Жаңалықтар

Банкроттыққа қалай өтінім береді?

Банкроттыққа қалай өтінім береді?
Фото: коллаж El.kz 07.11.2024 12:00 4788

Елімізде банкроттық рәсімі заңнамалық негізде реттеледі және оны жүргізу азаматтарға немесе кәсіпорындарға қаржылық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Банкроттыққа шығу арқылы қарыз алушы өз міндеттемелерін заңды түрде жойып, қаржылық күйзелістен шығуға мүмкіндік алады. Елімізде 17,8 мың адам банкрот деп танылып, олардың 54,5 миллиард теңгеге жуық қарызы кешірілді. Бүгін банкроттыққа қалай шығуға болатынын түсіндіреміз.

 

Заң қалай қабылданды

Қазақстанда көптеген азаматтар несиелік жүктемелердің артуына байланысты қаржылық қиындықтарға тап болды. Банкроттық туралы заңның мақсаты – осындай азаматтарға қолдау көрсету және қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізуіне көмектесу.

Бұл заңның қабылдануы елдегі қаржылық жүйеге оң өзгерістер енгізіп, азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болды.

Қазақстанда банкроттық туралы заң азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және қаржылық қиындықтан шығуына көмектесу мақсатында қабылданды. 2022 жылғы 22 желтоқсанда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев заңға қол қойды, бірақ ол заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң, 2023 жылғы 3 наурызда күшіне енді.

Банкроттық туралы заңның негізгі мақсаты: азаматтардың несиелік қарыздары немесе өзге де қарыздары бойынша төлем жасау мүмкіндігі болмаған жағдайда, заңды түрде банкроттық рәсімін өткізуге мүмкіндік беру. Бұл рәсімге жүгіну үшін азаматтар қаржылық қиындықтарын ресми түрде дәлелдеп, арнайы талаптарға сәйкес келуі қажет.

Астана қаласының Алматы ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы Берешектермен жұмыс істеу бөлімінің бас маманы Мақсат Өмірсерік банкроттықтың қалай рәсімделетінін түсіндірді.

Банкроттыққа қалай өтінім береді?

Фото: El.kz

Банкроттық рәсімінің түрлері:

Банкроттық – бұл қарыз алушының төлем қабілетсіздігі салдарынан өз міндеттемелерін орындай алмайтын жағдайы. Қазақстанда банкроттықтың бірнеше түрі бар, әрбір түрінің рәсімі мен талаптары өзгеше.

  1. Соттан тыс банкроттық: шағын қарызы бар азаматтарға арналған жеңілдетілген рәсім. Бұл жағдайда азаматтар сотқа жүгінбей-ақ банкроттық туралы өтініш бере алады. Соттан тыс банкроттыққа тек белгілі талаптарға сай келетіндер ғана өтініш бере алады, мысалы, қарыздары белгілі бір сомадан аспауы қажет.
  2. Сот арқылы банкроттық: егер қарыз көлемі үлкен болса және соттан тыс тәртіппен шешілмесе, азаматтар сот арқылы банкроттық рәсімін өтей алады. Бұл жағдайда сот банкроттықты мақұлдаса, қарыздар заңды түрде есептен шығарылады, бірақ қарыз алушының қаржылық мүмкіндіктері де зерттеледі.
  3. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру: бұл рәсім азаматтарға қарыздарды қайта құрылымдап, төлемдер кестесін өзгерту арқылы қаржылық жағдайын түзетуге мүмкіндік береді. Бұл тәсіл толық банкрот мәртебесін алмай-ақ, қарыздарды бөліп төлеуге мүмкіндік алады.

 

Банкроттыққа өтінімді қалай береді?

Азаматтар бұл рәсімге өтініштерді халыққа қызмет көрсету орталықтарында электронды үкімет порталы (eGov.kz.), сондай-ақ e-Salyq Azamat немесе eGov мобильді қосымшасы арқылы бере алады. Осы мақсатта «Qoldau» жеке тұлғалардың банкроттығы туралы жаңа ақпараттық жүйе іске қосылды. Жүйе 24 мемлекеттік орган мен ұйымның деректер базасы арқылы өтініш беру және өтініш берушінің кіру критерийлеріне сәйкестігін автоматты түрде тексеру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Өтініш беруші өтініштің статусы мен уәкілетті органның шешімін осы жүйеде көре алатындығына назар аударғым келеді. Сондай-ақ бас тарту себебін және ол бойынша тиісті органдар ұсынған ақпаратты көреді. Бұл болашақта оның деректерді түзету үшін, сол немесе басқа органға хабарласу үшін өте ыңғайлы. Сонымен қатар, «Qoldau» жүйесінде кез келген адам нақты уақыт режимінде жеке тұлғалардың банкроттығы туралы статистикалық деректерді көре алады.

Банкроттық процесі бірнеше кезеңнен тұрады. Егер банкроттық туралы берілген алғашқы өтінім қабылданбаған жағдайда 3 ай уақыттан кейін қайта өтінім беруге болады.

Оны дұрыс рәсімдеу үшін мына қадамдарды орындау қажет:

1-қадам: Қаржылық жағдайды бағалау

Бірінші қадам ретінде өзіңіздің қаржылық жағдайыңызды толық талдаудан өткізу маңызды. Қарыздар мен активтер тізімін жасап, төлем қабілетсіздігіңізді анықтау қажет. Бұл сіздің банкроттыққа шығу қажеттілігін түсіндіруге көмектеседі.

2-қадам: Құжаттарды жинау

Банкроттыққа шығу үшін қажетті құжаттарды жинау керек. Қазақстанда банкроттыққа қатысты негізгі құжаттар мыналар:

Қарыздар тізімі және қарыз шарттары.

Қарызды қайтару мерзімі туралы мәліметтер.

Сіздің жеке куәлігіңіз немесе заңды тұлға құжаттары (егер банкроттыққа компания атынан шығатын болса).

Банк шоттары бойынша соңғы есептер.

3-қадам: Өтінім жазу

Банкроттыққа өтінім жазу – маңызды кезеңдердің бірі. Өтінімде өз қаржылық жағдайыңызды, қарыздарыңызды және банкроттыққа шығу себебін нақты түсіндіріп жазу қажет.

4-қадам: Өтінімді сотқа немесе жауапты органдарға тапсыру

Қазақстанда банкроттық процесін реттейтін сотқа өтінім тапсыру керек. Егер сіздің жағдайыңызға сәйкес соттан тыс банкроттық процедурасы қолайлы болса, оны жергілікті банкроттық органға өткізуге болады.

Соттан тыс банкроттықты рәсімдеу

Банкроттыққа шығу үшін заң талаптарына сәйкес бірнеше негізгі шарттар орындалуы керек:

Қарыз көлемі: Жеке тұлғаның банктер мен микроқаржы ұйымдарының алдындағы қарызы 1600 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. Яғни өзін банкрот деп танығысы келген тұлғаның берешегі 5 907 200 теңге көлемінде болуы керек.

Қарыздың мерзімі өтіп кеткен: Борышкер 1 жылдан астам уақыт бойы өз қарызын өтей алмайды.

Кірістер мен активтердің жоқтығы: Қарыз алушының мал-мүлкі мен ортақ мүліктің жоқтығы тексеріледі. Жеке тұлға қарызын төлеуге қабілетсіз болған жағдайда, банкроттыққа өтінім беру процесін бастауға болады.

Атаулы әлеуметтік көмек: Егер сіз атаулы әлеуметтік көмекті (АӘК) соңғы 6 ай қатарынан алсаңыз, несиені кешіктірмей төлегеніңізге қарамастан банкроттыққа өтініш беруге болады.

 

Сот арқылы банкроттықты рәсімдеу

Сот арқылы банкроттыққа өтінімді жеке кәсіпкерлер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестік иелері бере алады. Олардың банк және кредиторлар алдындағы қарыз көлемі 1600 АЕК-тен жоғары болады.  Сот банкроттығы кезінде борышкердің мүлкі сауда-саттықта сатылады. Кредитор борышкердің жалғыз тұрғын үйін сот банкроттығы барысында алып қоюға құқылы.

Егер өтінім сот арқылы берілсе, онда банкроттық процедурасы төмендегі кезеңдерден өтеді:

  1. Өтінімді қарау

Сот сіздің банкроттыққа шығу туралы өтініміңізді қабылдап, оны қарап шығады. Өтінімнің талаптарға сай болуы және құжаттардың дұрыс жиналуы маңызды.

  1. Қаржылық басқарушыны тағайындау

Сот банкроттық процесіне жауапты қаржылық басқарушыны тағайындайды. Бұл тұлға сіздің активтеріңізді тексеріп, банкроттық процесін басқару үшін тағайындалады. Оларға борышкер есебінен 2 ЕТЖ ақы төленеді. Бүгінгі күні 204 адам қаржы басқарушы ретінде тіркелген.

  1. Қарызды өтеу жоспарын құрастыру

Егер сіздің активтеріңіз жеткілікті болса, қарызды басқарушы және сот сіздің қарыздарыңызды жабу жоспарын жасайды. Бұл жоспар сіздің қаржылық мүмкіндігіңізге байланысты жасалады.

  1. Қарыздарды жабу немесе мүлікті сату

Егер мүліктеріңіз немесе активтеріңіз бар болса, оларды сату арқылы қарызды жабу рәсімі басталады. Соттың шешімімен активтер сатылып, қарыздар төленеді. Егер активтер жеткіліксіз болса, қарыздар толық жабылмауы мүмкін, бұл жағдайда сот қарыздарды жою туралы шешім қабылдауы мүмкін.

  1. Банкроттық туралы шешім шығару

Барлық рәсімдер аяқталғаннан кейін сот банкроттық туралы соңғы шешім шығарады. Бұл шешім қарыз алушының төлем қабілетсіздігі расталғанын білдіреді және қарыз міндеттемелерінің күшін жоюы мүмкін. Алайда, алимент және басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген залал, қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша залал, сондай-ақ сот шешімі бойынша өндіріп алынатын бюджетке төленетін төлемдер кешірілмейді.

Банкрот болудың артықшылықтары:

  • қарыз міндеттемелерінен босату: банкроттық қарыздарды жоюға мүмкіндік береді.
  • қаржылық күйзелістен құтылу: тұрақты төлем қабілетсіздігі жағдайында банкроттық қаржылық тыныштыққа қол жеткізуге көмектеседі.
  • қаржылық сауықтыру мүмкіндігі: Кейбір жағдайларда банкроттық арқылы жеке немесе кәсіпорын қаржыларын қайта қарастыруға болады.

Кемшіліктері:

  • несие тарихының бұзылуы: банкроттықтан кейін несие алуда қиындықтар болуы мүмкін. 5 жыл бойы қарыз және микрокредит алуға тыйым салынады.
  • қайта банкроттыққа өтініш беру 7 жыл өткен соң ғана мүмкін болады;
  • активтердің жоғалуы: көбінесе активтер сатылып, қарыздарды жабу қажет болады.
  • жаңа қаржылық міндеттемелердің болуы: кейбір қарыздар (мысалы, алименттер немесе салық қарыздары) банкроттық кезінде жойылмайды.

Банкроттықтан кейін қаржылық жағдайды қалай реттейміз?

  • Банкроттық процесі аяқталғаннан кейін қаржылық өмірді қайта қалпына келтіру маңызды. Бұл үшін келесі қадамдар ұсынылады:
  • Қаржылық сауаттылықты арттыру: Қаржылық жоспарлау және шығындарды бақылау әдістерін меңгеру.
  • Несие тарихын жақсарту: Қаржылық міндеттемелерді дер кезінде орындап, несие тарихын біртіндеп қалпына келтіру.
  • Жаңа инвестициялық көздерді іздеу: Жаңа қаржылық мүмкіндіктерді қарастыру және табыс көздерін кеңейту.

Қазақстанда банкроттыққа шығу – төлем қабілетсіздігі жағдайында қаржылық мәселелерді шешуге бағытталған маңызды рәсім. Бұл рәсім арқылы азаматтар мен кәсіпорындар қарыздардан заңды түрде босап, қаржылық жағдайын жақсарта алады. Қазақстандық заңнамаға сәйкес, банкроттық процесін сот арқылы немесе соттан тыс түрде өткізуге болады. Банкроттықтың өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар, сондықтан бұл шешімді қабылдамас бұрын, оның салдарын мұқият зерттеу қажет.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға