Жаңалықтар

Бану Тельманова: «Менің шығармашылығымның музасы – әжем»

Шебер туралы
10.11.2015 11:48 18900

Өнер – киелі ұғым. Өнердің де сан түрі бар. Әр адамның әр өнерге деген қызығушылығы, ынтасы, икемі болады. Бану апай да бала кезінен қолөнерге, тігіншілікке жақын болды. Бүгінгі мақаламаздың басты кейіпкері – шебер Бану Тельманова.

Бану апай үй тірлігінен қолы қалт етсе шығармашылықпен шұғылданып, түрлі бұйымдар тігумен айналысады. Кішкентайынан әжесінің бауырында өскен Бану ханымға тігіншілік өнер ісмер әжесінен дарығанын айтады.

Бану Тельманова: «Менің шығармашылығымның музасы – әжем»

– Мен Кереку өңіріндегі суы сылдырап, қайыңдары жайқалған жерінде өмірге келдім. Кішкентайымнан тылсым табиғаттың әдемілігі мен әсемдігін, туған жердің қасиетін бойыма сіңіріп өстім. Әжемнің бауырында тәрбиеленгендіктен балалық шағым тағылымды сәттерге толы болды. Әжемнің бір сәт бос отырғанын көрмеппін. Ол кісі өте шебер, ісмер адам болды. Менің шығармашылығымның музасы – әжем екенін қайталап айтудан еш жалыққан емеспін. Ол құрақ көрпенің түр-түрін тігіп, киізден сырмақ басатын. Әжемнің әрбір қимылын қалт жібермей, шеберлігіне, ине ұстаудағы икемі мен матаға ою-өрнекті сызып, оны әдемі етіп оятынына мұқият қарайтынмын. Өсе келе әжем маған да үйрете бастады. Құрақ көрпе тігу барысында матаның түстерін үйлестіру, бір-бірін аша түсетіндей етіп сәйкестіруді көрсетті. Әжем осылайша қазақтың ою-өрнегіне деген құрметімді нығайта түсті.

Бану Тельманова: «Менің шығармашылығымның музасы – әжем»

Бану апайдың қолынан шыққан әдемі бұйымдар көздің жауын алады. Ең қызығы, ол кісі коммерциялық бағытты мақсатат еткен жан емес. Кейде үй тірлігінен қолы босамай қалса да, түнімен тігеді екен. Әсем бұйымдарын туған-туысқандарының тойына сыйлық ретінде таратады. Әсіресе тойбастарға тігілген қоржыны, сол қоржынның ішіне салатын түрлі ұсақ-түйек бұйымдары қайталанбас стильде жасалған. Әрбір бұйымға сән бітіріп, жылтырап тұрған элементтерін асықпай төзімділікпен тігіп, безендіргені анық байқалып тұр.

Бану Тельманова: «Менің шығармашылығымның музасы – әжем» 

– Қазақ халқында жеті саны киелі саналатындықтан, жеті киіз үй тіктім, – дейді кеіпкеріміз. – Және олардың әрқайсысын бір-біріне ұқсамайтындай етіп, түрлі стильде жасадым, өлшемдері де әртүрлі. Көбінесе ағайын, туыс-туғандарым той жасағанда сый ретінде қоржынның ішін қолдан тігілген бұйымдарға толтырып, беріп жіберемін.

Бану Тельманова: «Менің шығармашылығымның музасы – әжем»

Бану Тельманова: «Менің шығармашылығымның музасы – әжем»

Бану апайдың еңбектерінде сан-алуандық бар. Тек қазақ ою-өрнектерімен ғана шектелмей әр бұйымға үйлесіміне қарай гүл жапсырылғандығымен ерекшеленеді. Шебер киіз үйлерден басқа әдемі корзиналар, ұлттық нақышта жасалған қабырғаға ілетін бұйымдар, жұмыс үстелінде қалам салуға арналған органайзер, қоржын секілді әдемі заттар жасайды. Көз тартарлық әрбір бұйым үлкен сүйіспеншілікпен, ізетпен, жүрекпен жасалғаны көрініп тұр.

Бану Тельманова: «Менің шығармашылығымның музасы – әжем»

Ең өкініштісі, Бану апай осы уақытқа дейін қолөнер бұйымдарын ешқандай жәрмеңкелерге шығармапты. Болашақта реті келіп жатса көпшілікке таныстыруға қарсы еместігін айтты.

Бану Тельманова: «Менің шығармашылығымның музасы – әжем»

Бану Тельманова: «Менің шығармашылығымның музасы – әжем»

Бану апайдың қиялынан туған ұлттық ою-өрнектерге көмкерілген әсем бұйымдар көпшіліктің назарына ұсынуға әбден лайықты.


Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

   Суреттердің авторы Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға