Жаңалықтар

Бауырластықты бекемдейтін сапар

Бауырластықты бекемдейтін сапар
Фото: Ақорда 08.08.2024 09:40 439

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевті әуежайдан қарсы алды. Сапар аясында екіжақты келіссөз жүргізіліп, бірқатар маңызды құжатқа қол қою көзделген. Осы орайда, бауырлас елдер арасындағы қарым-қатынастың даму бағытына көз жүгіртуді жөн көріп отырмыз.

Түбі бір түркілер

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы 23 қарашада басталды. Бұл ресми дата, әйтпесе екі елдің әлмисақтан ауылы аралас, қойы қоралас. Бұған тарихи деректер де дәлел. Оның үстіне, өзбектер алыс сапарға шығарып салған туысына «досың қазақ болсын» деп бата береді екен. Сол секілді қазақтар да «өз ағам» деп өзбек халқына ерекше ілтипат көрсетеді. Мұның өзі тарихи-мәдени байланысымыздың тереңде жатқанын білдірсе керек.

Тәуелсіздік алғаннан кейін түркілердің ұрпағы өзара байланысты нығайтуға бел шешіп кірісті. Мәселен, 1998 жылғы 31 қазанда мәңгілік достық туралы шартқа қол қойылды. Елдеріміз арасындағы бауырластықты бекемдей түскен тағы бір құжат – 2013 жылғы 14 маусымда қол қойылған стратегиялық әріптестік туралы шарт.

Сол секілді, 2022 жылғы желтоқсанда одақтастық қатынас туралы шарт жасалды. Бұл құжат екі елдің өзара тауар айналымын арттыру, инвестиция тарту, өнеркәсіп, фармацевтика, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік әлеуеті мен көлік логистикасы салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан халықаралық ареналарда бір-біріне қолдау көрсетіп келеді. Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттерінің ұйымы, Ислам ынтымақтастық ұйымы секілді іргелі ұйымдарға мүше. Әлем сарапшылары Қазақстан мен Өзбекстанды өңірдегі негізгі экономикалық қозғаушы күш ретінде қарастырады.

Қазіргі таңда ынтымақтастығымыз бүкіл бағыт бойынша серпінді дамып келеді. Мемлекет басшылары да стратегиялық серіктестік пен одақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі. Өзара ұстанымыз қарым-қатынасты одан әрі ілгерілетуге және екі елдің түбегейлі мүдделеріне сай келеді.

Экономикалық байланыстың басым бағыты

Кейінгі жылдары екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас тың серпін алды. Бұған ресми деректер де дәлел болады. Статистикаға сүйенсек, өткен жылдың қорытындысы бойынша оның көлемі 4,4 миллиард долларды құрады. Рас, 2022 жылы тауар айналымы 5 миллиард долларға жеткен. Айта кетерлігі, Қазақстан – Өзбекстанның басты сауда серіктесінің бірі. Қытай мен Ресейден кейінгі орында тұр.

Бірақ кейінгі жылдарда оң динамика анық аңғарылады. Мысалы, 2016 жылы сауда-экономикалық байланыс 1,8 миллиард доллар болатын. Осыдан-ақ алыс-берістің жыл өткен сайын артып келе жатқанын аңғару қиын емес. Ендігі міндет – тауар айналымын 10 миллиард долларға жеткізу. Бұған қол жеткізуге екі елдің де мүмкіндігі мол.

Қазіргі таңда өнеркәсіп, энергетика, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр. Инвестиция көлемі 2,5 миллиард доллардан асатын 60 бірлескен жоба бар. Соның аясында 13 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар құны 1 миллиард долларды құрайтын 21 жаңа бірлескен жоба пысықталып жатыр.

2022 жылы мемлекеттер басшыларының қатысуымен 6 инвестициялық жоба іске қосылды. Елімізде Саран қаласындағы «Артель» тұрмыстық техника өндірісі, Шымкент қаласында инфузорлық ерітінділер өндірісі, Қостанай қаласында «Chevrolet Onix» автомобильдерін шығару жолға қойылды. Өзбекстанда Фосфорлы және минералды тыңайтқыштар өндірісі, Ташкентте логистикалық орталық салу және тұрғын үй мен коммерциялық инфрақұрылым тұрғызу бастамасы іске асып келеді.

Сондай-ақ қазақ-өзбек шекарасында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орталығын салу жобасы да сәтті ілгерілеп келеді. Орталықтың 50 гектарды құрайтын аумағында өндіріс алаңдары ашылады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жолға қойылып, қоймалар орналастырылады, көлік инфрақұрылымы қамтамасыз етіледі. Бастама сәтті жүзеге асқаннан кейін өзара экономикалық және инвестициялық байланыс одан әрі дами түсетіні анық.

Алыс-берістің жайы осындай

Тағы бір маңызды жоба – UzKazTrade арнаулы бірлескен сыртқы сауда компаниясы. Бұл алаң нарықта тауарлардың түр-түрін сатуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бірнеше жұмыс тобы экономикалық кедергілерді жоюға арналған. Мысалы, кооперациялық жобаларға мониторинг жүргізетін арнаулы жұмыс тобы бар. Қазақстан тарапы бюрократиядан арылтуға жол ашатын e-permit электронды рұқсат беру жүйесін іске қосуды ұсынады.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, былтыр Қазақстанның Өзбекстанға экспорты 3,1 миллиард долларды құрады. Импорт көлемі 1,3 миллиард долларға теңесті. Еліміз негізінен бидай, көмір секілді тауарлар сатады. Мәселен, өткен жылы 3,5 миллион тонна бидай саттық. Оның жалпы құны 797 миллион доллардан асады.

Сондай-ақ басқа да экспортталған тауар көлемі артқан. Жартылай фабрикат өнімдер, сым мен темірден жасалған өнімдер жеткізу 15 пайызға артып, 935,3 мың тоннаны құрап отыр. Экспортталған көмір көлемі 2,5 есеге ұлғайып, 3,1 миллион тоннаға теңесті. Өз ағаларымыз Қазақстан ұнын да көбірек тұтына бастады. Былтыр ұн сату 25 пайызға артып, 536 мың тонна межені бағындырды. Сонымен қатар тыңайтқыштар (256,1 мың тонна), күнбағыс майы (158 мың тонна) секілді тауарларды жеткізу көлемі артқан. Тәтті сусындар сату үш еседен асып, 77,2 млн литрді құрады. Бауырлас мемлекетке 22,6 мың тонна балық пен ет экспортталды.

Өзбекстаннан негізінен көкөніс пен жеміс-жидек сатып аламыз. Мысалы, өткен жылы 267,6 мың тонна көкөніс, 183,9 мың тонна жеміс-жидек пен 7,2 мың тонна коньяк импортталды. Бұдан бөлек, керамикадан жасалған тақтайшалар, көлік, автомобиль бөлшектері, киім-кешек секілді тауарлар да әкелінеді. Бір айта кетерлігі, кей тауарлар бойынша импорт көлемі азайғаны байқалады. Бірақ жалпы алғанда екіжақты сауда бойынша оң динамика бар.

Транзиттік мүмкіндік мол

Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға барған сапарында Шавкат Мирзиёевпен кездесіп, бірқатар маңызды мәселе бойынша келіссөз жүргізді. Атап айтқанда, өзара тауар айналымын ұлғайту, энергетика, көлік, су шаруашылығы, IT салаларындағы ынтымақтастықты дамыту сияқты экономикалық ықпалдастықтың сан алуан мәселесі жөнінде пікір алмасқан-ды.

Осы кездесуде екі ел басшылары өңірдегі өзара ынтымақтастықты нығайту үшін Қазақстан мен Өзбекстанның теміржол әкімшіліктері арасында бірлескен кәсіпорын құру туралы бастамаға қолдау білдірді. Бұл бірлескен кәсіпорын Қытай – Қазақстан – Өзбекстан бағытындағы жүк тасымалын ұйымдастыру үшін қазақ-қытай шекарасындағы және Өзбекстандағы жүк терминалдарын өзара тиімді негізде пайдалануды мақсат етеді. Аталған жоба екіжақты сауданы жандандырып, тауар тасымалының көлемін арттыруға ықпал етеді, сондай-ақ оңтүстік бағыттағы жүк тасымалын ұлғайтуға қолайлы жағдай туғызады.

Транзиттік-көлік әлеуетін дамыту бойынша бірқатар жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісінің құрылысы басталды. Бұл Сырдария стансасына шығуға мүмкіндік береді. Бағыт «Сарыағаш» өткізу пунктінің транзиттік әлеуетін кеңейтуге және жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, «Үшқұдық – Қызылорда» теміржол желісі мен тасжолының жобасы пысықталып жатыр. Бұл жобалар тиімді жүзеге асқан жағдайда, өзара тауар айналымын 10 миллиард долларға жеткізу қиындық туғызбайтыны анық.

Мәдени байланыстың көкжиегі кең

Екі ел арасындағы туризм саласының да мүмкіндігі мол. Әсіресе, ортақ туристік маршрут жасау арқылы алыс-жақын шетелдерден мейман тартуға болады. Бұл әзірге енді-енді қолға алынып жатқан бастама. Әйтсе де, өзара туризмнің де ілгерілеп келе жатқаны аңғарылады. Мысалы, былтыр Өзбекстанға 1,4 миллион қазақстандық барған. Ал биылғы жарты жылдықта бұл көрсеткіш 668 мың адамды құрап отыр. Жалпы, 2018 жылдан бері 7 миллионнан астам қазақстандық Өзбекстанды аралап қайтқан екен. Дәл осы мерзімде елімізге 420 мың өзбекстандық азамат ат басын бұрыпты.

Өзара қатынасты жеңілдету мақсатында тікелей рейстер жолға қойылған. Мысалы, «Air Astana» мен «Узбекистон хаво йуллари» авиакомпаниясы Астана, Алматы және Ташкент қалаларына тұрақты рейстер жасайды. Үш жыл бұрын «Алматы – Самарқанд», «Ақтау – Үргеніш», «Ақтау – Нүкіс», «Ақтөбе – Нүкіс», «Түркістан – Ташкент» әуе рейстері ашылды. «Алматы – Ташкент» және «Алматы – Нүкіс» бағыттары бойынша теміржол қатынасы жолға қойылған.

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтында директоры Еркін Тұқымовтың айтуынша, бақылау рәсімдерін жеңілдету трансшекаралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді. «Ташкент – Шымкент, Ташкент – Тараз, Ташкент – Алматы, келешекте Ташкент – Астана жүрдек пойыз бағыттарын іске қоссақ, трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту нәтиже береді», дейді ол.

Мәдени-тарихи байланыстарымыздың да тамыры тереңде жатыр. Ташкент төрінде қазақтың үш биінің бірі – Төле би жерленген. Әлем танитын «Ялланың» жетекшісі Фаррух Закиров – Қазақстанның халық әртісі. Күні кеше Астанада халықаралық «Заковат» интеллектуалдық ойыны ұйымдастырылды. Елдеріміздің мәдени күндері ұйымдастырылып тұрады. Айта берсеңіз, екі елді байланыстыратын мұндай мәдени мысалдар өте көп. Мұндай жобалардың бәрі өзара байланысты нығайтуға бағытталған.

Бұдан бөлек, Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау мәселесі де маңызға ие. Сондай-ақ Орталық Азиядағы трансшекаралық өзендердің ресурсын тиімді пайдалану, Арал теңізінің тағдыры да күн тәртібінде тұрған мәселелер қатарында. Бұдан бөлек, терроризм және экстремизммен күрес те басым бағыттар саналады.

Қорыта айтқанда, түбі бір қазақ-өзбек тандемі өмірлік қажеттіліктен туған тамыры тереңге кеткен ынтымақтастық. Осы орайда, бірге әрі жұмыла әрекет еткенде ғана елдеріміздің орнықты дамуын қамтамасыз етуге болады. Демек, Өзбекстан Президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында көптеген маңызды келісімдер жасалатыны сөзсіз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға