Байқадам Қаралдин
ҚАРАЛДИН Байқадам [18.12. 1877, бұрынғы Торғай уезі, Қараторғай болысы, ғ1 а. (қазіргі Қостанай обл. Амангелді ауд. Байқадам а.) – 30.5.1930, Семей қ.] – қоғам және мемл. қайраткері. Қ. 1891 ж. Торғай орыс-қазақ екіжылдық уч-щесін бітіргеннен кейін уездік басқармада есепші және көшірмеші болып істеген. 1903 ж. үлгілі қызметі үшін уездік басқармаға үшінші разрядты шенеунік болып қабылданды. 1911 ж. аудармашы қызметіне жоғарылатылды. Қ. 1909 – 10 ж. Торғай және Сырдария облыстарының қыстақтарын зерттеуге белсене араласып, Страховск бөгенін салуды басқарды. 1916 жылғы Торғай көтерілісінің қарсаңында уезд бастығы Гарф пен губ. Эверсманға патша жарлығына наразы халықтың талаптарын түсіндіруге күш салды. 1916 жылғы 8 желтоқсанда Қ. бірқатар көтеріліс басшыларымен бірге патша өкіметіне опасыздық жасағаны үшін дарға асу жазасына кесілді. Оның бұл жазадан құтылуына Ресейдегі ақпан төңкерісі себеп болды.
Қ. қазан төңкерісінен кейін Торғай уездік халық комиссары болып, бұл қызметін 1918 жылғы мамыр айына дейін атқарды. Уезде Кеңес өкіметі қалпына келтірілген соң Торғай уездік атқару к-тінің төрағасы болып сайланды. Бір жылдан кейін Ә.Жангелдин, А.Байтұрсыновпен бірге Мәскеуге барып, үкімет басшыларымен болған Алашорда мәселелері бойынша келісімге қатынасты. 1919 ж. тамызда жаңадан ұйымдастырылған Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару жөніндегі әскери-рев. к-ттің хатшысы болып тағайындалды. 1920 ж. маусымда Торғай уездік атқару к-тінің мүшесі және жер бөлімінің меңгерушісі болып сайланды. Ол Жангелдинмен бірге РКФСР ХКК-нің 1919 жылғы 10 шілдедегі “Қырғыз (қазақ) өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет туралы” декретінің жобасын әзірлеуге қатысты. В.И. Ленин қол қойған бұл декреттің Қазақ ұлттық мемлекетінің құрылуына негіз болғаны белгілі. КСРО-да бай-кулактардың мал-мүлкін тәркілеу науқаны басталғанда Қ. де заңсыз айыпқа тартылды. Өзін жазықсыз жападан арашалап алу үшін Қызылордаға барған Қ. дереу тұтқындалып, кешікпей Семейде атылды. Қазақ КСРО Жоғ. соты алқасының 1960 жылғы 18 ақпандағы шешімімен ОГПУ “үштігінің” 1930 жылғы 25 мамырдағы үкімі негізсіз деп танылып, Қ. толық ақталды. Қазір Қостанай обл. Амангелді ауд-ның бір елді мекені Қ. есімімен аталады. Оның ұрпақтары арасынан көрнекті композитор Бақытжан Байқадамов, Қазақ КСР халық артисі Айсұлу Байқадамова, қаламгер Данабике Байқадамова, Құрманғазы атынд. Қазақ ұлттық консерваториясының проф. Күнімжан Байқадамова еліміздің белгілі азаматтары болды.
Т. Рсаев
"Қазақ энциклопедиясы"