Жаңалықтар

Бас прокуратура ҚФФ-ның қаржылық шығындарын тексеріп жатыр – Марат Омаров

Бас прокуратура ҚФФ-ның қаржылық шығындарын тексеріп жатыр – Марат Омаров
Фото: ҚФФ баспасөз қызметі 17.02.2025 15:20 708

Бүгін Қазақстан футбол федерациясының жаңа президенті Марат Омаров алғаш рет баспасөз мәжілісін өткізіп, тілшілердің сауалына жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Былтырғы жылдың желтоқсанынан бастап қазіргі уақытқа дейін Федерация жұмысына сараптама жүргізіліп жатыр. Осы тапсырма аясында Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Қазақстан футбол федерациясының соңғы төрт жыл ішіндегі қаржылық шығындарын тексеріп жатыр.  5 ақпан күні Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі кәсіпқой клубтардың қызметіне қатысты коррупциялық қатер, ФИФА мен УЕФА тарапынан бөлінген қаражат туралы ақпараттың ашық болмауы жөнінде ақпарат жіберілді. Сараптама қорытындысы айтарлықтай тәуекелдердің болғанын дәлелдейді, - дейді Марат Омаров.

Оның айтуынша, екі айдың ішінде федерация өз күшімен футболдың қазіргі жағдайына байланысты кешенді талдау жұмыстары жүргізіліп, салмақты мәселелерді анықтады деп отыр.

Алдағы уақытта осы бағытта жұмыс істеуге тура келеді. Оның ішінде Ұлттық құрама мен кәсіби футбол клубтарының халықаралық аренада нәтижелері қанағатандырмайды, ФИФА рейтингінде 110 орын,  УЕФА рейтингінде – 33 орын. Қазақстанның ішкі жарыстарының деңгейінің жоқтығы, аймақтың футбол клубтарының қаржылық тұрақсыздығы, инфрақұрылымның ескіруі, елімізде төрешілерді дайындау жүйесінің жоқтығы және кәсіби бапкерлердің тапшылығы бар. Өткен аптада УЕФА штаб-пәтеріне барып, ұйым басшысы Александр Чеферинмен кездестім. Оның қорытындысы бойынша Еуропалық футбол қауымдастықтарының одағының басшысымен келісімге келдік. Қазақстандық футбол әлемдік футбол экожүйесі мен интеграция сұрақтары бойынша халықаралық серіктестіктің толық қолдауына ие болады. УЕФА бірнеше рет қазақстандық футболға реформа қажет екенін атап өтті. Біз серіктестікке толық дайынбыз. Қаржы жағына келетін болсақ, біздің болжамымыз бойынша федерацияның биылғы кірісі 10 миллиард теңгені құрайды, ал шығыстары 14 миллиард теңгені құрайды. Бұл проблемаларды шешу үшін федерацияның негізгі департаменттеріне тағайындаулар жүргізіліп, қазіргі уақытта 160 адамнан тұратын штат, қызмет көрсету келісімі бойынша 30 адам бар, - дейді федерация басшысы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға