Батыс Қазақстанда жол апатынан төрт адам қаза тапты
Батыс Қазақстан облысында жантүршігерлік жол апаты болып, төрт адам қаза тауып, тағы үшеуі ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 24 тамыз күні таңғы уақытта Казталов ауданы Жалпақтал ауылы тұсында болды.
Анықталғанындай, „ГАЗ-3102“ автокөлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай, жол шетінде тұрған „КамАЗ“ автокөлігімен түйіскен. Салдарынан 4 адам мерт болып, үш адам ауруханаға жатқызылса, оның екеуі — балалар. Жол оқиғасы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жол апаты салдарынан „ГАЗ-3102“ автоөлігінде жолаушы есебінде болған полиция қызметкері мен оның зайыбы көз жұмды. БҚО полиция департаментінің басшылығы мен жеке құрамы марқұмдардың отбасылары мен тума-туысқандарына көңіл айтады», деп хабарлады ведомстводан.
БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, 1982 жылғы екі ер адам және 1985 жылғы әйел оқиға орнында қайтыс болған. 1983 жылғы әйел ауруханада көз жұмды. Қазіргі уақытта ауруханада жатқан 2016 жылғы ұл баланың жағдайы өте ауыр. 2014 жылғы жасөспірім мен 1981 жылғы ер адамның жағдайы тұрақты дәрежеде ауыр. Дәрігерлер тарапынан барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде.