Басым салалардағы жобалар: 25 мың жұмыс орны құрылады

Үкімет басым салалардағы ірі 17 жоба негізінде 25 мың жұмыс орны ашылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Президент өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін ашуға жүйелі күш салу қажеттігін баса айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев терең өңдеу тәсілін меңгеруге басымдық берілген 17 ірі жобаның тізімін атап өтті.
Өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану, ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашу маңызды. Жобалар экономиканы әртараптандыру және өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру бағдарламасы шеңберінде іріктелді. Олар металлургия, химия, мұнай-химия, автокөлік, туризм, ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі сияқты негізгі салаларды қамтиды.
Жобалар тізімі негізгі критерийлер бойынша таңдалды:
- өнімді қайта бөлудің орташа және жоғары деңгейі;
- экспортқа және импортты алмастыруға бағдарлану;
- өндірілетін өнімге нарықтық сұраныс;
- ел немесе аймақ экономикасы үшін стратегиялық маңыздылығы – мультипликативті әсер.
Аталған жобаларға инвестиция көлемі шамамен 15 трлн теңгені құрап, 25 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Күтілетін экономикалық тиімділік экспорт көлемінің 6 трлн теңгеге артуы және импортқа тәуелділіктің 1,5 трлн теңгеге төмендеуін қамтиды.
