Жаңалықтар

Батыс Қазақстанда метанол өндіретін газ-химия кешені салынады

Қытайлық компаниямен келісімге қол қойылды
Батыс Қазақстанда метанол өндіретін газ-химия кешені салынады
Фото: gov.kz 06.12.2022 09:44 985

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев CITIC Construction Co Ltd. және China Huanqiu Contracting & Engineering (Shanghai) Co., Ltd. компанияларының өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі министрлікке сілтеме жасап.

Кездесу барысында Zhaik Petroleum LTD қазақстандық компаниясы мен қытайлық компания арасында EPC-келісімшартқа (бұл жобалау, сатып алу және құрылысты қамтитын келісімшарт) қол қойылды. Осы келісімшарт арқылы Батыс Қазақстан облысында өнімділігі 130 мың тонна метанол өндіруге қауқарлы газ-химия кешенін салу көзделіп отыр.

«Еліміздің тарапы бұл жобаны табысты іске асыру мақсатында қажетті қолдауды көрсетуге дайын. Қазір «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның даму институттарымен бірлесіп, осы жобаны қаржыландыру бойынша тиісті жұмыстар басталды. Өз тарапымыздан жобалау мен құрылысты жүзеге асыру, сондай-ақ жобаны сәтті іске асыру үшін қажетті жабдықтарды жеткізу жөніндегі жоспарларыңызды құптайтынымызды айтқымыз келеді», деді Қайырбек Өскенбаев.

Осы ретте құрылыс-монтаж жұмыстары кезеңінде 500-ге жуық жұмыс орны, сондай-ақ кешен іске қосылғаннан кейін 220 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны – 140 млн доллар.

Аталған газ-химия кешені 2024 жылдың аяғына қарай іске қосылмақ. Бұдан кейін құны 200 млн долларға аммиак пен карбамидті шығаруға байланысты жобаның екінші кезеңі іске асырылады деп қарастырылған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға