Барлық бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылуы мүмкін
Қазақстанда бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
«Балалардың дамуы үшін сапалы тамақтанудың маңызы ерекше. Балаларды тамақпен қамтамасыз ету стандарттары қайта қаралады. Оның ішінде барлық бастауыш сынып оқушыларын бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету сондай-ақ асханаларда қолма-қол ақшасыз есеп жүргізу жүйесін енгізу жоспарланып отыр», - деді Ғани Бейсембаев министрлік алқасының отырысында.
Министр 2022 жылы 136 мың оқушыға арналған 247 жаңа мектеп пайдалануға берілгенін атап өтті. Мектептерді жаңғырту жобасы бойынша шағын қалалар, аудан орталықтары мен ауылдардағы 421 мектепте асханалар мен 814 кітапхана жаңартылды. 475 мектепке 634 пән кабинеті сатып алынды. Тағы 264 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.