«Барыс» овертаймда «Металлург» командасынан жеңілді

Қазақстандық «Барыс» командасы Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын елордада Ресейдің «Металлург» (Магнитогорск) командасына қарсы өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Кездесу барысында командалар алма-кезек шабуылға шықты.
Елордалық клуб сапынан Райли Барбер 14, Роман Старченко 22-минутта екі гол соғып кетті.
Келесі кезекте ресейлік командадан Данил Юров 25, Никита Гребёнкин 35, Никита Михайлис 36-минутта мергендік танытты. Есеп 2:3.
Ресейлік клуб алға шықты. Ал 57-минутта «Барыс» сапынан Рудольф Червены таразы басын теңестірді.
Ойынның негізгі кезеңі 3:3 есебімен тең аяқталды.
Овертаймда «Металлургтің» жолы болды.
Осылайша «Барыс» қарсыласына 3:4 есебімен жол берді.
«Барыс» бұдан кейінгі ойынын 18 қазанда Ресейде «Сочи» командасына қарсы өткізеді.
