатты екен. Байқалдың бір іске көңілі түспей, ашуы келсе, ол бетін түстікке бұрып қараса, барлық Сібірдің келбеті өзгере бастайды екен: күн өздігінен суытады, аспан түнеріп бұлттанып, бұлттар ерсілі-қарсылы көшіп, қар, жаңбыр жауып, жел соғып, теңіз тулап жағаны соғып, орман да бойын жазып тік тұра алмай еңкейіп басын иіп мөлиіп қалады екен. Жер бар сырын ішіне тартып, тоңып қатып қалатын болыпты. Жануарлар батырдың бұл қаһарына шыдамай, бойын көрсетпей, бас паналап көрінген ін-шұңқырға тығылып, батырдың ашуының қайтуын күтеді екен. Ал батырдың ашуы қайтса, бетін терістікке бұрғаны. Онда манағы құбылыстың бәрі өзгеріп, барлық Сібір жайбарақаттыққа айналып, барлық жаратылыс рақат табады екен.

Байқалдың Зарлық деген жалғыз қызы бар екен. Ол қыз дүниеде теңдесі жоқ Аңғара деген батырға ғашық екен. Жастардың бұл сырын білсе, Байқал барлық Сібірді екінші түрге айналдырып жібереді, өйткені бір жорықта Аңғарамен кездесіп қалып, екеуі бірін-бірі көрместей болған екен. Екі ғашық Байқалдың бұл мінезін біліп, енді не істерін білмей дағдарысады. Сөйтіп жүргенде бұлардың сырын Байқал сезіп қалып, алдымен қызы Зарлықты өлтірмекші болып ұмтылады. Зарлық қорқып тауға барып тығылады. Сол тау артынан «Мұңлық- Зарлық» атанады.

Ал Аңғара қорықпайды, бірақ атасына қарсы келмей бетін солтүстікке қаратып, жан-жағына қарап тұрды да, алға жүре беріпті. Бұл кезде Байқалға да ой түсті ме, ойланып артына қарай-қарай тартып отырады.

Ал Байқал осы қылған қаталдығына өкініп, жер бауырлап жата кеткен екен. Қайғысының күштілігінен жер ойылып, түпсіз терең көлге айналыпты. Одан шыққан су Аңғараның ізімен жүріп, ағып отырып үлкен өзенге айналыпты.


Әзірлеген: Досжан Мейірім

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға