Жаңалықтар

"Банкротпын". Заңды түрде банкроттыққа қалай өтініш береді?

"Банкротпын". Заңды түрде банкроттыққа қалай өтініш береді?
Фото: ©El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 20.10.2023 13:28 1060

Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша өтініштерді қабылдау жүріп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Осы уақыт ішінде елордада 4 383 өтініш берілді. Жеке тұлғалардың банкроттық рәсімінің ерекшеліктері туралы Астана бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің берешекпен жұмыс басқармасының басшысы Исабек Зауытбекұлы айтып берді.

473 жеке тұлғаға қатысты келіп түскен 4 383 өтінімнің рәсімі аяқталды. Оларға «банкрот» мәртебесі берілді және берешек есептен шығарылды. 3 282 өтініш бойынша бас тартылды, 28 өтінішті азаматтардың өздері кері қайтарып алды, тағы 600 өтініш жұмыс үстінде.

Банкроттық рәсімдерінің үш түрі бар: соттан тыс банкроттық, сот және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.

Соттан тыс банкроттықты тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады. Оның шарттары мынандай:

- қарыз 5,5 млн теңгеден (1600 АЕК) аспайды;
- 12 ай ішінде өтеу жоқ;
- тіркелген мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік жоқ;
- банкпен реттеу жүргізілді.

Мұнда 6 ай ішінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен 5 жылдан астам берешегі өтелмейтін азаматтар үшін ерекше жағдайлар қарастырылған. Соттан тыс банкроттық «электрондық үкімет» порталында басталады. Содан кейін ақпараттық жүйе арқылы борышкердің кіріс критерийлеріне сәйкестігі тұрғысынан мемлекеттік органдардың деректерімен автоматты түрде салыстыру жүргізіледі, - деді спикер.

Сот банкроттығы барлық кредиторлар алдында 1600 АЕК-те (5,5 млн теңге) астам борыштар бойынша жүзеге асырылады. Өтінішті борышкер азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотқа жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында береді. Процедуралар 6 айдан 12 айға дейін созылады. Сот банкроттығының мақсаты банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру болып саналады.

Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып саналса, онда кредитор оны сот банкроттығы кезінде алып қоюға құқылы болады, әйтпесе ол оны талап ете алмайды.

Қалған өтелмеген сома борышкердің жосықсыз белгілері болмаған жағдайда есептен шығаруға жатады (мүлікті немесе ол туралы ақпаратты жасыру, жалған ақпарат беру және т.б.).

Сот банкроттығы рәсімін және төлем қабілеттілігін қалпына келтіруді құрамына кіруге құқылы қаржы басқарушылары жүзеге асырады:- заңды тұлғалар мен ЖК банкроттық рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер;
- кәсіби бухгалтерлер;
- заң кеңесшілері;
- аудиторлар.

Барлық борышкерлер қаржы басқарушыларының қызметтерін төлей алмайтынын назарға ала отырып, заң жобасында мүлкі жоқ халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын адамдарға мемлекет есебінен төлем көзделген. Тағы бір рәсім – бұл төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, сотта 5 жылға дейін қарызды төлеуге бөліп-бөліп төлеу мүмкіндігін қарастырады. Оның артықшылығы – адам «банкрот» статусын ала алмайды. Сондықтан оған банкрот үшін көзделген салдарлар қолданылмайды, - деді басқарма басшысы.

Ал банкроттықтың салдары мынандай:

1) 5 жыл ішінде қарыздар мен кредиттер алуға тыйым салу (ломбардтардың микрокредиттерін алудан басқа);
2) қайта банкроттық 7 жылдан кейін ғана мүмкін болады;
3) банкроттықтан кейін 3 жыл ішінде банкроттың қаржылық жағдайына мониторинг жүргізілетін болады.

Алимент бойынша, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу жөніндегі, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша залалды өтеу жөніндегі борыштар, сондай-ақ сот шешімі бойынша өндіріп алынатын бюджетке төленетін төлемдер есептен шығаруға жатпайды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға