Жаңалықтар

«Батыр балаларды дүниеге алып келеді». Этнограф әмеңгерліктің пайдасы туралы айтты

«Батыр балаларды  дүниеге алып келеді». Этнограф әмеңгерліктің пайдасы туралы айтты
Фото: Жеке мұрағат 22.11.2023 16:00 3410

Қазақтың бұрыннан келе жатқан түрлі салт-дәстүрі бар. Оның бірі – әмеңгерлік. Кезінде күйеуінен айырылған жесір әйелді балалары жетім қалмас үшін қайын ағасына, қайын інісіне немесе жұбайының жақын туыстарының біріне тұрмысқа берген. Қазақта «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» деген сөз бекер айтылмаса керек. Осы ретте әмеңгерлік жайлы сөз қозғап, ойда жүрген сұрақтардың жауабын білу үшін тарихшы, этнограф Аманжол Қалышпен сұхбаттастық.

El.kz: Аманжол мырза, уақытыңызды бөліп, сұхбат беруге келіскеніңізге рахмет! Алдымен бізге бұл салт-дәстүр жайлы айтып берсеңіз. Өзіңіздің әмеңгерлікке қатысты көзқарасыңыз қандай?

Аманжол Қалыш: Әмеңгерлік Орта Азия елінде, мұсылман халқында көп тараған. Себебі бұрындары қазақтар мен жоңғарлардың арасында жиі соғыс болды. Сонда біраз батырлар, сарбаздар дүниеден озды. Мысалы, XVII ғасырдың 70 жылдары Қазақстанның батыс өңірінен оңтүстікке Әбілқайыр бастаған әскерлер жиналды. Ақтөбе облысынан Тілеу батырмен келген 17 мың әскердің 14 мыңы қайтыс болып, 3 мыңы ғана елге қайтады. Осылайша қаншама әйелдер өзінің жұбайынан айырылады.

Сондай-ақ соғыс кезінде Түркістан облысы, Жамбыл облысы, Ұлытау облысына батыстан келген жетірудан шыққан жағалбайлы, тамалар көп болды. Олардың басқа елде қалып қойған әйелдері міндетті түрде әмеңгерлікпен қайын інісі немесе қайын ағасына тұрмысқа шыққан.

Бізде «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді», «Аға өлсе – жеңге мұра, іні өлсе – келін мұра» деген мақал бар. Өз басым әмеңгерлікті қолдаймын. Көшпелі, қиын-қыстау кезде жесір қалған әйелге қаншама малға қарау, жүгін арту, киіз үйді тігу, кәмелет жасына толмаған балаларын асырау қиынға соққан. Қазақ қоғамында бұрындары жетім бала болмаған. Байлар, қолы ашық азаматтар өзінің немерелерін, жиендерін, ағайындарының балаларын бағып, бауырына басқан, көмектескен. Сондықтан кезіндегі ата-бабаларымыздың әмеңгерлікті ұстанғаны дұрыс болды деген ойдамын. Мұны жүздеген жылдан кейін өмірдің өзі көрсетіп отыр.

El.kz: Әмеңгерлікпен отбасын құруға дін тұрғысынан рұқсат етілген бе?

Аманжол Қалыш: Бұрындары қазақ хандарының, сұлтандарының бірнеше әйелі, күңдері болған. Олардың барлығынан туған балалардың әлеуметтік жағдайы жасалып отырды. Сондықтанда төрт әйел алуға рұқсат берген ислам діні әмеңгерлікке де ешқандай қарсылық білдірмейді.

El.kz: Егерде жесір әйелдің қайын аға немесе қайын інісінің өз отбасы болса, оған екінші әйел болып әмеңгерлікпен тұрмысқа шыға ала ма?

Аманжол Қалыш: Сіз атап өткен жағдайда жесір әйел нақты тұрмысқа шыға алады деп айта алмаймын. Себебі ол ер азаматтың әлеуметтік жағдайына да байланысты. Егер де жігіттің әл-ауқаты жақсы болып, оның бәйбішесі келісім берсе, ол әмеңгерлікпен үйлене алады.

El.kz: Қандай жағдайда әмеңгерлікпен неке қиюға болмайды?    

Аманжол Қалыш: Әмеңгерлікпен отбасын құруға рұқсат етілмейтін жағдайлар болған. Жесір әйелді бөгде, ауру адамға, өте жас балаға тұрмысқа беруге рұқсат етілмеген. Түркі халықтарында әкелері өзінің 7-10 жастағы баласына 18-дегі қыздарды алып беріп отырған. Оларды жұмыс көзі ретінде санаған. Десе де күйеуінен айырылған келіншекті кішкентай балаға күшпен қосу күлкіге саналады.

El.kz: Әмеңгерліктің жесір қалған әйелге қандай оң және теріс әсері бар деп есептейсіз?

Аманжол Қалыш: Жесір қалған әйелдің бір емес, бірнеше баласы болса, қайтадан тұрмысқа шықпай оларды асырау өте қиын болған. Кезінде жұбайынан айырылған әйел әмеңгерлікті қабылдамаса, оны қоғам да қабылдамаған. Еліне қайтып оралса да 4-5 баласымен тек ата-анасы ғана керек еткен. Сол себепті жесір әйелдерге әмеңгерлікпен отбасын құру ұтымды болды.

Жалпы кез келген адамның жасы, мінезі әртүрлі ғой. Осы жағынан алып қарағанда түрлі қиындықтарды кездестіруге болады. Мәселен, кейбір әйелдер өзінен 20-30 жас үлкен ерлерге, жасы тым кішілерге тұрмысқа шыққысы келмейді ғой. Сондықтан әр нәрсенің жағымды және жағымсыз жағы қатар жүреді.

El.kz: XXI ғасырда әмеңгерлікті әлі де ұстанып жүргендер бар екен. Қазіргі заманауи ғасырда мұндай салт-дәстүрдің қажеті бар ма?

Аманжол Қалыш: Қазіргі дамыған қоғамда ешкім ешкімге тәуелді емес. Біреуді мәжбүрлеп бір-біріне қоса алмайсың. Менің туыстарымның арасында әмеңгерлікпен отбасын құрғандар бар. Аталарымыз әскерден келген қайын інісіне жеңгесін қосқан. Бірақ енді жігіттен 10-15 жас үлкен әйел оған қалай бала туып береді? Бұл салттың да өзінің осындай қарама-қайшы жақтары бар.  

Атақты Қыз Жібек пен Төлегенді поэмада өлді деп көрсетеді. Алайда негізінде Төлегеннің інісі Сансызбай әмеңгерлік жолмен Жібекке үйленеді. Олар жақсы отбасын құрып, батыр балаларын дүниеге алып келген. Яғни әмеңгерлік салты бұрыннан келе жатқанын осыдан-ақ байқауға болады.

Мына заманда толық емес отбасылардың жағдайы жақсы деп айта алмаймын. Баланың әкесі де, шешесі де болуы керек. Әмеңгерлікті қолдап отырғаным да сондықтан. Толық отбасыда өскен бала ата-анасынан тәрбие алып шығады. Ал тәрбиелі ұрпақ – ол ұлттың болашағы.

El.kz: Сұхбатыңызға рахмет!

Айта кетейік, бұған дейін TikTok желісінде хит болған Түркістан облысының тұрғындары Жеңіс Сейдеханов пен Сандуғаш Садық  өздерінің әмеңгерлік жолмен қалай отбасы құрғанын айтып берген еді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға