Жаңалықтар

Баспана бағасы тағы қымбаттауы мүмкін

Баспана бағасы тағы қымбаттауы мүмкін
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/DALL-E-3 08.04.2025 12:10 422

Наурыз айында Қазақстанда құрылыс саласында жыл басынан бергі ең жоғары баға өсімі тіркелді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі TENGENOMIKA Telegram-арнасына сілтеме жасап.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, құрылыс материалдарының баға индексі ақпанмен салыстырғанда 100,5%, ал 2024 жылғы наурызбен салыстырғанда 102,2% болды.

Салыстыру үшін айта кетейік: қаңтар мен ақпанда бұл көрсеткіштер тиісінше 99,9% және 100,1% болған.

Бағаның өсуіне негізінен құрылыс матералдарының қымбаттауы әсер еткен. Себебі Қазақстан көптеген құрылыс материалдарын өзі өндірсе де, импортқа тәуелділік сақталып отыр, әсіресе Ресейден жеткізілетін өнімдер көп. Сарапшылардың дерегінше, құрылыс материалдары импортының шамамен 50%-ы Ресейден келеді.

Оның үстіне жыл басынан бері теңге рубльге шаққанда 20%-дан астам әлсіреді. Бұл – рубльмен бағасы өзгермесе де, қазақстандықтар үшін ресейлік материалдардың қымбаттауына себеп болды. Соның салдарынан құрылыс жобаларының өзіндік құны артты.

Сарапшылардың айтуынша, құрылыс материалдарының қымбаттауы жылжымайтын мүлік нарығына да әсер етуі мүмкін. Көктемде сұраныс артып, құрылысшылар өз шығындарын баспана бағасына қосуы ықтимал.

Бағаның өсуі – отандық өндірушілерді қолдауды күшейтіп, логистиканы дамытып, импортқа тәуелділікті қайта қарау қажеттігінің белгісі. Сала сыртқы нарыққа тәуелді болып тұрған кезде, ол валюта бағамының ауытқуы мен сыртқы экономикалық қауіптерге осал бола береді, – дейді арна авторлары.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға