Жаңалықтар

БАУЫРЛАСТЫҚ БӘРІНЕН БИІК

Қазақ-қырғыз қатынастары жөнінде
БАУЫРЛАСТЫҚ БӘРІНЕН БИІК
09.10.2017 16:10 8308

Қазақ-қырғыз қатынастарына сына түсетін реті жоқ. «Бір туғанбыз» деп біз де, олар да бұрыннан айтып жүрміз. Бауырластығымыз талай рет саясаттың тезімен бұрын да сыналған. Замандар өтті, ал бауырластық қалды.


Жамбыл ақын мен жазушы Мәлік Ғабдуллин ©egemen.kz

Екі ел елге тел ақын Жамбылдың өмірхаятының өзі неге тұрады? Қырғыз-қазақ Жамбыл баба үшін тіпті бір туған емес - бір халық-тын. Әйтпесе, Жамбылдың Қалмақасудан түсе қалып, «Қыз Жібекті» қалың қырғыздың ортасында жырлай жөнелетін реті бар ма еді? Бір туған жұрт болмасақ, сол «Қыз Жібек» Жамбылдың жырлауынан қырғыздардың жадында тап-тұйнақтай жатталып қалып, кейін ырлар ма еді? Сол «Қыз Жібек» менікі-сенікі демей-ақ, кешеге дейін жырланып келді қырғыз елінде.

«Бір туғандық тым артық, бауырластық та жетіп жатыр» дейтіндерге де көндік. Бауыр болсақ, бауыр болдық. Онда бауырластығымыз да жарасып тұр. Сүйінбай қырғыз Қатағанмен айтысын: «Атақты ас-жиынды құттықтауға, Бауырлас, қырғыз елі, саған келдік» деп бастады ғой. Сондағы Қатағанның шап бергенін араздықты емес, ақынды қоздыру деп түсінбек керек. Бүгіндері, айтыстың осы тамаша үлгісін екі елдің арасындағы алауыздықтың көрінісі деп кім айтады? Бұл керісінше, малы төскейде бір жайылып, жарасып отырған жұрттардың алыс-берісі емес пе?

Ағайынның арасы біржола бейбіт те мамыражай болады деген – бос сөз. Тіпті бір анадан тараған ұлдардың арасындағы өкпеге «нан пісіп» жатады. Өкпе, бірақ кек емес. Өкпе деген тек жақынға ғана болады. Бөтенге өкпе емес, ыза болар еді. Тұрмыстық қағытпа болмай тұрмайды. Қазақ қырғызды «сақау» десе, олар қазақты «маңқа» дейді. Кәдімгі, екі бауырдың асықты бөлісе алмағандағы жібек орамал кепкенше қылығы. Шекісіп қалған бауырлардың аздан соң түк болмағандай сықылықтап бірге ойнайтынын білеміз ғой. Ақыры бәрібір татулық болатынын біліп, араласпайтынымыз да сондықтан. Мұндай тұрмыстық шекіспекке май құйып, әрі қарай бықсыту ақылға қонбайды.


Омбы қаласындағы Шоқан Уәлихановқа ескерткіш ©mk.ru

Қырғыздың мүддесі олармен етене болған көп қазақтың ісінен көрінеді. Адамзаттың мәдени жақұты «Манасқа» мың жылдан асып кетті дейміз.  «Манастаануу»-дың негізін қалаушылардың бірі Шоқан Уәлиханов еді. Шоқанның «Манастың» фрагменттерін жазып алып қана қоймай, орысшаға аударғанын қалай қаны бөтеннің ісі деп айтуға болады? Ал кейін бұл жәдігерге Мұхтар Әуезовтың қайта шүйліккенін бауырмалдықтан басқа қандай контексте түсіну мүмкін? Режим тіміскілері әйгілі отыз жетіде әр адамды аңдып жүргенде, Әуезов «Манасты» зерттеп, түгендеп жүрді! Тіпті осы жырды бұрын-соңды болмаған ғылыми аппарат сүзгісінен өткізіп, нұсқаларын салыстырып тұрып жазды.


 Мұхтар Әуезов ©zheruiyq.kz

Есесіне - «Мұхтар Әуезовты қырғыздар аса зор құрметпен өзіміздің туған перзентіміз деп таниды...  Халқымыздың мұншалық қалтқысыз құрметі Мұхтар Әуезов «Манас» эпосының асқан білгірі және аса зерттеушісі немесе қырғыз әдебиетшілерінің досы және ұстазы болғандықтан ғана емес. Қазақ пен қырғыздың домбыраның қос ішегі секілді өз ара жақын және үндес, біз көшкен тағдырлар, біз өткен жолдар, біз кешкен тұрмыс- тіршілік әрқашан біртұтас; өткенде де бірдей еді, қазіргісі де бірдей» (Ш. Айматов).


Шыңғыс Айтматов ©khabar.kz

Айтматов демекші, ол неге қазақ-қырғыз бауырластығын насихаттап өтті екен? Әңгімелерінде ауыл мен айылдың, қазақ пен қырғыздың айырмашылығы жоқ. Ұлы гуманистке адам мен адамзаттың трагедиясын жеткізуге Боранды бекеттің қазағы жарай беріп еді. Дала мен таудың самалын жарыстырып емес, қабыстырып жазатын. Өле-өлгенше туысқандығымызды алға тартып .

Бұл бір отырғанда еске түсіре алған жақындығымыз. Былайынша құда-құдандалы, нағашылы-жиенді, жалғанда да, саудада да дос қазақ-қырғыздың санында қисап жоқ. Шекараның сызығы, саясат сияқты шарттылықтар осынша туысқандарды бұрын да бөле алмаған, қазір де мызғыта қоймас. Ал әнұранында «байыртадан бүткөн мүнөз элиме, досторуна даяр дилин берүүгө» деген қырғыз ағайынның мәңгі досымыз екеніне тіпті шүбә жоқ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға