Жаңалықтар

Батыр Сейкенов: Броконьерлікке қарсы заң күшейді

Батыр Сейкенов: Броконьерлікке қарсы заң күшейді
Фото: Жеке мұрағаттан 05.09.2024 18:43 458

Аңшылар мен балықшыларды қорғауға арналған «Аяла» ұлттық қорының президенті Батыр Сейкенов саналы ғұмырын осы саланы зерттеуге арнап келеді. Ол Қазақстанда аңшылыққа шығу да, табиғатты қорғау да дамыған әлем елдеріндегідей заңды болғанын қалайды. Бүгінде 2 мыңнан астам мүшесі бар қордың мақсаты да осы. «Аяла» ұлттық қорының президенті Батыр Сейкенов El.kz-ке берген сұхбатында броконьерлікке қарсы күрестің елімізде қалай жүзеге асып жатқаны туралы айтып берді.

El.kz: Батыр Ералханұлы, елімізде броконьерлерге қарсы күрес жыл өткен сайын күшейіп келеді. Алайда, аңшылық та – өнер. Бұл саланы реттеп отыру ісіне көңіліңіз тола ма?

Батыр Ералханұлы: Қазақстанда бес-алты жылдан бері броконьерлікке қарсы заң қатаңдатылды. Сол себептен өз тәжірибемнен алып қарасам, алты-жеті жыл бұрын да аңшылықпен айналысу үшін жолдама сататын. Бірақ аңшылардың 90 пайызы осы жолдаманы алмай, яғни броконьер ретінде заңсыз айналысып жүретін. Қазір бұған қатысты заң қатты күшейді. Енді аңшылыққа жолдамасыз, лицензиясыз шықсаң, айыппұл арқалайсың. Тағайындалған айыппұл сомасы да аз емес. Егер қолынан, үйінен өлтірген жануар тәркіленсе, қылмыстық іс қозғалады. Шынын айтқанда, заңды жолмен аңшылық жасау ісін тәртіпке келтіру өте дұрыс. Соның нәтижесінде аңшылықпен шұғылданатындардың 90-95 пайызы жолдама алатын болды. Әрине, мұның жақсы жағын айттық. Екіншіден, заң қатаңдатылғанмен, аңшылыққа шығудың бағасы төмендетілуі керек. Бізде баға жылдан жылға қымбаттаған сайын қылмыстық іске тартылатындардың қатары көбейеді.  Себебі, аңшылықпен айналысатын азаматтардың 80 пайызы әлеуметтік тұрмысы сын көтермейтіндер. Олар табиғатқа шығып, аң аулағанда әуелі ойлайтыны атып алған аң етінің пайдасын көру. Әлем елдерінде аңшылыққа шыққанда етін ғана емес, еркін жүріп-тұру, демалуды көздейді. Әрі кетсе көбі мүйізі мен терісін ғана алады. Ал Қазақстанда халықтың жағдайы ондай жақсы емес қой, сол себептен де аңшылыққа ет үшін шығатындар басым. Мысал ретінде айтсам, Қазақстанда аңшылыққа шығу үшін бір елікті 15 мың теңгеден сатып аламын. Еліміз бойынша ең арзан баға менде ғана. Ең біріншіден, өзім қарапайым халықтың жағдайын ойлаймын. Жұмыс болса, бала-шағасын асыраса деймін. Ал АҚШ-та елікті атуға жолдаманы біздің ақшамен шамамен 5-6 мың теңгеге сатып алуға болады. Ол жақта да, Еуропада да «Қызыл кітапқа» енген жануарларды атсаң, айыппұлы қымбат. Бірақ оларды сол үшін темір торға отырғызбайды. Тіпті, ауыр қылмыс деп санаса да шартты түрде жаза тағайындайды. Ал Қазақстанда ше? Биыл өзім білетін Петропавл қаласының екі жігіті заңсыз аңшылыққа шыққаны үшін 6 жылға бостандығынан айырылды. Бұл дұрыс емес қой. Былтыр бір жігіт 8 жылға, екінші бір азамат 11 жылға кетті. Содан кейін киіктің мүйізін жинағаны үшін, қомақты айыппұл төлетіп, жеті жылға соттады.

El.kz: Сіздіңше, броконьерлерге айыппұлды күшейтіп, бас бостандығынан айыру жазасын алып тастау керек пе?

Батыр Ералханұлы: Әлгінде АҚШ-ты бекер мысалға алғам жоқ. Жануардың бағасы өте төмен, ал заңсыз аңшылыққа шықсаң, айыппұлы өте көп. Негізі осылай болу керек. Халықты осылай тәрбиелеу керек. Демек, заңсыз айналыссаң қымбат, заңды түрде арзан болуы тиіс. Сонда ғана бәрі орнына келеді, аңшылар да түсінеді. Яғни, жануарлар да халық үшін жаратылғанын біледі. Егер мен елікті АҚШ-тағыдай 6 мың теңгеге сатып алсам, онда мен басқа азаматтарға 12-15 мың теңгеге сатуға тырысамын. Сол кезде арзандайды. Кезінде бұл мәселені талай мәрте көтердім, айттым. Бірақ өкінішке қарай, аңшылықпен заңсыз айналысқандардың үстінен қылмыстық іс қозғағанда көбін соттап жібереді. Бұл – дұрыс емес. Оларды қалтасынан ұрып, қомақты айыппұл салу керек. Содан кейін олар да заңды түрде айналысуға бет бұрады. Тағы да айтамын, ол үшін түрмеге отырғызуға болмайды. Ол адамды емес, жануарды ғана өлтірді ғой. Тіпті, қазір адам өлтіріп те отырмайды ғой, әрі кетсе 5-6 жыл, көп дегенде 10 жыл арқалап жатқандар да бар. Ал енді адамның өмірі жануардан артық па?! Әділдігі қайсы?

El.kz: Қазір заңсыз аңшылықпен айналысушыларға тағайындалған айыппұл көлемі көп пе?

Батыр Ералханұлы:  Жануарлар бойынша басқа, балық аулаушыларға бөлек шығар. Мәселен,  Каспий теңізіне жүргізілген «Бекіре-2024» рейді нәтижесінде    браконьерлерге 7,3 млн теңге айыппұл салыныпты. Ал аңшылық бойынша бір жігіттің мойнына 3 млрд теңге іліп қойды. Оның бұл айыппұлды төлеуге өмірі де жетпейді ғой. Осы жағынан алғанда, көңілге қонымсыз нәрсе көп. Айыппұлды да шамалап қою керек шығар. Қазір Қазақстанда киіктің саны ресми түрде  3 миллионға жуықтады. Басқа жануарларды, доңызды, елікті, маралды қосқанда да киіктің саны он есе көп. Бірақ айыппұлы өте қымбат. Ақбөкенді кезінде ата-бабамыз да еттің орнына пайдаланды. Басқа ештеңеге кәдеге аспайды. Одан бұқтырылған ет, шұжық өнімдерін жасауға келмейді. Бұл мәселені Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Прокуратура, Ішкі істер министрлігі мамандары алдында да айттым. Олар аңшылық саласының қыр-сырын білмейді. Жануарларды жоғалып кетті деп ойлайды. Керісінше, соңғы 15-20 жылда даладағы жабайы жануарлар саны көбейіп барады. Оны аңшылық саласында жүргендер біледі. Сондықтан тыйым сала бермей, халықтың жағдайын ойлау керек. Табиғат, ауа райы өзгеріп кетті. Қазір бұрынғыдай -40, -50 градус қыс жоқ. Жаздың өзі жаңбырлы өтті. Табиғат өзгерген соң жануарлар да өзгереді. Мысалы, бұрын елік тек қана орманда жүретін, қазір байтақ далада қаптап кеткен. Себебі, көбейіп қонысына сыймай жатыр. Олар өздеріне төлдейтін жер, тұрақтап қалатын жер іздейді.   

El.kz: Демек, броконьерлікке қарсы күресті күшейткенмен, заң нормаларын реттеу керек дейсіз ғой.

Батыр Ералханұлы: Әрине. Заңсыз іс-әрекетке талапты қатайтып, тәртіпті орнату керек. Бірақ заң дұрыс болса деймін. Біріншіден, соның пайдасын қарапайым халық көретіндей жасау қажет. Екінші мәселе – аңшылықпен шұғылданатын адамдар азайды. Себебі, Ішкі істер министрлігі заңды қатаңдатып, ауылдағы мылтығы бар азаматтарды күн сайын тексереді. Кейбіреулер мылтығын сейфке салып қояды. Онымен қоса бағалы дүниесін сақтайды. Бүкіл Қазақстанды аралап жүргенде байқағаным, ауылдағы аңшылықпен айналысатындардың көбі мылтығын тапсырып жатыр. Бұл дұрыс емес. Балалар мылтықты ұстауды үйрену керек. Мәселен, АҚШ-та 12 жастан бастап балаларға әкесі мылтық ұстауды үйретеді. Бұл – тәжірибе. Сондықтан кез келген мәселеге бір жақты емес, екінші қырынан қараса дейсің. Заңды қатаңдатсын, бірақ адамдарға мүмкіндік беру жағын да қарастырған жөн. Тағы бір мысал айтайын. Канадада балық ұстауға бардым. Олар балық ұстағысы келген шетелдік азаматтарға үш күндік лицензияны 18 долларға сатады. Және бұл жолдаманы кез келген жанармай құю бекетінен сатып ала бересіз. Ал егер бұл жолдаманы сатып алмай, заңсыз балық ауласаң айыппұлы – 2 жарым мың доллар. Арзан бағамен жолдама сатып ал, ал егер алмасаң айыппұлы өте қымбат. Бірақ бұл жерде қылмыстық іс қозғалмайды. Айыппұл төлейсің, болды. Бізде де осындай болу керек деп ойлаймын. Ал елімізде айыппұлды да салады, бас бостандығынан да айырады. Тіпті, киік атпаған, далада жатқан мүйізін жинағаны үшін айыппұл арқалап, темір торға тоғытылғандар да бар. Оның табиғатқа да, мемлекетке де ешқандай пайдасы жоқ.

El.kz: Аңшы ретінде қандай аңды атуға лицензия алдыңыз?

Батыр Ералханұлы: Жалпы, өзім әлем елдеріне барып та аң аулаймын. Ол жақта бәрі заңды. Қазақстанда марал, елік, доңызды атуға сатып алдым. Әрине, доңызды басқа ұлт өкілдері үшін атып беремін. Олар етін пайдаланады. Ал елікті кейде өзім жеймін. Бірақ әзірге ақбөкенге ресми түрде аңшылық жоқ. Аңшылық – өнер, екінші жағынан – кәсіп. Еркін жүресің, өзіңе демалыс сыйлайсың. Мұның ләззаты бөлек екенін осы салада жүргендер түсінеді. Аңшылыққа қызыққаным соншалық, Коста-Рикоға барып марлин, тунец балығын ұстаймын. Африкаға барып керік атамын. Бүгінде есептесем, осы салада жүргеніме 25 жылдан асыпты. Әлем елдеріне барып, жабайы жануарларды қалай сақтайтынын, қорғайтынын зерттеп, әдістерін меңгеріп, көрген-білген тәжірибемді елімізге енгізіп те жүрмін. Мұны өзім ғана біліп қоймай, әлеуметтік желідегі парақшама да жазамын. Жалпы, аңшылық өнердің қыр-сыры туралы кеңірек мәлімет беруге тырысамын. Соның арқасында оқырман саны да артып, жануарларды қорғау үшін жанымнан табылып жатқандар да баршылық.

El.kz: Сұхбатыңызға рақмет!    

 P.S. Қазақстанда заңсыз аңшылыққа шығу мен балық аулауға заң да, талап та күшейтіліп, бұл жай ғана тәртіп бұзу шекарасынан шығып, орта дейгейлі қылмыс болып есептелмек, Заң бойынша осы қылмысы үшін 10 миллион теңгеге жетеғабыл айыппұл салынып қана қоймай, төрт жылға дейін бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Егер мемлекет тарапынан қорғалатын табиғи қорықта аңға шығып, балық ауласаңыз 6 жылға дейінгі жаза күтіп тұр. Тіпті, бұған ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысы болса, 10 жылға дейін темір торға қамалады. Мұнымен қоса, аулауға көмегі тиген қару-жарақ, көлік те тәркіленеді.    

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға