Жаңалықтар

Батыс Қазақстанда жоғалып кеткен 3 жасар бүлдіршін табылды

Батыс Қазақстанда жоғалып кеткен 3 жасар бүлдіршін табылды
Фото: © Polisia.kz 29.08.2023 20:20 941

БҚО полицейлері жоғалып кеткен 3 жасар бүлдіршінді анасына тауып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Polisia.kz-тің мәліметінше, 28 тамыз күні сағат 22:00 кезінде Жәнібек аудандық полиция бөліміне 32 жастағы Жәнібек ауылының тұрғыны хабарласып, 3 жасар Айару есімді қызының жоғалып кеткені туралы айтып, арыз қалдырған.

Ауыл тұрғыны Жәнібек ауданының Ұзынкөл ауылына қонаққа бара жатып, жолшыбай мінген автокөліктен қызы екеуі түсіп қалған. Қараңғы түскен уақытта әйел қызымен келе жатып, кенет қызынан көз жазып қалған. Бойын үрей билеп, бірден жан-жағынан іздеп қарай бастайды, бірақ нәтиже болмаған соң полиция қызметкерлеріне хабарласқан.

Кішкентай бүлдіршінді іздеуге полиция бөлімінің барлық жеке құрамы жұмылдырылып, іздеу жұмыстары түнімен жүргізілді. Іздеу іс-шарасына 200-ден астам полиция қызметкері қатысып, соның ішінде шекара, төтенше жағдайлар қызметі, әкімдік және жергілікті ауыл тұрғындары, барлық аудан қызметтері ат салысқан.

Іздеу салынған Айару таңғы 04:00-де шекара қызметінің кинолог иттерінің көмегімен табылған. Қыз аман-сау аудандық ауруханаға жеткізілді. Қазіргі уақытта бүлдіршіннің өмірі мен денсаулығына еш қауіп төніп тұрған жоқ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға