Барлық өңірде былтыр Ассамблея 15 мың шара өткізді - президент

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеядағы бірнеше құрылымдарға тоқталып, олардың маңызын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бүгін әріптесіміз Ахмед Мурадов және басқа да Ассамблея мүшелері ҚХА ардагерлерінің «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасын жүзеге асыруға белсенді түрде қатысатынын айтты. Мұндай жұмыстар ұлтымыздың жаңа болмысын қалыптастыруда Ассамблеяның әлеуетін кеңінен қолдануға мүмкіндік беретініне сенімдімін. «Ассамблея жастары» ұйымы мен оның құрамындағы Студенттік Ассамблея, Жас ғалымдар клубы, «Жаңа толқын» жобасы сияқты құрылымдар мыңдаған жастарымыз үшін нағыз бірлік пен ынтымақ, отаншылдық пен азаматтық жауапкершілік мектебіне айналды. Осы қозғалыстардың әрқайсысы елімізде жаңа қоғамдық этиканы орнықтырып, «Адал азамат» қағидатын насихаттауға елеулі үлес қосып жатыр. Этносаралық түсініспеушіліктердің алдын алуда маңызды рөл атқаратын ҚХА-ның этномедиция институтына тоқталғым келеді. Соңғы уақытта Ассамблея қызметіндегі сарапшылық құрамның сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Ғылыми-сарапшылар кеңесі мен 42 Ассамблея кафедрасы ұлт құрылымы мен этносаралық қарым-қатынастар үдерісін зерттейтін 360-тан астам сарапшыны біріктіріп отыр, - деді ол.
Президент ҚХА мүшелері күн сайын көзге көрінбейтін, бірден нәтиже бермейтін, алайда ұзақ мерзімді, стратегиялық тұрғыдан тиімді, ауқымды жұмыс жүргізетінін айтты.
Өткен жылдың өзінде Ассамблея барлық өңірде 15 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырды. Оған 1 миллионға жуық адам қатысты. Былтыр көктемгі су тасқыны кезінде азаматтарымыз зардап шеккен жандарға көмек қолын созып, ырысты ынтымақ пен бірліктің тамаша үлгісін көрсетті. Ассамблеяның «Жүректен жүрекке» жобасы аясында 12 мыңнан астам ерікті ортақ іске жұмыла кірісті. Олар гуманитарлық көмек пен жылу жинады. Қираған үйлерді қалпына келтіруге атсалысты. Жалпы, ел бірлігін нығайту ісінің стратегиялық маңызы ерекше. Соның айқын дәлелі ретінде Ассамблеяның «Ел бірлігі» ордені атты жаңа мемлекеттік награда тағайындалды. «Бірлік» ұғымы қазіргі дүние жүзіндегі тұрақсыз жағдайда аса маңызды. Әлемде, әсіресе, біздің айналамыздағы кейбір елдерде не болып жатқанына бәріміз куә болып отырмыз. Сондықтан шын мәнінде, «Бірлік бар жерде ғана тірлік бар». Бұл – ақиқат, - деді мемлекет басшысы.
