Жаңалықтар

Баспа ісіндегі редактордың рөлі мен қызметі

Баспа ісіндегі редактордың рөлі мен қызметі
21.11.2020 17:42 11366

Бұқаралық ақпарат құралдарында редактордың рөлі жоғары. Қазіргі таңдағы заманауи редактордың құзырына кіретін қызметтер жетерлік. Ол өз қызметінде редактор редакциялық-баспалық үдерістің ерекшелігіне негізделген әрекеттерді қолданады. Ал ол әрекеттердің белгілі бір принциптері, әдістері мен тәсілдері болады.

Редактордың ақпарат құралдарындағы шешуші рөлі

Редактор концепцияның негізделуінің шығармашылық міндетін шеше отырып, кітапты жобалаушының рөлін атқарады. Келесіде концепцияны ескере келе, редактор шығарманың авторлық түпнұсқасын талдап, бағалап, оны ары қарай жүзеге асыруға жұмыстанадтын болады. Суретші-безендірушімен бірге иллюстрациялау мен безендіру міндеттерін шешіп, аппарат құрамын анықтап, оны дайындауға жетелемек. Жұмысқа лайықты баспаның техникалық қызметкерлерін тарта отырып, басылым элементтерін жүйелеп, баспалық түпнұсқаны (макет-түпнұсқа) құрады; кітапты тираждау кезеңдерінде бақылау-аналитикалық жұмыстары мен жарыққа шығаруға қатысады. Бір сөзбен айтқанда, қабылданған концепцияға сәйкес кітап дайындау үшін жүргізілетін редакциялық-баспалық үдеріске жетекшілік етеді. Жоғарыда көрсетілген міндеттерді шешу автормен арадағы міндетті байланыстарды талап ететіні анық. Редактор автор құрған шығарманың жоспар-проспектісін өңдеуге қатысады, автормен басылымды безендіру, аппаратын енгізу нұсқаларын талқылайды, басқа да міндеттерді атқарады.

Нақты басылымды дайындау барысында редактордың басты міндеті автордың қолжазбасын бағалау, оны өңдеу үшін міндеттері мен жолдарын анықтау және түпнұсқаны басып шығаруға дайындау болып табылады. Редактор әдеби шығарманы басуға дайындауға қабілетті шығармашылық ұжымды біріктіреді. Мұндай ұжымға кітапқа суреттерді орналастырып, безендіретін суретші, басылымның анықтамалық аппаратын құратын әдебиеттанушы, өнертанушы, библиографтар, білімнің түрлі саласының мамандары, рецензенттер мен кеңесшілер, көркемдік және техникалық редакторлар кіреді. Редактор шығармашылық ұжымның бірлігін қамтамасыз етуге, редакциялық-баспалық үдерістің түрлі кезеңдерінде басылыммен жұмыстануға осы және «басқа да» мамандарды тартуға міндетті.

Редактордың әдеби шығармамен жұмысына тақырып пен мәселені, деректік материалды тақырыппен және мәселемен байланысын бағалауға мүмкіндік беретін қолжазбаны сынап оқу жатады. Бұл баға әдеби шығарманың мазмұндық мәнін анықтауда маңызды орын алады. Редактор, одан бөлек, шығарма құрылымы мен автордың тілдік-стилистикалық құралдарды қолдануын талдай отырып, материалды беру формасын бағалайды. Шығарманы баспаға дайындауда редактор автормен бірге өз ескертулерін айта отырып, жұмыс істейді. Егер басылым үшін бұрын жарық көрген әдеби шығарамалар алынса, редактор өзі немесе текстология саласының маманы текстологиялық жұмыс жүргізуге дайын болуы керек.

Баспа ісіндегі редактордың рөлі мен қызметі

Шығарманың тілі және стилімен жұмыс істеу үшін жазылған тілді, практикалық және функционалды стилистиканың негіздерін білу өте маңызды.

Кітаптың концепциясына бағыттала отырып, редактор бұрын басылған шығармалардан таңдап алады немесе авторға жаңа жұмысқа тапсырыс беріп, болашақ басылымның моделін жасайды. Сонда ғана жетекшісі мен ұйымдастырушысы редактор болып табылатын кітап дайындайтындардың шығармашылық ұжымы құрылады. Ол қолжазбаның нәтижесінде дайын кітап пайда болатын редакциялық-баспалық үдерісті, яғни қолжазбаның баспадан және баспаханадан өтуін қамтамасыз етеді.

Концепция мен үлгісін құру кезінде редактор басылымның типі мен түрін анықтауға мүмкіндік беретін кітап типологиясын заттың ерекшелігіне, болашақ кітаптың оқырманына және мақсатына сүйеніп қарастырады. Бұл белгілер әдебиет түрі мен шығармалар жанрының сипатын ескере отырып, әдеби шығармаға қойылатын талаптарды анықтайды. Ол әдеби шығармамен жұмыстанғанда негізгі әдістердің бірі ретінде қолжазбаның тек түрлі аспектілері мен элементтерін бағалап қана қоймай, редактордың жоспарындағыдай басып шығаруды есептегенде шығарманы өңдеу бағыттары да кіретін редакторлық талдауды қолданады.

Редактор - нағыз істің маманы

Кітапты басып шығаруға дайындауда редакциялау редакциялық-баспалық үдерістің негізгі құраушысы болып табылады. Редакторға көп жағдайда әдеби шығарманың жоспарымен жұмыстанғанда автормен бірге жұмыс істеуге тура келеді, ол мәтінді өңдеумен айналысады, сурет пен безендірудің принциптерін, сондай-ақ болашақ кітаптың анықтамалық аппаратын құруды анықтайды.

Редактордан басылымды басып шығаруға дайындау кезінде басылым ағынын қалыптастырудан бастап тақырыптық жоспарларды ұйымдастыру мен құруға дейінгі ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметтерді атқару талап етіледі. Басылымды дайындауды басқаратын баспаның жетекші маманы ретінде редактор басылымды даярлауға қатысатын мамандардың ішінен лайықты топты (ұжымды) құруға және барлық жұмысқа жетекшілік етуге міндетті. Ол редакциялық-баспалық үдеріске жаңа технологияларды енгізуді ұйымдастырушы болуы тиіс. Редактор-баспагер кітап мәдениетіне жауап беруі қажет. Ол бүтіндей кітапқа, оның аппаратында ақпарат сипатындағы элементтердің болуын қадағалауға, мақсатты құру мен оқырманға жауапты.

Редактордың ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметтеріне басқа да ақпараттық аспектілері бар қызметтер де кіреді. Оған кәсіпорындармен, кітапханалармен, ғылыми, оқу, кітап саудасымен айналысатын, қоғамдық ұйымдармен (мысалы, кітап сүйетіндердің клубы) байланыс орнату мен ұдайы қарым-қатынаста болу жатады. Бұл редакторға жалпы жағдайда жол көрсетеді, оған оқырман аудиториясы мен оның қажеттіліктері туралы ақпарат береді. Алынған мәліметтерді ол кітапты жарнамалауда, кітап басу саясатын түсіндіруде, тақырыптық жоспарларды талдауда, бұрын шыққан кітаптар жайлы пікірлерді зерттеуде қолданады.

Редакторлар – бір мезгілде оқырман мен автордың орнына жұмыс істейтін адамдар. Редактор – тек мәтіннің оқырманы ретінде емес, шығармаға автордың көзімен қарай білуі тиіс маман. Ол автордың өз шығармасында нені айтқысы келгенін біліп, кітаптың ойын, ішкі дүниесін көріп тұруы қажет. Редактор автордың әр сөзі арқылы айтпақ ойын дұрыс жеткізе білуі керек. Автор шығармасында суреттелген, айтылған нәрселерді шынымен түсінетін ең алғашқы нағыз оқырманы да баспа редакторы болып табылады. Соныдықтан, оны бірінші оқырман деп те атайды.

Редактор қызметінің міндеттері кітаптың қоғамда қолданысқа енуін, қоғамдағы оқырманның, жалпы және әр оқырман тобының талаптарын қанағаттандыруға негізделген. Кітаптың әлеуметтік рөлі редакторлық тәжірибеде әртүрлі қызметтердің үйлесетінін көрсетті. Редактор шығармамен және басылыммен жұмыс істейтіндіктен, оның қызметі интеллектуалды және материалдық-тәжірибелік болып табылады. Әрбір қызметтің өзінің нақты мақсаттары бар – түпкі және аралық. Мақсатына қарай редактор еңбегі танымдық, қайта құрушылық, бағалау-бағдарлау және коммуникативті болуы мүмкін. Редакторлық тәжірибеде бүтіндей бір қызмет түрін бөліп көрсету қиын.

Редактордың танымдық қызметінің мәні жалпы білім және кәсіби деңгейін жоғарылату, шығармада суреттелген зат жөніндегі білімін молайту үшін түрлі әдеби дереккөздерді оқып үйренуінде жатыр. Редактор үнемі өз білім кеңістігін кеңейтуі тиіс, әйтпесе, оның жұмыс істей алуы мүмкін емес, себебі әр әдеби шығарма – шығармашылық еңбектің нәтижесі ретінде жаңа, қайталанбас, бірегей болып табылады және ол терең зерттеуді талап етеді. Редактордың қолында үнемі авторлық жұмысқа қатысты анықтамалық әдебиет, кітаптар болады. Редактор кітап таратудағы жағдайды, оқырмандар талабы мен мүмкіндіктерін зерттейді, өз саласы мен аралас кәсіби саладағы зерттеулермен танысады.

Қайта құрушылық қызмет әдеби шығармалар мен шығарылатын басылымдарды жүзеге асырумен, редакциялық-баспалық үдеріспен, авторлардың жұмыстарының әдістемесімен, еңбекті өзіндік қабылдау әдістерімен, кітап тарату ісімен байланысты. Кең жоспарда ол өзекті мәселелер бойынша қоғамдық пікірді, оқырманның жалпы білім беретін, жалпы мәдени және кәсіби деңгейін қалыптастырады.

Бағалау-бағдарлау қызметі басылым шығаруды жоспарлауда, тақырып, автор, рецензент, суретші таңдауда, шығармамен жұмыстануда, жарияланымға арналған материалдарды бағалау мен іріктеуде, оқырмандармен, баспа қызметкерлерімен байланыс кезінде, кітап тарату үдерісінде, жұмысқа қажетті әдеби дереккөздерді іздеу мен таңдауда көрініс табады.

Коммуникативті қызмет, алдымен, кітаптың, ұйымдастырушылық үдерістердің коммуникативті функцияларымен, автор, рецензент, оқырман, кітапхана мен кітап саудасының қызметкерлерімен байланысы арқылы анықталады.

Редактор атқаратын жұмыстардың мазмұны мен сипаты алуан түрлі. Редактордың функционалды міндеттері кәсіби қызметінің редакциялық-баспалық, ұйымдастырушылық-басқарушылық, ақпараттық және маркетингтік бағыттарына сәйкес қалыптасады.

Редактордың редакциялық-баспалық функциялары басылымды дайындау мен талдамалы және әдістемелік сипаттағы шығармашылық қызметте жүзеге асады. Бұл – басылым концепциясын құрастыру, шығарма және аппаратпен әдеби-талдамалы жұмыс жүргізу, авторлармен, баспа, баспахана қызметкерлерімен шығармашылық байланыста болу.   Шығармашылық жұмыстың элементтері нақты шарттағы және шынайы өндірістік жағдайдағы редакциялық-баспалық үдерістің ерекшеліктері арқылы анықталады. Шынайы өндірістік жағдай бәрінен бұрын авторлық түпнұсқаның сапасы мен шығарманың баспаға түскен кездегі жарияланымға дайындық деңгейіне байланысты. Егер шығарма редакторлық өңдеуді қажет етпесе, онда ол дайындық кезеңдерінен өтпейді.

Редактордың редакциялық-баспалық функцияларының шығармашылық мәні нәтижесінде әдеби шығарма туатын әдеби еңбектің шығармашылық табиғатына негізделген.

Редактор мен маркетинг

Ұйымдастырушылық-басқарушылық функция шығарма мен басылымды дайындау барысын, сондай-ақ кітап басып шығарудағы байланыстың барлық түрін шығармашылық және өндірістік үдерістермен қамтамасыз етумен байланысты. Редактордың ұйымдастырушылық-басқарушылық қызметінің мақсаты мен міндеттері олардың редакциялық-баспалық үдерістің қай кезеңімен байланысты екеніне және дәл сол уақытта ой еңбегі мен өндірістік жұмыстың қайсысы маңызға ие екеніне тәуелді. Ұйымдастырушылық-басқарушылық міндеттердің қатарына сыртқы рецензиялау, авторға көмектесу, жоспарлау мен баспа тобы арасында жұмыстарды бөлу, жұмыстың орындалуын бақылау және тексеру, өндірістік жағдайларды түзету, баспалық үдерісті басқару, кеңес беру, жаңа техникалық құралдарды қолданысқа енгізу мен пайдалану және т.б. жатады.

Ақпараттық функция редактор қызметінің барлық түрінің ақпараттық аспектілеріне негізделеді. Олар кітаптың – әдеби шығарма аппаратының ақпараттық функцияларымен байланысты. Қалған ақпараттық міндеттер редактордың өзіндік орындаушылық әрекеттері (шығармашылық және өндірістік) мен кітап саласындағы барлық әрекеттеріне де қатысты. Бұл библиографиялық жұмыс, аппарат элементтерін дайындау, кітап шығарудың тиімділігі үшін қажетті автоматтандырылған деректер банкін жүргізу, кітапты насихаттау мен жарнамалау және т.б.

Редактордың маркетингтік функциялары басылыммен жұмыс істеудің барлық сатысында жүзеге асырылады. Негізінде, олар экономикалық мәселелердің шешімімен және кітаптың көрінісі мен өтімі бойынша анықталады. Редактор басылым концепциясын құра отырып, оқырман аудиториясы мен кітап нарығының жалпы зерттеулеріне сүйенеді, ал кейіннен басылым концепциясына қарай баспаханамен орындалатын иллюстрация, безендіру элементтері байланыстырылады.

Редактордың барлық функциялары кешенді өзара қатынаста және өзара шарттылықта болады. Мысалы, белгілі бір ұйымдастырылған әрі ақпараттық жұмыссыз авторлық түпнұсқамен шығармашылық жұмыс істеу мүмкін емес. Редактор автормен, рецензентпен байланыс орнатпаса, басылым массиві мен ағынына қатысты ақпарат болмаса, редакциялауға керекті әдеби дереккөздер табылмаған болса, онда шығарманы жетілдірумен айналыса алмайды.

Редактор қызметінің функционалды бағыттарын құру кітап ісіндегі өзгерістер, редакциялық-баспалық үдеріс пен кітап тарату жүйесіндегі, ең бірінші кезекте, кітап саудасындағы редактордың рөліне сәйкес өтеді. Редактордың ұйымдастырушылық-басқарушылық, ақпараттық және маркетингтік міндеттерінің үлесі бұрынғы авторлық түпнұсқаны түзетумен, яғни әдеби жұмыспен салыстырғанда әлдеқайда артты.

Редактордың кәсіби қызметінің ерекшеліктерін зерттеу оның элементтерінің әрқайсысын жеке-жеке қарастыруды талап етеді. Осы орайда, Ахмет Байтұрсынұлының «редактор» деген атауды «сарашы» деп қолданғаны белгілі. Яғни, ол бәрін електен өткізуші, бақылаушы, жұмыстың барлық кезеңіндегі үдерістің жетекшісі мен қолжазбаның әр сөйлемінің мағыналық байланысы мен мазмұнын саралаушы болып табылады. Қолжазбамен жұмыс істеудің қиын кезеңдерінің жауапкершілігін өз мойнына алады. Редактордың белгілі бір қолжазбамен жұмыс кезінде кез келген қызмет түріндегі секілді мұнда да өз объектісі болады – әдеби шығарма, субъект – редактор, әдіс – редакторлық талдау, соңғы өнім – басылым, кітап.

Редактор қызметінің нысаны ретінде әдеби шығарма шығармашылық еңбектің нәтижесі болып табылады. Жоспардан аяқталған жұмысқа дейін қорытындылау дәрежесі әр түрлі болуы да мүмкін. Еңбек нәтижесі ретіндегі әдеби шығарма қайталанбас дүние. Мұнда автордың дербестігі, шығармашылық мәнері көрініс табады. Әдеби шығармада белгілі бір зат немесе заттар жиынтығы қарастырылады, ол әдебиеттің нақты түріне жатады, оның өзіндік жанрлық сипаты бар. Оның мазмұны мен пішінінде идеялар, фактілер, түсініктер болады. Кез келген әдеби шығармада автордың тақырыпты құруынан өзіндік идеялық мәні, өзіндік фактология, құрылым, өзіндік тілдік құрылым мен тілдік-стилистикалық құралдары көрінеді.

Әдеби шығарма әрдайым құрамы бойынша күрделі. Вербалды бөлігінен басқа мұнда мәтінге қытысы жоқ материалдар (суреттер, формулалар, кестелер) да болуы мүмкін. Шығарманың түрлі фактілік материалында өзіндік табиғат, өзіндік ой жеткізу тәсілдері, өзінің мазмұндық, логикалық, эмоционалды, эстетикалық, психологиялық мағынасы болады. Деректердің табиғатын ескерсек, олар дерек-әрекеттер, дерек-сапа, дерек-қасиеттер, дерек-белгілер, дерек-үдерістер, дерек-құбылыстар мен сәйкесінше, олардың жиынтығы болып бөлінеді. Әдеби шығармада деректер сөздік-түсіндірмелік формада беріледі: цифрмен, цитаталармен; сондай-ақ даталар, тектер, атаулар болуы мүмкін. Мазмұндық мәні бойынша негізгі жағдайлар, дәлелдер, мысалдар бөлінеді. Әр деректе белгілі бір ақпараттылық бар. Ол оқырманға эмоционалдық, эстетикалық және психологиялық тұрғыда әсер етеді. Осыдан келіп, редакторлық тәжірибеге қажетті деректер классификациясы шығады.

Редактор жұмысы кез келген басқа маман сияқты өз кәсіби қызметінде құрамы бойынша кез келген жағдайдағы өз ерекшеліктері сияқты соңғы өнімге – басылымға бағытталады. Дұрысында, басылым тек кітаптың әлеуметтік функциялары жеткілікті тиімділікпен жүзеге асырылғанда ғана максималды түрде оқырманның қажеттіліктері мен мүмкіндіктерінің үдесінен шығады. Басылым түрлі дәрежеде тармақталған, алайда әрдайым біртекті бола бермейтін шығармалар мен аппараттан тұрады. Ол мағынасына қарай иллюстрацияланып, полиграфиялық құралдармен безендірілуі тиіс. Кез келген басылымға белгілі бір түр мен типтегі белгілер тән (мақсатты құру, оқырман мекен-жайы, ақпараттың сипаты).

Қызмет нысанының қиындығы онымен жұмыс істеудегі әдістемелік тәсілдерді және бүтіндей әдістемені қамтиды. Әдеби шығарманың ерекшелігінің өзі редакторлық талдау элементтерінің әдеби материалды: оның мазмұны мен формасын жан-жақты зерттеп, бағалауға мүмкіндік беретін құрамын анықтайды.

Талдау екі жоспармен жүреді. Біріншіден, деректік, логикалық және тілдік-стилистикалық қателер мен олқылықтар анықталады, екіншіден, шығарманың заттық бағыты, әдебиет түрі, жанры, автордың тұлғалық көрінісі мен басылым концепциясы тұрғысынан қойылатын талаптарға сәйкестігі анықталады. Әдеби шығармада қандай да бір қателердің болмауы немесе олардың оңай түзетілуі мүмкін, алайда соған қарамастан ол ғылыми-көпшілік материал сияқты болмағандықтан, жетілмеген болуы мүмкін.

Редакторлық талдау қалай жүзеге асырылады?

Әдеби шығарма табиғатынан көп элементті болып келеді, редакторлық талдау барлық элементтері мен олардың сипатын, бағасын іздеп табудан тұрады және бұларды реттілігімен орындауға мүмкіндік береді. Соңғысы редакторлық талдауда редактордың саналы түрдегі мақсатының болатынын білдіреді. Басқаша айтқанда, маман авторлық жұмыс туралы ақпаратты ескере отырып, берілген шығармадан нені, қандай ретпен іздеуі керек екенін біледі.

Талдау мәтінге тереңінен үңіліп, шығарма материалының түрлі көлемін қамти отырып жүргізіледі. Сонымен, шығарманы алғашқы жалпы бағалау тақырып құруда және жұмыстың жалпы құрылымында сүйенетін басты ойды талдауға негізделеді. Жеке бөліктерде негізгі ойды біріктіретін бүтін мазмұндық блоктар, дәлелдер мен мысалдар және абзацқа дейінгі олардың құрылуы талданады.

Талдауды мақсатты құру әр түрлі болып келеді. Жалпы түрде олар, біріншіден, ретроспективті, ағымдағы және перспективті кітап ағынын бағдарлаумен, екіншіден, жеке шығармамен жұмыстанумен, үшіншіден, басылымды даярлаумен, төртіншіден, кітапты насихаттау мен оқырмандармен байланыс орнатумен байланысты. Талдау үдерісінде шығарма мен басылыммен жұмыс істеу кезеңдеріне байланысты мақсатты құрулар, жеке сұрақтарды шешуге бағытталған аралық мақсатты құрулар анықталады. Редактордың ойлау үдерісі жұмыстың кез келген уақытында белгілі бір мақсатты құруға бағынуы тиіс. Оның реттілігі, саналы түзету мүмкіндігі, көбінесе, мақсатты құрудың қаншалықты нақты әрі дұрыс анықталғанына, яғни редактордың жұмыстың әр кезеңінде өз алдына қаншалықты нақты міндет қоя алатынына байланысты. Мысалы, талдаудың жалпы бағдарлануында шығарманы зерттеуге мазмұнын талдап, негізгі ойын, дәлелдері мен мысалдарын анықтау міндеті қойылады.

Редактор автор үшін жазуға міндетті емеc. Бұл қазіргі баспа ісі тәжірибесінің бұлжымас ережесі. Редакторлық шығармашылықтың шегі аса қатаң түрде белгіленген, соған қарамастан редактордың әдеби еңбегі – жаңа білімді белсенді түрде үйренуді, автордың өзіндік ойы мен стилін түсіну, оған әдеби шығарманың формасы мен мазмұнын біріктіру қажеттілігі туындайтын шығармашылық еңбек. Шығармашылық үдеріс автор мен редактор үшін әр түрлі жүреді. Егер автор әдеби шығарма жазуға шынайылықты бақылаудан, өмірді зерттеуден, оларды ой елегінен өткізіп, жалпылау арқылы келсе, редактор үшін шығармашылық үдерістің бас нүктесі, әдеби жұмысының импульсі ретінде автордың аяқталған шығармасы қызмет етеді. Әдеби шығарма мәтіні онда көрсетілген шынайылық үшін екінші орында, алайда редактор назарына тек таным пәні ретінде мәтін ғана емес, ол көрініс табатын қатынастардың барлық күрделі кешені кіреді: автор жасаған жалпылау сипаты, бұл жалпылау мен шынайылықтың арасындағы өзара қарым-қатынас пен өзара тәуелділік. Авторлық шығармамен жұмыс істей отырып, редактор өз ойынша мәтіндегі авторлық ойдың пайда болуы мен жүзеге асуына дейін қайталай отырып, автордың болжамдарын өзінікімен салыстырады. Біз редактордың сахналық өнерге жақын өзіндік жаңа түр беру қасиеті туралы айтуға құқылымыз. Мәтінге енгізілген өзгерістер үйлесімді болса, олар оның біртұтастығын бұзбайды. Алайда, мұндай редактор бір уақытта қатал аналитик болады. Ол автордың көзқарасын заманауи ғылыми білімнің жеткен деңгейімен сәйкестендіріп, қорытындыларды бағалайды, оқырманның мәтінді қалай қабылдайтынын болжап, мазмұндау әдістерін нақтылайды. Шығармашылық бастаманың, қиын талдамалы жұмыстың, нормативтік талаптардың үйлесімі еңбек пен шығармашылықты біріктіретін редакциялаудың психологиялық ерекшеліктерін қалыптастырады. Жұмыс барысында редактор өзін тұлға ретінде танытады. Оның адами «мені», алдымен, еңбек пәні – әдеби шығарманың мәтінінің негізінде ашылады және автормен, баспаның басқа да қызметкерлерімен қарым-қатынасы кезінде көрінеді. Әр редактор редакциялаудың өзіндік жаңа стиліне, өзіндік жұмыс әдістемесі мен тәсілдеріне жүгінуге құқылы. Бірақ, әр редактор бұл құқықты жүзеге асыра ала ма? Әр редактор шебер бола ала ма? Мұндай болу үшін белгілі бір әдеби дарын керек, мәтінді көру арқылы қабылдау қасиеті болуы тиіс, филологиялық зерттеуге ыңғайланып, оқуға, білім жиюға ұмтылуы және бұларды саналы, мақсатты түрде істеуі қажет. Редактордың бұл жеке қасиеттері – шеберлікке жетудің алдыңғы баспалдағы. Редактордың кәсіби психологиясының ерекшелігі – шығармашылық еңбектің ұжымдасуы, қызметкерлердің психологиялық ережесінің ортақтығы, өзара қарым-қатынас.

Сондықтан, жас редакторға уақытында көмек беру өте маңызды. Бұл оның шығармашылық қалыптасуының алғышарты болып табылады. Жас редакторлар туралы айтқанда екі типтік жағдайды көреміз: өз білімі мен мүмкіндіктерін аса жоғары бағалау, ақталмайтын пікір айту, мәтінге дөрекі түрде араласу және өз-өзіне деген сенімсіздік, «осал» түзету. Жас редактордың алғашқы редакторлық тәжірибесі оның кәсіби тағдырына елеулі түрде әсер етеді. Өзі үлгілерді көшіріп, өз бетімен үйренгені дұрыс емес. Бұл кезде тек сыртқы, техникалық белгілерін еске сақтайды да, санасында әрдайым қажет бола бермейтін стереотип қалыптасады. Жеке әдістемелердің көп нәрсені үйретері, жол нұсқары сөзсіз, бірақ редакциялау шығармашылық жұмыс болғандықтан, қолжазбаның қайталанбас еңбек екенін естен шығармау қажет. Редактор мен автордың өзара қарым-қатынасы әрқашан күрделі. Мазмұндау ерекшеліктерін, автор ойын тануға талпынып, редактор белгілі бір дәрежеде өзін онымен теңестіреді, алайда шығарманы түсінуді автордыкімен салыстыра отырып, өз дербестігін, өз талдауын, өмірлік тәжірибесін сақтайды. Бұл қарым-қатынастың психологиялық алғышартына әлеуметтік байланыс, адамның адаммен араласуы жатады, оларды зерттеу үшін әлеуметтік психологияға жүгіну керек.

Редактор жұмысы – орфография, пунктуация, стилистика, жанр теориясы саласынан ерекше біліктілікті қажет ететін іс.

Редактор жұмысының әдістемесіне басылымды құру, шығару мен таратуға арналған алғышарттарды жасау, операциялар мен әрекеттердің шарттары мен ретін орнату жатады. Редактордан белгілі бір әрекеттер мен ұйымдастырушылық-басқарушылық функцияларды орындау, сондай-ақ редакциялық-баспалық үдерістің барлық кезеңдерінде бақылау талап етіледі. Осылайша, редактордың еңбегі барлық редакциялық-баспалық үдерістің орталық негізі болып табылады.

Редактор қызметін құратын шығармашылық және тәжірибелік әрекеттер мен операциялар жиынтығы өзара шарттасқан және мақсатты түрде бір-бірімен байланысып, оның жүйелік сипатын танытады. Жүйелілік редакторлық қызметтің маңызды әдістемелік принципіне жатады. Редактор еңбегінің соңғы өнімі ретінде қарастырылатын кітап редакторлық қызметтің жүйе құрушы факторы болып есептеледі. Ол орындалатын операциялар мен әрекеттердің құрамын, құрылымын, мазмұнын, жиынтығын, олардың ретін, сонымен қатар қолданылатын формалары, әдістері мен құралдарын анықтайды.

Редактордың мақсаты қашанда айқын. Оның мақсаты оқырман талабы мен сұранысына сай келетін кітапты құру, шығару мен таратудан тұрады. Сондай-ақ, кітап қажеттілікті, яғни қоғамдық немесе субъективті жеке қажеттіліктерді де қарастыра алады. Біріншісіне әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге қажетті, қоғамның барлық қызығушылығына негізделген, мысалы, оқулықтар туралы, ал екіншісіне жеке қызығушылықтарға сәйкес оқырмандардың түрлі санатына қажетті кітаптар жатады.

Редактор қызметі мақсатының тағы бір жағы – экономикалық. Міндеті – табысты кітап шығару мен оны сатудын пайда табу. Кітаптың табыстылығын арттыруға, бірінші кезекте, редактордың дайындау және тираждау кезіндегі экономикалық көрсеткіштерді есептеуі әсер етеді. Ғылыми, оқу, анықтамалық, ғылыми-көпшілік, ақпараттық басылымдарда қоғамды ілгерілетуге ықпал ететін ғылым, техника мен мәдениет жетістіктері туралы ақпаратты, білімді тарату үлкен әсер, соның ішінде экономикалық әсер береді. Алайда, қазіргі экономикалық жағдайларда редактор баспа ісінің бизнес екенімен, кітаптардың сатып алушыға бағытталғанымен санаспай тұра алмайды. Сонымен, редактор қызметінің экономикалық жағын айтқанда коммерциялық аспектіні естен шығармау керек. Кітап басудың коммерциялануы редакторлық қызметтің әдістемесіне әсер ететін маңызды фактор болып саналады. Редактор қай кезде болса да, оқырманға қандай кітап қажет, дәлірек атқанда, оқырман қандай кітапты сатып ала алады деген сұраққа жауап бере білуі тиіс. Редактор кітаппен жұмыс істегенде оның тауар ретіндегі көрінісін назардан тыс қалдыра алмайды. Бірақ, ол кітапта рухани және материалдық нәрсені қалай үйлестіру қажеттігін білуі қажет.

Редактор кез келген басқа да мамандық иесі секілді өз жұмысының нәтижесін бағалауға міндетті. Шығарма баспаға қалай дайындалған, ол қалай иллюстрацияланған, егер иллюстрацияланбаған болса, неге екенін және мұның дұрыс-бұрыстығын, басылым қалай безендірілген және полиграфиялық орындалған – осы және өзге де сұрақтардың жауабы жұмыс қорытындысы болып табылады. Дәл осы кезеңде көп жағдайда шығарма материалын қайта ойластыру, өзінің күшті және әлсіз жақтарын, сәттілігі мен сәтсіздігін түсіну жүреді. Маман үшін өз еңбегінің нәтижесін көру өте маңызды. Редактор өзін-өзі талдаумен белгілі бір дәрежеде шығармамен, басылыммен жұмыстың барлық кезеңдерінде үнемі айналысады. Бірақ, соңғы қорытындылар, өз жұмысының жалпы бағасы тек қорытынды кезеңде – таза беттерді оқу мен бақылау данасының жарыққа шығуына қол қойылған кезде ғана мүмкін болады. Әдеби шығарманы оқу мен талдау бұл кезеңде дайындалған шығарманы тағы бір рет көріп, қажет болған жағдайда қателерін табуды мақсат тұтады. Редактор басылымға жауап береді және оған дайын күйінде баға беруі тиіс. Бұл редактор шеберлігін арттыруға өте пайдалы.

Қолжазбаның редакцияға түсіп, таза беттердің алынуына дейінгі шығарманы әр оқығанда алдыңғысымен салыстырғанда күрделірек болады. Бұл психологиялық тұрғыдан тек автордың жұмысын бағалап, кейін шығарманы жетілдіруге қатысқан соң, басылымды даярлау үдерісінде бағалау қорытындысы редактордың өзіндік жұмысымен байланысады. Оның үстіне редакциялық-баспалық үдерістің алғашқы кезеңдерінде, мысалы, редактордың шығарманы өңдеу бойынша нұсқаулар берген кезде редактордың авторлық материалға араласу деңгейі шектелмейді. Содан кейін авторлық мәтінге араласу көлемі шектеле бастайды және таза беттер мен бақылау данасын оқу кезінде мұндай мүмкіндік болмайды.

Редактор қандай да бір сәттен бастап қателерді түзеу мен олқылықтарды жоюдың мүмкін еместігін түсінеді, ал оның еңбек үлесі жауапкершілігі сияқты аса үлкен. Сондықтан, мәтінге қатты әсер етеді. Материал редакторға таныс болғандықтан, ол бәрінің дұрыс екеніне және олқылықтардың жоқтығына көз жеткізуге талпынғандықтан, жұмысты тез бағалайды.

Редактор бақылау данасын оқу кезінде шығарманы талдайды, өз жұмысына қатысты қорытынды шығарады (оң немесе теріс) және ол осылайша өзіндік тәжірибесін молайтады, келесі баспалық тәжірибесіне қажет болатын кемшіліктерді анықтайды. Шығарма мен басылымды талдау кезінде орындалған жұмысқа қатысты жұмыс барысына байланысты ой елегінен өткен қатынас туындайды. Редактор өзін кітап құрушы ретінде сыртынан көреді. Бұл кезде автормен шығармашылық байланыс орнады ма, жоқ па, егер жоқ болса, неге екенін, редактор бақылауының болмағаны ма, автордың дербестігін, өзіндік ойын көрсетуде, авторлық жоспарға редактордың әрекеттері кедергі келтірмеді ме, сол туралы ойланғаны жөн. Шығарма және басылымды талдаудың нәтижесінде, біріншіден, жеке сипаттағы қателіктер, екіншіден, концептуалды олқылықтар мен кемшіліктер анықталады. Біріншісі нақты басылымның шегінен шықпайды, алайда олар қайталануы мүмкін, қайталанады да. Ал олардың себебін түсіну кейінгі қателіктердің алдын алуға көмектеседі. Редактор жұмысында неге баса назар аудару керектігін түсінеді. Концептуалды қателер редактордың кәсіби дайындығының жалпы деңгейімен байланысты. Олардың анализі мен сәйкес қорытындылары редакторды әдеби-баспалық қызметті ойластыруда сапалық жағынан жаңа деңгейге көтереді.

Редактордың кітапты ілгерілету бойынша жұмыстары оны баспаға дайындаумен бірге басталады. Редактор қандай да бір басылымды ойластырғанда қандай кітап болатынын және оны кім үшін жасайтынын анық білуі тиіс. Кітаппен жұмыстанудың негізгілері басылымның оқырмандарына байланысты – оның құрамы мен құрылымы, көркемдік безендірілуі, яғни аудиторияның қажеттіліктерін қанағаттандыратын екі негізгі аспектіні – функионалдылық пен эстетиканы бөліп көрсетуге болады. Кітап қандай болады және неден тұрады – басынан бастап редактор жұмысының пәні. Ішкі, сыртқы безендіруге қарамастан түптеуді мамандар орындайды, алайда басылым жүйесін редактор ойластырады. Ол өз ойын, мақсатын басқа мамандарға – суретші, безендіруші, түптеушіге дұрыс жеткізе білуі тиіс. Нақты қойылған міндет жөндеу мен қайта жасаудың ықтималдығын азайтатындықтан, бәрінің жұмысын жеңілдетеді. Кітаптың ішкі, сыртқы безендірілуі аяқталған соң жасалып жатқан басылымды бүтіндей қамту керек: элементтері сәтті таңдалған ба, бір-бірімен үйлесе ме, мұқаба мен аннотация арасында стильдік қарама-қайшылық жоқ па деген сұраққа да жауап берілуі қажет.

Кітап жарнамасында аннотация құру маңызды нәрсе. Әсіресе, аппараттың осы элементі танымал емес авторлардың шығармаларын басқанда өте маңызды. Баспаның табыстылығы тек басты нәрсе – өз кітабына потенциалды сатып алушылардың қызығушылығын ояту болғанда ғана артады. Бұл үшін сатып алушыларға нарыққа шығуды мақсат тұтқан кітап туралы ақпарат жеткізіп, кітап алатын тұлғалардың қызығушылығын ояту бойынша жұмыс істейтін сауатты топ қажет. Баспагер сатып алушыларды ақпараттандыру үшін өзінің коммуникациялық жүйесін құруы және барлық ақпараттық арналарды қолдана отырып ұдайы олармен жұмыстануы тиіс. Баспаның коммуникацияға бөлетін шығыны инвестицияланған капиталды толығымен қайтаруы қажет. Бұл жағдайда редактор маркетингтік қызметтердің жұмысына әсер ете алады, мысалы, соңғы кезеңде, мөр қойылып, басуға жіберген кезде газет пен журналдарға жариялау үшін оның сәтті үзінділерін таңдап алуы керек. Ол мәтінде жазылған жайтты, қандай оқырманға қызық болатынын және қандай басылымға орналастырған дұрыс екенін басқалардан артық біледі. Редактор кітаптың таныстырылымына қай басылымның журналистерін шақырған жөн екенін, радиода кітап туралы қалай айту керектігін және т.б. өте жақсы біледі.

Кітап дайындаудағы өз жұмысының нәтижесін толық бағалау үшін редакторға шыққан кітапқа берілген рецензия мен оқырмандар пікірімен танысып шығу, оларды бағалау қажет. Бұл редактордың кәсіби пікір мен адамдардың алған әсерін салыстырып, жұмыс барысында байқалмаған кітаптың қандай да бір артықшылықтары мен кемшіліктерін көруге мүмкіндік алады. Редактор өз жобасының тиімділік дәрежесін, алдымен, экономикалық тиімділігін білуі тиіс. Бұл үшін сату бөлімімен тығыз қарым-қатынаста болу, бестселлерлер рейтингін бақылау керек.

Сонымен, редактор жұмысының жан-жақтылықты талап ететінін, оған артылар жүктің ауыр екені белгілі. Оның жұмысының негізі, өзегі саналатын мәтінмен жұмыс істеу, оны редакциялау, өңдеу, редакторлық шеберлік негіздері баспада редактор қызметінің мәнін құрайтынын білеміз. Сондықтан, редактор жұмысының басты бөлігі – редакциялау.   

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға