Жаңалықтар

Бауыржан Момышұлының рөлін сомдағым келеді – жас актер

Театр және кино актері Дидар Төлегенмен сұхбат
Бауыржан Момышұлының рөлін сомдағым келеді – жас актер
Фото: жеке мұрағат 22.11.2022 20:00 3833

Бүгінде театр мен кино әлемінің қоғамда алатын орны зор. Көрерменнің оқиғаны шынайы қабылдап, кейіпкерлерді ұнатуына себеп болатын да – актерлер. Ендеше сүйікті қойылым мен фильмдегі рөлді сомдайтын шығармашыл тұлғалардың жұмысында қандай қиындықтар кездеседі? Замануи жас актерлердің өнер саласына деген көзқарасы қандай? Осы сұрақтардың жауабын білу үшін театр және кино актері Дидар Төлегеннен сұхбат алдық.

- Өзіңізді оқырмандарға таныстыра кетсеңіз.

- Мен Алматы қаласында дүние келдім. Жасым 21-де. Мектепті бітіргеннен кейін университетте «Музыкалық драма театр актері» мамандығы бойынша білім алдым. Қазір театр мен кинода түрлі рөлді сомдаймын.

- Өнер жолы ауыр жол деп жатады. Осындай ауыр жолды таңдауыңызға кімнің ықпалы болды?

- Шыны керек, бұл мамандыққа оқуға түсуімнің өзі қызық болды. Әкем мен туған-туысымның басым көпшілігі Ұлттық қауіпсіздік комитетінде қызмет етеді. Олар да менің дәл осы саланы таңдағанымды қалады. Алайда мен әкем қалаған оқуға түспедім.

Жалпы өнерге деген қызығушылығым мектеп кезінен басталды. «Байдың балалары» деген КТА-ның құрамында ойнадым. Бірақ 2 жылдан кейін жан-жаққа тарап кеттік. Содан соң 8-сыныптан бастап поэзияға қызыға бастадым. Кейін ағам Әділет Рахымбай сияқты диктор болғым келді. Дегенмен 11-сыныпқа дейін әкеме ешқандай қарсылық білдірмей, ол айтқан оқуға түсемін деп жүрдім. Осылайша ҰБТ тапсырған соң Политехникалық университетке барамын дедім. Сөйтіп, бір күні үйден шығып алып Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына қарай жол тарттым. Диктор Дариға Тұранқұловаға барсам, оқуға тек келесі жылы бір-ақ қабылдай алатынын айтты. Бірден көңіл-күйім түсіп кетті. Содан университеттің екінші қабатында кетіп бара жатып оң жағымдағы кабинетке қарап қалсам, «№66 аудитория Муздрама» деп тұр екен. Есігін ашқан сәтте актер Арман Гумаровты көрдім. Мені ішке қарай шақыртып алып, ән айтқызды. Қолымнан ұстап вокал кабинетіне дейін жетектеді. «Апай, мен бір күшті әнші жігітті тауып алдым. Дауысы сондай керемет!» деді ол. Ал мен өмірімде әнмен кәсіби түрде айналысып көрмегенмін. Десе де әнімді айтып, бар өнерімді көрсеттім. Сөйтіп, мұғалім «Үйге барып дайындал» деп жауап берді.

Бір күні сол академияға Асхат Маемиров келеді. Бір кезде «Сен мектеп оқушысың ба? Бері шықшы» деген дауысы естілді. Қобалжысам да поэзия оқып, ән орындадым. Ол қателігімді бетіме айтып, мені жерден алып, жерге салмасы бар ма?! Сонда да емтихан тапсыруыма рұқсатын берді.

Әбден дайындалып барып, шығармашылық емтихан болатын күні әнімді айтып, биімді биледім. Нәтижесінде 80 ұпайды толығымен алдым. Әкеме оқуға түскенім жайлы тек грант ұтып алғаннан кейін барып айттым. Басында үндемей қалғанымен, артынан қолдау білдірді.

- Қазақстанда жас актерлерге тез танымал болуға мүмкіндік бар ма?

- Танымал болу үшін адам өзімен жұмыс істеуі керек. Бастысы – актерлік қабілетін шыңдауы қажет. Бет-әлпетіне, киген киіміне, жүріс-тұрысына мұқият қарауы тиіс. Одан бөлек тіл оқып, өзін жан-жақты дамытқаны дұрыс. Актердің елге танылуы «бағының» жанып кетуіне де байланысты. Әркім өз еңбегіне қарай жемісін көреді ғой.

Ал негізінен алып қарағанда жас актерлерге барлық жағдай жасалған десем де болады. Аянбай тер төккен әрбір адам өз мақсатына жететіні айқын.

- Бүгінгі қазақ киносы даму үстінде. Кейінгі жылдары көрермен жоғары бағасын берген комедиялық, драмалық кинолардың саны артты. Сізге қай жанрда ойнаған көңіліңізге жақын?

- Драма, атыс-шабыс сынды түрлі жанрдағы фильмдер ұнайды. Көбіне жақсы жігіттің рөлін сомдаймын. Болашақта жағымсыз кейіпкерді де ойнап көргім келеді. Әзірге ондай рөлді сомдап көрген жоқпын.

- Еліміздегі кино саласында қандай кемшіліктер бар?

- Аса қатты бір астын сызып айтарлықтай кемшілік көп емес. Кино саласы жыл сайын даму үстінде. Бұрындары көптеген жобаға мемлекеттен қаржы беріле қоймайтын. Қазіргі таңда шамамен 72-ге жуық жобаға мемлекеттен ақша бөлінген. Егерде мұндай жобалардың санын арттыратын болса, тағы да басқа актерлерге мүмкіндік көбейетін еді деген ойдамын.

Бауыржан Момышұлының рөлін сомдағым келеді – жас актер

- Сізді көрермен «Oina» телесериалындағы Жасұлан ретінде таниды. Арбаға таңылған ұлдың рөлін сомдау қиын болған жоқ па?

- Басында режиссер «Дидар, сен мүмкіндігі шектеулі кейіпкердің рөлін сомдайсың. Қарсы емессің бе?» деп сұрап алды. Мен келістім. Бірақ бастапқыда арбаға отырудың өзі біртүрлі болды. Кейіннен үйреніп кеттім. Ал образыма келер болсам, Жасұланды сомдап шығу қиын болған жоқ. Себебі бұл кейіпкермен ұқсастығымыз көп. Телесериалда өзімді ойнап шыққандай сезіндім. Тек бір айырмашылығы, Жасұлан сияқты ашуланшақ емеспін.

- Қазір Қазақстанда тарихи киноларды түсіруде басымдық бар секілді. Тарихи тұлғаның образында ойнағыңыз келе ме?

- Әрине. Тіпті тарихи рөлді сомдаған кезім де болды. «Сарай сыры» телехикаясындағы Жәңгір ханның үлкен ұлы Ескендір ханзаданы ойнадым. Маған қатты ұнады. Өзімді өткен ғасырға тап болғандай сезіндім. Болашақта тарихи фильмдерде басты рөлді сомдауға ниетім бар.

- Сіз өзіңізді қай тарихи тұлғаны аша аламын, қай тұлғаға образыңыз сай келеді деп ойлайсыз?

- Өзімді Әбілқайыр хан, Дінмұхамед Қонаев, Сәкен Сейфуллиннің рөлінде сынап көргім келеді. Актер ретінде жетілгеннен кейін Бауыржан Момышұлының рөлін ойнап шығуға беретін болса, қатты қуанар едім. Себебі – ол мен үшін ең мықты, жақсы көретін тарихи тұлғаларымның бірі.

- Отандық режиссердің ішінде кімді жоғары бағалайсыз?

- Ақан Сатаев, Модияр Абдуқадыров, Айтөре Жолдасқали, Әлішер Өтевтің шығармашылығы ұнайды. Ақан Сатаевтың «Районы» деген фильмін көргенде тәнті болғанмын.

Қазіргі таңда жас режиссерлер мен актерлер пайда үшін емес, тәжірибе жинақтау мақсатында жұмыс істейді. Тіпті жас буынның кейбір жобалары шетел асып, түрлі номинацияларды жеңуде.

Енді білім алып жатқан болашақ режиссерлерге үлкен үміт артамын.

- Театрдағы ең күрделі, ең қиын образ кім болды?

- Алғаш рет сомдаған рөлім – Абай Құнанбаев болды. Сол үшін де ақынды ойнап шығу оңайға соққан жоқ. Ол кезде 3-курста оқитын едім. Басты кейіпкерді сомдамайтын шығармын деп сабақта ойын ойнап отыра бердім. Сөйтіп, режиссер Асхат ағай өзіне қарай шақырып алып, пьесаны оқытқызды. Осылайша 13-14 жасар бала Абайдың рөлін маған берді. Сахнада ойдағыдай өнер көрсеттім деп ойлаймын. Абайды сомдағанда мүлде бөлек әсерде болдым.

- Театр өнерін дамытуда әдістердің кәсіби деңгейі режиссердің ізденісінен бөлек, көрермендердің бағалай білуіне әсер етеді. Сіздің ойыңызша, біздің қоғамда театрды көру, театрға бару мәдениеті қаншалықты деңгейде дамыған?

- Бұрынғымен салыстырғанда анағұрлым жоғары деңгейге көтерілді деп есептеймін. Қазір дамыған заман. Не болса да барлығы әлеуметтік желі арқылы лезде тарап кетеді. Бірде көрермен «Ғашық жүрек» қойылымының үзіндісін TikTok-қа салып жіберіпті. Сөйтіп, сол қойылымды қоюға сахнаға шықсақ, бос орын жоқ, тұрып қарап тұрған көрермендер де көп болды. Сондықтан халық театрға барғанды қатты ұнатады деп айтсам қателеспеймін.

- Отандық және шетелдік жұлдыздардан кімді мойындайсыз?

- Отандық актерлердің ішінен Еркебұлан Дайыров, Дулыға Ақмолда, Ержан Нұрымбетті ерекше атап өтер едім. Ал шетелдік жұлдыздардың ішінде Леонардо Ди Каприоны үздік актер деп танимын. Өйткені оның сомдаған әр рөлінен ешқандай да жасандылық байқалмайды. Нағыз кәсіби актер.

- Сахнада орын алған бір қызық сәтіңізбен бөлісіңізші.

- Бірде «Абай-Тоғжан» қойылымын ойнап жатқан кезде аузым кеуіп, қатты шөлдеп кеттім. Содан сахнаның артына барған сәтте Оспанның рөлін сомдаған досым Жасұланнан су сурадым. Осылайша ол Оспан ретінде сахнаға шығып, «Смағұл, Абай ағамның түрі бозарып кеткен, шөлдеп тұр ғой деймін. Мен барып су алып келейін» дейді. Сөйтіп, сахнада су ішіп алғаным бар.

- Кейде актерлер бір рөлді сомдағаннан кейін сол кейіпкердің образынан шыға алмай қалып жатады. Өзіңіз мұндай жағдайға тап болып көрдіңіз бе?

- Бұрындары мұндай әңгімелерге сенбейтін едім. Бірақ актерлерде ондай сәттер болып тұратыны рас. 2-курс оқып жүрген кезде студенттермен бірге Антон Чеховтың «Чайка» атты пьесасын қойдық. Мен Константин Треплевтың рөлін сомдадым. Бұл кейіпкерді өзіме тым жақын қабылдап қойғаннан ба, ақ параққа «Мен Треплевпін» деп өмірбаянын жазып шықтым. Қойылымды қойған күні өзімді біртүрлі сезіндім. Дәл осындай сезімді алғаш рет бастан кештім.

Бауыржан Момышұлының рөлін сомдағым келеді – жас актер

- Әнмен кәсіби түрде айналысасыз ба?

- Университетке оқуға түскеннен соң кәсіби деңгейде ән айтуды үйрендім. Бірде «Ромео мен Джульетта» мюзкліндегі Бенволионың рөлін сомдау үшін дауысыммен көп жұмыс істегенім есімде. Ара-тұра Димаш Құдайберген келіп, өзінің ақылын айтып тұратын еді. Вокалмен әлі де біраз айналысу керек. Тіпті 10 жыл өзіңмен жұмыс істесең де жеткіліксіз болады. Үнемі дайындық үстінде жүру керек.

Алдағы уақытта алғашқы әнім жарыққа шығады. Болашақта актерлікпен бірге әншілікті де қатар алып жүру ойда бар.

- Әңгімеңізге рахмет!

 Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға