Жаңалықтар

Батыс Қазақстанда наурыз мейрамында 80 отбасы баспаналы болды

Батыс Қазақстанда наурыз мейрамында 80 отбасы баспаналы болды
Фото: БҚО әкімдігі 21.03.2024 17:35 649

Наурыз мейрамында Орал қаласының Зашаған кентінде 9 қабатты жаңа тұрғын үй қолданысқа берілді. Айтулы шара Наурызнаманың Ынтымақ күнімен қатар келді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Пәтер кілттерін тапсыру рәсіміне Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев қатысты. Өңір басшысы жиналғандардың барлығын Наурыз мейрамымен құттықтап, жаңа қоныс иелеріне бақыт тіледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауларында халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру – мемлекеттің басты міндеті екенін атап өтті. Осы орайда, әр отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған бастамалар маңызға ие. Бүгінде Орал қаласында мемлекеттік бағдарламалар арқылы 14 көппәтерлі үйдің құрылысы жүргізілуде. Ал мемлекеттік бағдарлама аясында салынған көпқабатты тұрғын үйлер «Отбасы банк» АҚ арқылы кезекте тұрғандарға жеңілдетілген пайыздық несиемен беріледі. Бүгін, міне осы бағдарлама арқылы кезекте тұрған 80 отбасы баспаналы болды. Бүгінгі жаңа пәтер иелерін баспаналы болуларымен құттықтаймын. Сондай-ақ, Наурыз мейрамы баршаңызға құт-береке әкелсін!, – деді аймақ басшысы.

Президентінің тапсырмасы бойынша елімізде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы жүзеге асуда. Жаңа тұрғын үй құрылысы аталмыш жоба аясында жүзеге асырылды.

Баспаналы болғандардың көпшілігі мүмкіндігі шектеулі, сондай-ақ пәтер кезегінде тұрған жандар.

Көп жыл кезекте тұрдық. Енді міне арманымыз орындалды. Мемлекетке ризамыз. Енді міне, Наурыз мейрамын жаңа пәтерде қарсы аламыз, қуанышымызда шек жоқ, – деді жаңа пәтер иесі Нұргүл Есеналиева.

Айта кету керек, Орал қаласында 2024 жылы 1400-ден астам пәтерді қолданысқа беру жоспарланып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға