Жаңалықтар

Бапкерлердің жалақысы қашан көтеріледі?

Бокс жаттықтырушылары дене шынықтыру пәні мұғалімдерінен екі есе аз жалақы алады
Бапкерлердің жалақысы қашан көтеріледі?
Фото: inform.kz 20.07.2022 14:32 4108

Қазақстанда спорт жаттықтырушылары тапшы. Мамандардың айтуынша, әлеуметтік жағынан аз қамтылған. Сол себепті, бапкерліктен бас тартатындар көп. Бұл туралы Қазақстан спортшылар одағы төрағасының орынбасары Елдос Чикенов айтты, деп хабарлайды El.kz

Қазақстан спортшылар одағы төрағасының орынбасары Елдос Чикенов 18   жыл бұрын бокстан Қазақстан құрамасында өнер көрсетіп, спорт шебері атанған. Кейінгі жылдары бокстан жаттықтырушы болып 2 жылдай жұмыс атқарыпты. Алайда жаттықтырушының жалақысы мардымсыз болғаннан соң мемлекеттік қызметке ауысқан. Айтуынша, қазіргі уақытта да жаттықтырушылардың жалақысы төмен. Болашақта қазақ елінің атын асқақтатар спортшыларды қатарға қосу үшін бапкерлердің еңбегі зор дейді. Сондықтан еңбек бағалуы тиіс екенін айтты.

- Қазіргі уақытта спортшыларға мүмкіндік көп. Сондықтан оған еңбекқор, жігерлі, тәжірибелі жаттықтырушы керек. Болар баланы кішкентайынан бетін қақпай, белін буған халықпыз ғой. Спорт мектептерінен бастау алып, нақты спортқа көңіл бөлгендер ғана жетістікке жете алады. Бұл жерде әрине, жаттықтырушылардың еңбегі ерен. Алайда, спорт мектептерінің, қосымша спорт орталықтары жаттықтырушыларының жалақысы аз болып отыр. Өкінішке қарай, бапкерлердің жалақысы мектептегі дене шынықтыру пәнімен салыстырғанда екі есе төмен. Біздің спортшылар одағы осы мәселенің шешімін табу үшін жұмыс істеп жатыр. Мәжіліс жанынан жаңа заң жобасын дайындап жатырмыз. Қыркүйек айында осы мәселе жөнінде депутаттар бірқатар сауал жолдайды. Бұл – ел талабы, бапкер талабы, - деді Елдос Чикенов.

Қазақстандық спортшылардың биік белестерді бағындыруы тікелей дайындығының арқасында екені белгілі. Елдос Чикеновтың айтуынша, тек олимпиада ойындарына дайындалып, соған көңіл бөлу үшін спортшы мен жаттықтырушының жағдайын жасау керек. Олар тек жаттығу жасап, мақсатына жетуге бар мүмкіндікті қарастырған абзал.  

- Президент айтқандай, мемлекет қоғаммен қоян-қолтық жұмыс істеуі керек. Бізде мамандар жеткілікті. Бастысы команданың жаттықтырушыларына жағдай жасаған жөн. Білім министрлігі мұғалімдердің жалақысын көтерді, ал спорт мекемелеріндегі жаттықтырушылардың жалақысы өскен жоқ. Ары қарай қарастырамыз деді. Министрлік тарапынан жаңа шешімдер қабылдануы керек, - деді Қазақстан спортшылар одағы төрғасының орынбасары.

Елдос Чикеновтың айтуынша, кәсіпқой боксшылардың әлем алдында қазақ елін танытып, өнер көрсетіп жүргені қазақ халқына патриоттық сезім мен қуаныш сыйлайды. Егер мемлекет тарапынан мүмкіндік жасалса, аға жолын қуатын жастар қатары көп.

 - Қазір елімізді әлемге танытып жүрген мықты боксшымыз, әлем чемпионы, ол – Генадий Головкин. Болашақ боксшыларымызға үлгі боларлықтай өнер көрсетіп жүр. Ең танымал, мықты боксшы болып саналады. Қыркүйек айында үлкен өнер көрсетеді. Қазір келе жатқан, болашағы зор боксшылардың қатарында Жәнібек Әлімханұлы, Данияр Елеусінов сынды спортшыларымыз бар. Олардың да кәсіби боксшы болатындарына сеніміміз мол, деді - Қазақстан спортшылар одағы төрғасының орынбасары Елдос Чикенов.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта бокс саласының Қазақстандағы қарқыны туралы айтты.

- Біздің спортшылар Токиода өткен олимпиадада ең төменгі нәтиже көрсетті. Қоржынға алтын, күміс медаль сала алмады. Спортшыларға жақсы дайындық керек. 2024 жылғы Париж олимпиадасына 2 жылдай уақыт қалды. Соған байланысты нақты жоспар құрып, спортшыларды дайындауымыз қажет. Байрақты бәсеке алдында ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Қайрат Сәтжанов бір сұқбатында үш алтын медаль алуды жоспарлап отырмыз деді. Менің ойымша да біздің спортшылардың бір-екі алтын медаль алуға мүмкіндігі бар, - деді Елдос Чикенов.

Ал, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің хабарлауынша, Президенттің 2019 жылғы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» тақырыбындағы Жолдауында айтылған халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында жаттықтырушы-оқытушылардың жалақысы 2023 жылға қарай 2 есеге артады.

- Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандандырылған мектептер мен колледждер қызметкерлерінің жалақысы қазіргі таңда 25 пайызға өсті. 2023 жылға дейін бұл көрсеткіш жыл сайын ұлғаятын болады. Осылайша, келер жылға қарай спорт саласындағы жаттықтырушылар еңбекақысы толықтай 100 пайызға өседі,- деп хабарлады Спорт және дене шынықтыру істері комитеті. 

Мемлекеттік білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне сабақтан тыс спорттық сабақтар жүргізгені үшін қосымша 100 пайыз базалық лауазымдық жалақы мөлшерінде ақы төлеу енгізілді.

- Спортшылардың допингке қарсы зертханасымен Ұлттық допингке қарсы орталықтың, дене шынықтыру және спорт бойынша республикалық оқу-әдістемелік және талдау орталығының басқарушы және негізгі персоналдарының жалақы мөлшері лауазымдық жалақыдан 100 пайызға өсті. Сондай-ақ қазіргі таңда біліктілігі орташа деңгейдегі және санаты жоқ жаттықтырушылардың жалақысын жыл сайын 2022 жылдан 2025 жылға дейін 20 пайызға арттыру жүзеге асуда,- деді Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшылығы.

Сонымен қатар министрлік "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, мәдениет және мұрағат ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының жобасымен "педагог мәртебесі туралы" Заңға өзгерістер енгізу жоспарланып жатқанын атап өтті.

- Жаттықтырушы-оқытушының, спорт түрлері бойынша жаттықтырушының мәртебесін арттыру және балалар-жасөспірімдер спорт мектептері мен мүгедектерге арналған спорт мектептері жаттықтырушы-оқытушыларының жұмыс уақытын неғұрлым тиімді пайдалануы үшін, өздігінен білім алу және біліктілік деңгейін арттыру мақсатында нормативтік оқу жүктемесін 24 сағаттан 18 сағатқа азайту бөлігінде өзгерістер енгізу қарастырылып жатыр, - деді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті жіберген хабарламада.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға