Жаңалықтар

БАҚ-қа арналған «Масс-медиа туралы» заң жобасы талқыланды

БАҚ-қа арналған «Масс-медиа туралы» заң жобасы талқыланды
Фото: pixabay.com 22.02.2023 12:09 6786

Қазақстанның Ұлттық медиа қауымдастығы БАҚ-қа арналған «Масс-медиа туралы» заң жобасын талқылау мақсатында онлайн отырыс өткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Кездесуде «Масс-медиа туралы» заң жобасы аясындағы түрлі мәселелер қозғалды. Оның ішінде журналистердің баспасөз картасын алуы, БАҚ-ның материалды жариялау алдында лауазымды тұлғалармен ақпараттық хабарламаларды келісуі басты назарға алынды.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Жасұлан Өмірәлиев БАҚ-қа негізделген заңмен жұмыс істеп жатқандығын мәлімдеді.

««Масс-медиа туралы» заң жобасы негізінде мақсатымызды толық жеткізе алмадық. Қазіргі таңда жобаға қатысты мәселелерді әлі де талқылап жатырмыз. Баспасөз картасына байланысты мәселені де қарастыру үстіндеміз. Ол кәсіби журналистерді шектемей, кейбір жеңілдіктер мен кепілдіктерді береді. Баспасөз картасын алған тілшілер мемлекеттік органдардың ұйымдастырып жатқан іс-шараларына аккредитациясыз қатыса алатын болады», - деді ол.


Сондай-ақ Ұлттық медиа қауымдастығының төрағасы Кемелбек Ойшыбаев та баспасөз картасының маңыздылығына тоқтала кетті.

«Баспасөз картасы журналистердің қорғанышы. Ол БАҚ-тың мәртебесін арттырады. Кез келген мемлекеттік ұйымға кіруге мүмкіндік береді. Баспасөз картасын иемденген журналистердің артықшылықтары болады», - деді Кемелбек Бақтығұлұлы.

Отырыста журналист Нұржан Мұхамеджанова да осы баспасөз картасына қатысты пікірін білдіре кетті.

««Масс-медиа туралы» заң жобасы қоғамның маңызды, жауапты кезеңінде талқыланып жатыр. Жалпы жобаның алған бағыты дұрыс, бірақ кейбір мәселелерді тағы қарастыру қажет деп ойлаймын. Шетелдің тәжірибесін де негізге ала отырып, баспасөз картасын қолдануға бірқатар жеңілдік енгізу керек. Содан кейін ғана біз баспасөз картасын кәсіби қажет құжатқа айналдыра аламыз», - деді Нұржан Жалауқызы.

Ал журналист Махат Садық БАҚ-қа баспасөз картасын беру керек деп есептейді.

«Баспасөз картасы керек. Қазір кім журналист, кім блогер, кім жәй жаза салушы айырудан қалдық. Неге қажеттілік? Өйткені журналисттердің кәсіби қызметін атқаруға осы баспасөз картасы көп қолғабысын тигізеді деп сенемін. Бұл карта демократияны және әлеуметтік мәселені шешуге көмек береді», - деді ол.

Сонымен қатар қатысушы «Алаш Медиа Групп» медиахолдингінің өкілі Салтанат Жүсіпова баспасөз картасы туралы пікірін ортаға салды.

«Баспасөз картасына қатысты түрлі пікір айтылып жатыр. Бірақ менің ойымша, баспасөз картасын беру жұмысы мемлекеттің ықпалынан алшақтатылып, тек журналистік қоғамдастыққа міндеттелуі керек», - деді Салтанат Жүсіпова.

Оған қоса Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Жасұлан Өмірәлиев те баспасөз картасына қатысты ойын жеткізді.  

«Қазіргі уақытта заң жобасында баспасөз картасы бойынша шектеу нормалары жоқ. Халықаралық тәжірибенің негізінде комиссия толығымен баспасөз картасын беру туралы шешім қабылдайтын салалардың өкілдерінен тұратын болады», - деді ол.

Конференцияға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің өкілі, БАҚ қатысып, өз пікірлерін ортаға салды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға