Жаңалықтар

Баспана бағасында қандай өзгерістер болуы мүмкін?

Баспана бағасында қандай өзгерістер болуы мүмкін?
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/DALL-E-3 26.07.2024 18:00 803

Әр адам өзінің алдына түрлі мақсат қоюы мүмкін. Бірі қымбат көлік тізгіндегісі келсе, бірі алыс елдерге саяхатқа аттанғысы келер. Бірақ кімнің болса да ең үлкен арманы ол – жеке баспанасының болғаны. Қымбат көлігіңмен алыс сапардан келгенде аяғыңды созып жататын, отбасыңмен еркін отырып ас ішетін жайлы баспанаңның болғанына не жетсін. Біз бүгінгі мақаламызда осы баспана алу мәселесі төңірегінде біршама зерттеу жасап көрдік.

Әлем бойынша үйлердің бағасы

Алдымен әлемдегі үйлердің нарықтағы құнына тоқталып көрсек.

Біз қазір елімізде баспана бағасының тым қымбат екеніне жиі шағымданамыз. Бірақ Қазақстандағы жылжымайтын мүліктің құны әлемнің басқа елдерімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары емес.

Numbeo сайтының рейтингіне сәйкес, 2024 жылдың 26 шілдедегі жағдайы бойынша Қазақстанда қала орталығындағы пәтерлер орташа есеппен м2 үшін 1400 АҚШ долларына, орталықтан тыс жерлерде м2 үшін 976 АҚШ долларына теңесті.

Әлемдегі пәтерлері ең қымбат елдер ретінде бірінші орынға Қытай, екінші орынға Сингапур, үшінші орынға Швейцария, төртінші орынға Солтүстік Корея және бесінші орынға Люксембург жайғасты. Мәселен, Қытайдағы қала орталығындағы пәтерлер орташа есеппен м2 үшін 29727 АҚШ долларына, Сингапурде  20526 АҚШ доллар, Швейцарияда 17348 АҚШ доллар, Солтүстік Кореяда 12184 АҚШ доллар, ал Люксембургте 10974 АҚШ долларына шығады.

Ал қымбат қалаларға тоқталатын болсақ, ол тізімге Гонконг, Цюрих, Женева, Сингапур, сондай-ақ Солтүстік Корея енді. Қала орталығындағы пәтерлер орташа есеппен м2 жері Гонконгта 29727 АҚШ доллар, Цюрихте 26612 АҚШ доллар, Женевада 20845 АҚШ доллар, Сингапурда 20526 АҚШ доллар, Солтүстік Кореяда 19175 АҚШ доллар тұрады.  

Тұрғын үй нарығындағы бағаның өзгеруі

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, бір жылда (2024 жылғы маусым 2023 жылғы маусымға) жаңа тұрғын үйлерді сату бағалары – 2,2%, қолданыстағы пәтерлерді қайта сату 1% өскен. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2024 жылғы маусымда 5,2% жоғарылады.

Өңірлер бөлінісінде жылдық мәнде жаңа үйлер бағасы Ақтөбе – 9,5%, Талдықорған – 7,2%, Қызылорда – 7,1% қалаларында қымбаттады. Қолданыстағы үйлер нарығында баға өсімінің көшін Атырау (14,1%), Астана (6%) қалалары бастаса, тұрғын үйді жалға алу нарығында – Талдықорған (28,1%), Қарағанды (24,6%), Жезқазған (22,6%) мен Петропавл қалалары алда (22,5%).

Бір айдың ішінде (2024 жылғы маусым 2024 жылғы мамырға) қолданыстағы пәтерлерді қайта сату – 0,6%, жаңа тұрғын үйді сату 0,4% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі маусымда өткен мамырмен салыстырғанда 0,3% жоғарылады.

Тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері

Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, биылғы жылғы маусым айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 32 943 мәміле тіркелген. Оның ішінде жеке үйлер бойынша 8 058 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 24 885 мәміле жасалды. 2024 жылдың мамырымен салыстырғанда (31 071) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 6%-ға өсті. Мәмілелер саны бойынша, бұрынғысынша, Алматы (5 937 – 18%) және Астана (4 812 – 14,6%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 716 – 8,2%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 342 бірлік (1%).

2024 жылдың мамырымен салыстырғанда маусымда ең көп өсім Батыс Қазақстан (+77,3%), Солтүстік Қазақстан (+38,1%) және Атырау (+22,8%) облыстарында тіркелді. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу, көшбасшылыққа қарамастан, Алматы қаласында (-7,6%), Жетісу облысында (-6,9%) және Шымкент қаласында (-4,6%) орын алды.

2024 жылдың мамырымен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 6,3%-ға (1 482 мәмілеге) көбейді. 2024 жылдың маусым айында пәтерлер бойынша барлығы 24 885 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 75,5%-ы. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Алматы (22,3%), Астана (18,9%) қалаларына және Қарағанды облысына (9%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 1-бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, 2024 жылдың маусым айында олар бойынша 9 643 мәміле ресімделген, - делінген Ұлттық статистика бюросының ақпаратында.

2024 жылдың мамыр айымен салыстырғанда, 2024 жылдың маусымында жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 5,1%-ға немесе 390 мәмілеге артты. Маусымда барлығы 8 058 мәміле тіркелген. Ең жоғарғы өсім Атырау (+64,1%), Батыс Қазақстан (+52,6%) және Ақтөбе (+45,8%) облыстарында байқалды. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу Ұлытау (-22,7%) облысында, Алматы (-21,7%) қаласында және Ақмола (-11,7%) облысында орын алды.

2024 жылдың маусымында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 10,3%-ға көбейген, ол кезде 29 880 мәміле ресімделген болатын. Мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Батыс Қазақстан облысында (71,6%-ға) байқалды, ең үлкен төмендеу – Қызылорда облысында (19,5%-ға). 2024ж. қаңтар-маусым айларындағы мәмілелер санының 2023ж. қаңтар-маусым айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда динамика 15,2%-ға жоғарылады.

«Пәтер бағасы көтерілмесе, түспейді»

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков бүгінгі орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында пәтер бағасы туралы болжамын айтқан болатын.

Кейінгі 10 айда республика бойынша пәтер бағасы бірнеше пайыз түсті. Бұл немен байланысты деп ойлайсыз? Астанада да, өңірлерде де баспана үлкен ауқыммен салынып жатқанын ескерсек, баға әрі қарай да түсе бере ме? - деп сұрады журналист.

Комитет басшысының айтуынша пәтер бағасы көтерілмесе, түспейді.

Бұл жерде пәтер бағасының күрт түскені байқалмағанына сендіре аламын. Өйткені инфляция баспана бағасына қалай да әсер етеді. 2024 жылдың алғашқы жартысындағы қорытынды бойынша қолданысқа беріліп жатқан баспана ауданының өсу тенденциясы бар. Құрылыс шығындарының орташа статистикасы да 2-3 пайыз көлемінде өсті. Дей тұрғанмен, жасалған мәмілелер саны төмендеген. Біз пәтер құнының түсуін дәл осы мәмілелердің азаюымен байланыстырамыз. Жалпы пәтер бағасының күрт өсуін немесе күрт түсуін күтіп отырған жоқпыз. Біртіндеп өсе береді деген болжам бар, - деп жауап берді Бақытжан Жүнісбеков.

Баспананы қашан сатып алған тиімді?

Жылжымайтын мүлік эксперті Эльмира Рахымжанның пікірінше, үйдің бағасының өзгеруіне елдегі инфляция әсер етеді.

Үйдің құны біріншіден, тауарлардың, әсіресе құрылыс материалдарының қымбаттап жатқандығынан, екіншіден, экономикалық жағдайларға байланысты көтеріледі. Мәселен, 2022 жылды есімізге түсіретін болсақ, Ресей мен Ураина арасындағы даудың нәтижесінде ресейліктер Қазақстанға көшіп келген еді. Сол сәтте үйді жалдап тұру бағасы 42 пайызға дейін өсті. Сатылымдағы пәтерлер 23 пайызға қымбаттады. Міне, осындай жағдайлар үйдің бағасына әсер етеді, - деді сарапшы.

Эльмира Рахымжан ел арасында жаңадан тұрғын үй бағдарламаларының іске қосылуы баспана бағасына әсер етеді деген пікірдің қате екенін айтады.

Мен сияқты нарықты бақылап жүрген сарапшылар үйдің бағасы сәл төмен түспесе, қымбаттай қойған жоқ деп айтар еді. Себебі қазіргі таңда жылжымайтын мүлік нарығы стагнация кезеңін өткеріп жатыр, - деді ол.

Жылжымайтын мүлік экспертінің айтуынша, тұрғын үйдің бағасы ешқашан тұрақтанбайды.

Үнемі үйдің құны не көтеріледі, не түсіп отырады. Әр он жыл сайын баспана бағасының құлдырауынан өтетін кезеңге тап боламыз, - дейді Эльмира Рахымжан.

Сарапшы маманның сөзінше, дәл қазіргі кезең халық үшін баспана сатып алуға қолайлы кезең болып саналады.

Нарық қатты бір өзгерессіз тұр. Оның енді не көтерілетінін, не төмендейтінін білмейміз. Осы сәтте үйді сатып алған дұрыс. Өйткені ертең доллардың құны артатын болса, үйлер де қайтып қымбаттай бастайды, - деді ол.

Осы ретте жылжымайтын мүлік эксперті үй алудың тиімді жолдарын да атап өтті.

Халыққа ипотеканы қолдана отырып, баспана алған тиімді. Жылжымайтын мүлік нарығына қан жүгіртіп отырған құрал – ипотека. Бұны түсінген инвесторлар үй алуға барлық ақшасын жұмсамай, тек 20 пайызын ғана төлеп, қалғанын банктен қарызға алады. Бұл ұтылмайтын, өте тиімді тәсіл. Қазір үйдің ақшасын толық төлесеңіз, ол сомманың болашақта құны болмауы мүмкін. Мәселен, 20 жыл бойы жалдамалы пәтерге ақша төлегенше, оны ипотекаға төлеген әлдеқайда ыңғайлы. Белгілі бір уақыт өткен соң ол мүлік толығымен сіздікі болады, - деді сарапшы.

Эльмира Рахымжан өзіне келген клиенттерге «Отбасы банк» бағдарламасымен үй алуға кеңес береді. Тіпті бағдарламадан өте алмай қалған адамдар болатын болса, оларға уақытын жоғалтпай бірден екінші деңгейдегі коммерциялық банктерден үй алуды ұсынады.

Мен клиенттеріме үнемі «қазір үй алып қалыңдар» деп айтамын. Биылғы ставкамен алған үйді, келесі жылы дәл сол ставкамен ала алмайсыздар. Ай сайынғы төлеміңіз де өзгеріп кетеді. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, осыдан 7-8 жыл бұрын үй алған клиенттер қазір ипотекаға 70-80 мың теңге төлеп отыр, - деді ол.

Эксперттің ойынша, алдағы күз, қыс айында үйдің бағасы 10 пайызға арзандауы мүмкін.

Егер банктің ипотекалық бағдарламалары болмағанда баспана алушылар саны аз болар еді. Сол ипотеканың арқасында жылжымайтын мүлікте қозғалыс бар. Жоғарыда атап өткенімдей жылжымайтын мүлік нарығы стагнация кезеңін өткеріп жатқандықтан үйлердің бағасы өспейді. Құны төмендемейтін ол жалға берілетін баспаналар. Себебі сырттан келушілер, жалдаушылар көп, - деді сарапшы.

Үйді арзандату жолы

Ал қаржыгер Расул Рысмамбетовтің пікірінше, үйді арзандатудың бір жолы бар.

Егер құрылыс материалдары Қазақстанда көптеп өндіріліп, бағасы халыққа қолайлы болса, ол үйдің бағасының төмендеуіне әсер етеді. Қазір баспананы салу үшін де, ішін толтыру үшін де қажет заттардың бәрі қымбат, - деді сарапшы.

Сонымен қатар Расул Рысмамбетов үйді жалға алатын адамдар ақшаларын жалдауға кетіретіндіктен, оны сатып алуға қаражат жинай алмайтынын атап өтті.

Шет мемлекетте жалдамалы пәтерде ондаған жылдар бойы тұратындар көп. Олар өздерінің тұрақты жұмысы, табысы болғандықтан үйді жалдай береді. Сондықтан әрбір адамның өз пәтері болуы міндетте емес. Мемлекет барлығына үй беру туралы мәселені қарастырғанша, халықтың жағдайын ойлауға көбірек назар аударуы тиіс. Атап айтқанда, адамдардың айлығын жоғарылату жағын қарастырғаны абзалырақ, - деп сөзін қорытындылады қаржыгер.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға