«Бас редакторлар клубының» мүшелері «ÓzgeEpic» креатив хабын аралады

Бас редакторлар клубы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшелері «ÓzgeEpic» креатив хабына арнайы барып, орталықты аралап, оның мүмкіндіктері мен ұсынатын қызметтері жайлы мол мағлұмат алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
«ÓzgeEpic» — музыка, әдебиет, кино, театр, бейнелеу өнері бағытында жұмыс істейтін жаңа орталық. Ашылған кезден бастап, креатив хабында жастарға арналған ашық дәрістер дәстүрге айналып келеді. Жуырда медиа саласының майталманы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты және Ұлттық Құрылтай төрағасының орынбасары Бибігүл Жексенбайдың арнайы дәрісі өтті.
Кездесуде спикер қазіргі медианың жылдам өзгеруі, ақпараттың қоғамға әсері және журналистиканың рөлі туралы кеңінен ой қозғады. Ақпаратты таратудың жауапкершілігі, шынайылық пен этика ұғымдарына ерекше тоқталып, қатысушыларға терең ой тастады.
Бибігүл Нұрғалиқызының мына екі пікірі тыңдаушыларға ерекше әсер етті:
«Әлеуметтік медиа мен жасанды интеллект біздің өмірімізге терең енді. Соның нәтижесінде шындықтың сипаты да өзгерді. Ол – әртарапты, күрделі әрі көпқырлы құбылысқа айналды. Біз енді осы сипаттағы түрлі көзқарастар мен интерпретацияларды сараптайтын боламыз.»
«Қазір технологиялар әр адамға дербес білім алып, дамуға жол ашып отыр. Бұл – үлкен мүмкіндік. Біз тек балаларды ғана емес, ересектерді де үздіксіз оқытуымыз керек. Алайда жаңа дәуірдің құндылықтарын бала кезден бойға сіңіру аса маңызды.»
Дәріс соңында қатысушылар өз сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты. Ашық форматта өткен кездесу медиа мамандары үшін ғана емес, ақпарат тасқынымен бетпе-бет келіп жүрген әр адам үшін пайдалы болды.
