Жаңалықтар

Жұмыспен қамту орталығы көмек көрсетеді

Халықты жұмыспен қамту орталығының маманымен сұхбат
Жұмыспен қамту орталығы көмек көрсетеді
17.08.2018 11:09 15287

Халықты жұмыспен қамту орталығы қандай міндеттерді атқарады? Олардың бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай? Жыл басынан бері неше адам жұмыспен қамтылды? Осы және басқа да сұрақтармен Астана қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығында болып, жұмыспен қамту белсенді шараларын көрсету бөлім басшысы Азамат Байтасовпен тілдесіп қайттық.

– Азамат Елемесұлы, орталықтың негізгі жұмысымен таныстырып кетсеңіз...

– Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссыз азаматтарды есепке тіркейді және жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау үшін қажетті құжаттарды қабылдайды. Жұмыссыздарды тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналасуға жәрдем көрсетеді, уақытша жұмыс орындарын ұсынады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды ұйымдастырады. Сонымен қатар жұмыс берушілер азаматтардың бөлек санаттарын (жетім балалар, мүгедектер, пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғалар, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған тұлғалар) жұмыспен қамту үшін квотаны орындайды. Әлеуметтік кәсіптік бағдар беру жұмыстарын ұйымдастырады. Азаматтардың барлық санаттарына арналған бос орындар жәрмеңкесін және халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Қазіргі таңда, Астана қаласындағы жұмыссыздық деңгейі 4,6 %-ды құрайды. Бұл республика бойынша ең төменгі көрсеткіш. Оған біздің орталық та белсенді түрде пайдасын тигізіп келеді. Орталыққа 16 жастан бастап зейнетақы жасына дейінгі барлық азаматтар келіп, көмек сұрауға құқылы.

Қосымша ақпарат. Мекеме қызметі «Халықты жұмыспен қамту туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мен «Еңбек»  Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған Бағдарламасы негізінде жүзеге асырылады. Халықты жұмыспен қамту орталығы жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдем көрсетеді, жұмыспен қамтудың белсенді шараларын іске асырады. 2018 жылдан бастап аз қамтылған азаматтарға жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек беруді ұсынады. Бос орындар жәрмеңкесін ұйымдастырып, кәсіптік бағдар беруді жүргізеді. Штат саны 99 бірлік, 96 қызметкер еңбек етеді.

– Статистикаға көз жүгірте кетсек, жыл басынан бері неше адам жұмыспен қамтылды?

– 2018 жылды тұтасымен алғанда Халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыспен қамтуға жәрдем көрсету үшін 14 632 адам жүгінген, оның ішінде:

- 3 570 адам жұмысқа орналасты;

- 613 түлек жастар тәжірибесіне жолдама алды;

- 163 жұмыссыз әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасты;

- 1 303 адам қоғамдық жұмыстарға жолдама алды;

- 382 азамат кәсіптік оқуға жолдама алды.

– Жалпы, орталыққа қай мамандық иелері көп жұмыс іздеп келеді?

– Қазіргі таңда заңгер, есепші, экономист секілді мамандық иелері көп келіп жатыр. Бір қызығы, оларға жұмыс берушілер тарапынан да сұраныс көп. Сол секілді мұнай-газ саласында жоғары білімі бар маман иелері де жұмысқа зәру. Алайда, Астана қаласында олардың тұрақты жұмыс табуы екіталай. Агроном, ұшу аппаратының сынақшылары да тұрақты жұмыс іздеп келеді. Осындай сирек кездесетін маман иелеріне сұраныс білдірушілер де жоқтың қасы.

– Электронды еңбек биржасы enbek.kz-тің тигізіп жатқан көмегі қандай?

– Порталдың басты жұмысы – жұмыс беруші мен жұмыс іздеушіні байланыстыру. Онда жұмыс берушілердің арнайы тізімі болады. Олар осы порталға жұмыскерге зәру өз ваканцияларын тіркейді. Елордамызда статистика бойынша 35 мың жұмыс берушілер тіркелген. Астана қаласының әкімдігі оның 5 мыңымен тығыз байланыс жасап келеді. Қазірде олар шамамен 8 мың жұмыс ұсынып отыр. Кез келген жұмысқа зәру адам порталға тіркеліп, өз мамандығы бойынша іздеу жүргізе алады. Екі жақты келісім нәтижесінде жұмыс тауып жатқандар жетерлік.

– Келушілерге тұрақты жұмыс тауып бере алмаған жағдайда не істейсіздер?

– Біз алдымен, оларды әртүрлі санатқа бөліп қарастырамыз. Кейбірінің мамандығы болмайды, біреулерінде қолында диплом бар, бірақ тәжірибеден өтпеген. Ондай жандарды уақытша жұмыспен қамтамасыз етуге тырысамыз. «Жастар тәжірибесі», «қоғамдық жұмыс» және «әлеуметтік жұмыс орындары» деген бағыттар бойынша жұмыс жасаймыз. Сол секілді қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдаймыз.

 «Жастар тәжірибесі» – жас түлектерге арналған, арнайы не жоғары оқу орнын бітірген жасы 29-ға толмаған, өз мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ азаматтарға арналған мемлекеттік бағдарлама. Тағы бір ескеретін жайт, олардың оқу аяқтағанына 3 жылдан аспау керек. Бұл бағдарлама бойынша жалақыны мемлекеттің өзі төлейді. Оның мөлшері – 76 мың теңге. Жұмыс алты айға арналған. Онда жас маман өз мамандығы бойынша тәжірибе жинайды. Егер жұмыс берушінің көңілінен шығып жатса, 1-2 айдан соң-ақ, сол жерге тұрақты қызметке тұруына болады. Ал егер 6 ай бойы өзін көрсете алмаса, жұмыспен қамту орталығына қайта келіп тұрақты жұмыс іздейтін болады.

Ал «Қоғамдық жұмыстардың» негізгі шарты – өтінім берушілердің біліміне, жұмыс тәжірибесіне қарамау. Онда қатаң талаптар жоқ. Бұл бағыт бойынша 12 айға арналған уақытша жұмыспен қамтимыз. «Жастар тәжірибесіндегідей» жалақыны мемлекет төлейді, оның мөлшері – 84 мың теңге. Басты назар аудартататын жайт азаматтарды тек қоғамдық бірлестіктер мен мемлекетттік орындарға ғана орналастыра аламыз.

Үшінші бағыт «әлеуметтік жұмыс орындары» ілгерідегі екеуінен ерекшеленеді. Мұнда жұмыс берушілердің тарапынан штаттан тыс, қосымша орындар ашылуы керек. Бұл бағыт бойынша жіберілген жандарға төленетін жалақының 35 % ғана мемлекет көтереді. Сондай-ақ, оның мөлшері ресспубликадағы ең аз жалақы 28 мыңнан аспауы керек. «Әлеуметтік жұмыс орындарына» тек өз мамандығы бойынша тәжірибесі барларды жібереміз. Оның уақыты – 12 ай.

– Жыл басынан бері осы үш бағытта қанша адам жұмыспен қамтылды?

– «Қоғамдық жұмыстар»  бойынша 1303 адамды жібердік, «жастар тәжірибесіне» 620 адам кетті. Ал «әлеуметтік жұмыс орындарына» 162 адам жолданды .

– Ілгеріде тағы бір бағыт – «қысқа мерзімді кәсіптік оқытуды» айтып кеттіңіз. Осы бойынша кеңірек тоқталсаңыз...

– «Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту» бойынша азаматтарды оқыту биылғы жылдың сәуір айнынан басталды. Азаматтардың арнайы білімі болмаса немесе біліктілігін жоғалтып алған жағдайда осындай оқуларға арнайы жібереміз. Сантехник, аспасшы, шаштараз, тігінші және т.б мамандықтар бойынша оқытылады. Оларға ай сайын 16759 теңге мөлшерінде степендия төленіп тұрады.

Қосымша ақпарат. Кәсіптік оқыту кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және біліктілікті арттыруды қамтиды және келесі жағдайда Бағдарламаға қатысуға болады :
1) қажетті кәсіптік біліктіліктің болмауына,  лайықты жұмыс таңдау мүмкін болмағанда;
2) кәсіптік дағдыларға сай келетін жұмыстардың болмауына байланысты кәсібін (мамандығын), қызмет түрін өзгерту қажет болғанда;
3) бұрынғы мамандығы бойынша жұмысты орындау қабілетін жоғалтқанда, халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасы бойынша кәсіптік оқыту жүзеге асырылуы мүмкін.
Қысқа мерзімді кәсіптік оқуға үміткерлер:
1) 29 жасқа дейінгі тұлғалар;
2) халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелуіне қарамастан жұмыссыз тұлғалар;
3) өзін-өзі жұмыспен қамтушы азаматтар болып табылады. 

– Оқу мерзімі қанша уақытты құрайды және бүгінге дейін неше адам сертификат алды?

– Оқу уақыты мамандыққа байланысты бір мен үш ай арасында болады. Өзіңіз айтып отырғандай, оқуын аяқтаған соң, оларға арнайы сертификат беріледі. Биылғы жылы 382 адам оқуға жолданды, оның 191-і сертификат алып үлгерді.

– Жалпы, қай мамандыққа сұраныс көп?

– Тігіншілікті үйренем деушілер алда тұр. Бұл мамандық бойынша 100 адамды оқытамыз. Шаштараз, аспазшы, кондитер бойынша 50 адамнан оқытамыз.

– Сонда сіздерді белгілі сандық көрсеткіш бар ма?

– Бар, себебі бір жылдың көлемінде 700 адамды оқыту үшін мемлекеттен қаржы бөлінеді. Егер өтінем берушілер саны көбейіп кетсе, біз тағы үстеме сұраныс жібере аламыз. Бірақ, жыл соңына дейін осы сандық көрсеткіштен аспауы да ықтимал.

– Арнайы білімді талап ететін мамандықтар бар ма?

– Мектепке дейінгі тәрбиеші деген мамандыққа қабылдану үшін мұғалімдік дипломы болу керек. Сол сияқты массажды оқып, үйренем деушілерге медицина бойынша білім талап етіледі. Ал қалғандарына талаптар жоқ.

– Ол азаматтар оқуын аяқтаған соң, жұмысқа тұру жайы қарастырыла ма?

– Егер сол мамандыққа сұраныс болып жатса, бірден қызметке тұрып кете алады. Олар оқу барысында теория мен тәжірибеден өтеді. Өздерін жақсы қырынан көрсетіп жатса, сол тәжірибеден өткен мекемелер жұмыспен қамтамасыз етіп жатады. Өйткені, ол мекемелерде ваканция міндетті түрде қарастырылған. Ілгеріде айтып кеткендей, шілде айының соңында 191 адам сертификат алды, екі аптаның ішінде соның 35-і жұмыспен қамтылды. Ал қалғандары қайтадан жұмыспен қамту орталығына келіп, тұрақты жұмыс қарастырып жатыр.

– Кәсіптік оқуды бастап, бірақ орта жолдан тастап кеткен жандар кездесе ме? Оларға қандай шара қолданылады?

– Ондай адамдар кездеседі. Олар кейде отбасы жағдайымен жалғастыра алмауы мүмкін, сол сияқты өздері көптен күткен жұмыс шығып қалуы ықтимал. Десе де, көбісі алдына белгілі мақсат қоймайды. «Осы мамандықты игеріп, осы бойынша жұмыс жасаймын» деген ойсыз келіп, тапсыра береді. Нақты айтар болсам, 382 адам ішінде 24-і оқуын тастап кетті. Олар енді «Жұмыспен қамту» заңына сәйкес, үш жылдан кейін ғана «қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға» өтінім жасай алады. Бірақ, жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгіне береді.

– Сіздің бөліміңіз немен айналысады?

– Біздің бөлімнің мақсаты – жұмыс берушілермен келісім жасап, жұмыс орындарын құру. Біз азаматтарды ілгеріде айтқан үш бағытқа және «қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға» жолдаймыз. Яғни, уақытша жұмыспен қамтамасыз етеміз.

– Осы мемлекеттік бағдарламалардың қоғамға тигізіп жатқан пайдасы қандай?

– Пайдасы көп. Қоғамдық жұмыстар бойынша мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамтып отырмыз. Олар қоғамдық бірлестіктерге барып, белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Қиын жағдайға түскен азаматтар, сол сияқты жазасын өтеп келгендер де біздің көмегімізге жүгініп, өздерін бір қоғам мүшесі ретінде санауына толық жағдай жасалуда.

Әрбір жұмыс іздеуші азамат келесі мекен-жай бойынша: Бейбітшілік көшесі, 25, «Өркен» ІО Халықты жұмыспен қамту орталығына жүгіне алады. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға