Жаңалықтар

Баспана алуға мемлекеттік бағдарламалар қолжетімсіз – Дәулет Мұқаев

Баспана алуға мемлекеттік бағдарламалар қолжетімсіз – Дәулет Мұқаев
Фото: Дәулет Мұқаев / Видеодан кадр 05.04.2023 12:14 2212

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында тұрғын үй бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар халықтың сұранысын қанағаттандырмай отырғанын жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Үйсіз-күйсіз жүрген қазақстандықтарды қолжетімді және сапалы баспанамен қамтамасыз ететін мемлекеттік бағдарламалар қолжетімді болмай отыр. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы «Бақытты отбасы» және «Шаңырақ» бағдарламаларының талаптарына өзгеріс енгізу. «Бақытты отбасы» бағдарламасы елімізде 2019 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Жыл сайын бюджеттен 50 миллиард теңге төңірегінде ақша аударылып, 8 мыңға жуық отбасы үйлі болды. Бағдарлама аясында максималды несиелеу сомасы аймақтар бойынша (Алматы, Астана, Шымкент, Атырау, Ақтау) максималды сома 15 миллион теңгеге тең еді. 2019-2020 жылдары бұл ақшаға 2 бөлмелі үй алуға мүмкіндік болса, қазіргі уақытта пәтер бағасы өскеннен тек 1 бөлмелі үй алуға мәжбүр», – деді.

Бұдан бөлек, депутат жастарға берілетін жалдамалы пәтер мәселесін көтерді.

«Жыл сайын Астана, Алматы, Шымкент қалаларында кемі 1000 пәтерден 3000 пәтер берілу керек еді. Алайда, үйдің уақытында салынбауынан жастар жалдамалы пәтерлерін өткен жылы толық алмады. Яғни, бағдарлама істеп тұрған жоқ. Жастар санаты 29 жастан 35 жасқа дейін өскендіктен, алдағы уақытта берілетін пәтерлер саны да өсуді талап етеді. Әрі бұл бағдарлама тек 3 қаламен ғана шектелмей, еліміздің барлық аймақтарында іске қосылу керек. Осы мәселеге байланысты Үкімет тарапынан нақты қандай іс-шаралар атқарылмақ? Баспана мәселесі бірден шешілмейтіні анық. Дегенмен, оған деген мұқтаждықты жою мақсатында мемлекеттік бағдарламаларды жаңартып, қайта қару қажет. Талап бар жерде, межелі міндеттер де орындалады деген сенімдемін. Жауапты заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша ұсынуыңызды сұраймын», – деді депутат Дәулет Мұқаев.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға