Бастамалардың барлығы халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталады - сарапшы
Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Осыған орай Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің «Мемлекет тарихы институтының» аға ғылыми қызметкері, экономика магистрі Хасенова Нурбану пікір білдіріп, келелі жиынның маңызына тоқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерілген маңызды экономикалық және әлеуметтік міндеттерді шешуде белгілі бір дәйектілікті көрсетті. Мемлекеттік институттар жұмысының ашықтығы мен тиімділігін арттыру мәселесіне назар аудару реформалауға деген ұмтылысты көрсетеді,-деп бастады экономика магистрі.
Сарапшы пікірінше, президенттің алға қойған тапсырмалары жалпы алғанда Қазақстанның экономикасының тұрақты әрі көп салалы дамуын қамтамасыз етуге бағытталып отыр. Елдегі инфрақұрылымды жаңғырту, цифрлық технологияларды енгізу және энергетикалық тәуелсіздікті нығайту сияқты бастамалар экономиканың барлық салаларының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру мен салық-бюджет саясатын реформалау, инвестиция тарту мен қаржыландыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.
Бұл бастамалардың барлығы экономикалық өсімді жеделдетіп, халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Жаңа жобаларды қолдау, инфрақұрылымды жаңарту және сандық экожүйені құру арқылы Қазақстан болашақта жаһандық экономикалық бәсекеге қабілетті елге айналуға тиісті,-деді аға ғылыми қызметкер.
Оның айтуынша, жеке секторды қолдау, тиімді мемлекеттік басқару және инновациялық шешімдер экономиканың дамуын жеделдетіп, елімізді жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді. Сонымен қатар экономиканы ырықтандыру бойынша қабылданған шаралар жүйесі әрі қарай жүзеге асырыла беретіндігін көруге болады.
Осылайша Үкімет жұмысының басты бағыттары айқындалып, нақты әрі батыл шешім қабылдау арқылы нәтижелі жұмыс жасау қажеттілігі көрсетілді,-деп қорытындылады Хасенова Нурбану.