«Батырларға тағзым»: 100 мыңнан астам жауынгер туралы ақпарат бар
Биыл ІІ дүниежүзілік соғыс қаһармандарын ұлықтайтын «Батырларға тағзым» порталын іске қосты. Бүгінде онда 100 мыңнан астам жауынгер туралы ақпарат бар, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, жарты жылдағы тағы бір маңызды оқиға – министрлік жанынан жастар әдеби клубының құрылуы. Клуб 18-35 жас аралығындағы қазақстандық талантты қаламгерлерді қолдау мақсатында құрылған.
Әдеби клубтың отырыстары еліміздің аймақтарында көшпелі негізде ұйымдастырылады. Қатысушылар қазіргі әдебиет, аударма, кітап шығару мен баспа ісі, балалар әдебиетін дамытудың өзекті мәселелерін талқылайды, - делінген мәліметте.
Сондай-ақ кітапханаларды цифрландыру, кітап қорларын жаңарту, кадрларды дайындау және дамыту, халықаралық ынтымақтастықты ынталандыру бойынша «Кітапхана желісін дамыту жоспарының» жобасы әзірленді.
Министрлік елді мекендердің байырғы тарихи атауларын зерттеу бойынша «Тарихи-диахрондық әдісті қолдану арқылы ономастикалық атауларды жүйелендіру қызметі» үлкен жобасын қолға алып отыр. Жобаның мақсаты – ономастикалық атауларды ретке келтірудің негізгі ғылыми дәйектерін басшылыққа ала отырып, жер-су атауларына қатысты тарихи деректерді ғылыми айналымға түсіру және тарихи ономастикалық атауларды қалыпқа келтіру, жүйелендіру, - дейді дереккөз.
Қазіргі Қазақстан аумағындағы топонимдердің электронды 3D форматтағы картасын әзірлеу арқылы топонимдердің өзгеру динамикасын көрсету әрі бірізділендіру. Жоба барысында Қазақстан Республикасының, Латвияның, Ресей Федерациясының, Түркия Республикасының, Әзербайжанның, Моңғолияның, Қытай Республикасының мұрағаттарында және кітапханаларында елді мекендердің тарихи атауларын анықтау бойынша тиісті ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілетін болады.