Жаңалықтар

Бальзак пен анасы және әкем туралы

Онда мезгiл жаз-ды. Мен он екi-он үште едiм. Жан әкем қасымда болатын. Жұлдыздар жайында басталған әңгiмемiз ақырындап сөз өнерiне ойысқан.
30.06.2014 12:49 4487

Самсаған мың сан жұлдызы тылсым да тұңғиық шексiз дүниенiң демiндей тұла бойыңды шымырлата өзiне тартатын түнгi тұнық аспанға көз тiксем болды, көңiлiмдi бiртүрлi тәттi мұң басады...

Онда мезгiл жаз-ды. Мен он екi-он үште едiм. Жан әкем қасымда болатын. Жұлдыздар жайында басталған әңгiмемiз ақырындап сөз өнерiне ойысқан.

– Балам,– дедi әкем,– мен осыншама қыруар дүниенi бекерден-бекер жинап жатқан жоқпын. Бiр арманым бар. Саған анасының Оноре Бальзагына жасаған жағдайынан да артық жағдай жасасам, (Анасы Бальзакқа бiрнеше жыл демеушi болған) әдебиетпен еркiн айналысуына мүмкiндiк берсем деймiн. Жиырма бес пен отыз бестiң арасында, он жыл бойы ешнәрседен таршылық көрмейтiн боласың, ал осы уақытта ешнәрсе шығара алмасаң, өзiңнен көр.

Иә, сол кездегi әкемнiң маған тек он жыл емес, жиырма жылға болса да демеушi болуға қаржылық мүмкiндiгi бар едi. Рас, ғұмыр бойы жиған дүниесi Кеңес Одағы ыдыраған алмағайып тұста мардымсыз ғана тиын-тебенге айналып қалғаны болмаса.

Әкем екеумiз Бальзак пен анасы туралы сол бiр әңгiмеге содан кейiн, мен жиырма беске толғанда да, екi он бестi түгендегенде де қайта айналып соққан жоқпыз. Бiрақ мен үшiн әкемнiң сондай арманының болғанының өзi де зор демеу, үлкен мақтаныш едi. Ең бастысы, мен әкемнiң өзге әкелерге ұқсамайтынын бiлетiнмiн-дi. Маған сол да жететiн. Өкiнсем тек бiрақ нәрсеге, әкемнiң Бальзактан да мықты, Бальзактан да қарымды қаламгердi тәрбиелеп шығарамын деген арман-мұратының iске аспағанына ғана өкiнемiн.

Әкемнiң сол түнгi әңгiмесi менiң Баьзакқа көбiрек үңiлуiме себепшi болған. Содан болар, Пушкин жасынан асқан бүгiнгi мен өзiмнiң Бальзак емес, Бальзактың «Үзiлген үмiттер» романының бiр кейiпкерi сыңайында ғана екенiмдi жақсы сезiнемiн. Тiршiлiгi, күнделiктi күн көрiсi әдебиетке ара-тұра ғана болмаса қатысы бола бермейтiн мардымсыз қаламақы мен редактордың қас-қабағына тәуелдi сол бiр арманшыл жiгiттiң Парижiнен өзiмнiң Алматыма ұқсастықтарды байқаған сайын жағамды ұстайтын кездерiм де болып тұрады. Ондайда Адамзатқа бүгiнiн ғана емес, болашақты да болжай бiлетiн бiр Бальзак та жеткiлiктi екен-ау деп шүкiршiлiк етемiн.

Дегенмен менiң Бальзакты, қазақтың Бальзагын, алты алаштың атын әлемге әйгiлейтiн, дүниеге түркiнiң тарпаң көзiмен қарайтын Бальзакты көргiм келедi. Бүгiнгi өмiрiмiздiң тамырын тап басатын, сол арқылы болашаққа ескерту жасайтын Бальзакты. Кiм бiледi, болашақ Бальзак Қазақстанның әлдебiр түкпiрiнде, тарихқа әлi енбеген жұлдызды түннiң құшағында әкесiмен сырласып отырған болар.

... Жұлдызды түнгi аспанға қарасам болды көңiлiмдi мұң басатыны бар. Жаныма жай таптырмайтын мұң...

 

Аударма, аға буын және жастар жайында

Жылдар жылжып барады... Евгений Евтушенко айтқандай, әу дегенше-ақ өзiмiз де аңғармай «Есенин түгiлi Пушкин ақынның жасынан да өтiп кетiппiз». Бiрақ бәрi кешегiдей көз алдымда. «Парасат» журналына Жұмабай ағамның (Шаштайұлы) кепiлдеме iспеттi жанашырлық жол сiлтеуiмен барғаным, әр жолың түгiлi ой әуенiнен оқшау шығып кеткен әр сөзiңе назар аударып, жазған дүниеңнiң бүге-шiгесiне дейiн тиянақты болуын қадағалап отыратын Баққожа ағаның (Мұқаи) алдында бiрде қызара, бiрде бозара отырып емтихан тапсырған кездерiм, Қалихан ағаның, керемет стилист жазушының мәтiнмен қалай жұмыс iстейтiнiне куә болған сәттерiм, бәрi-бәрi көз алдымда.

Солардың iшiнде, әсiресе мына бiр сәт мен үшiн өте ыстық, Қалихан ағамның Иван Бунин туралы әңгiме қылған сәтi. Сонда Қалихан ағам «Буниндi, Бунин прозасының жаратылысын түсiну үшiн тамыршы секiлдi болуың керек. Бунин прозасының құпиясы оның ырғағында, оның көзге көрiнбей бүкiл бойыңды бойлай бүлкiлдеп ағып жататын қан тамыры секiлдiлiгiнде» деп едi-ау.

Жақында сол Қалихан ағаммен тағы да жүздесiп қалдым. Буниннiң әйгiлi «Арсеньевтiң өмiрi» жартылай биографиялық шығармасын аударып бiткенiн айтты. Басқа да дүниелерiн аударыпты. Ендi жеке кiтап болып шығуы тиiс. Мiне, мен содан берi осы жинақты, Қалихан ағам қазақша сөйлеткен Иван Буниннiң Арсеньевiн асыға күтулiмiн. Көңiл түкпiрiмде ендiгi келмеске кеткен әкемдi күткендей сағыныш бар секiлдi. Бәлкiм, бұл әкеге ғана емес, балалық, бозбалалық шаққан деген де сағыныш болар.

Рас, менiң бұл жерде сентименталь әуендегi жылауық әңгiме айтқым жоқ. Бар бiлетiнiмдi ғана, Буниндi алдағы уақытта дәл Қалихан ағамның ұғынуындағыдай ешкiмнiң де аудара алмасын ғана айтқым бар. Мен мұны ендiгi жерде, ендiгi әдебиетке келетiн буындарда дәл Қалихан ағамдай тiл бiлетiн, тiл түгiлi дiлi бөлек орыс Буниннiң дүниетанымына өз жандүниесiндей үңiле алатын талапкердiң болмайтындығын сезiнгендiктен де айтқым келедi. Және Қалихан ағаға рахмет айта отырып.

Бiрақ менiң рахмет айтқым келетiн ағаларым тек Қалихан ағамен ғана шектелмейтiнiн де айтқым бар. Және олар өте көп.

Петефидi, Сергей Есенин мен Олжасты өз деңгейлерiнде қазақша сөйлеткен Қадыр ағам, Рабиндранат Тагор мен Муин Бсисудi қазақша қалыпқа түсiрген Жарасқан Әбдiрашев... олардың тiзiмi осылай созылып кете бередi. Мысалы, бiр ғана Ғафекең (Ғафу Қайырбеков) аударма мектебiнiң өзi неге тұрады!

Өткенде кiтап дүкенiне кiргенде аңғардым, Сервантес, Эмиль Золя, Кнут Гамсун, Набоков, Кобо Абэ мен Кинд­­забуро Оэлер де бiршама қазақша сөйлеп қалыпты. Дүкен сөрелерiнде Федор Достоевскийдiң «Ағайынды Карамазовтары» қазақша тiл қатып, мен мұндалап тұр екен. Тамаша!

Бiрақ, несiн жасырайын, авторларды қазақша сөйлеткен аудармашылардың аты-жөндерiне үңiлгенде, жүрек тұсым сыздап кеткендей болды. Бәрi әдебиетiмiздегi ендiгi алды бақилық болған, арты алпыстың асқарына iлiккен аға буынның өкiлдерi. Нияз Сыздықов, Әубәкiр Нiлiбаев, Сарбас Ақтаев, Оразбек Сәрсенбаев, Темiрхан Медетбек, Құрманғазы Қараманұлы, тағысын тағы есiмi елге белгiлi ағаларымыз. Бiздiң буыннан, бiздiң алдағы буыннан ешкiм жоқ. Бейнебiр аудармаға келгенде, бiз өкшесiн басып келе жатқан буын, бiздiң буын жұлдызы жоқ түнгi аспан секiлдi әсерде қаласың.

Иә, жұлдызы жоқ түнгi Аспан...

Арсеньевтi қазақша сөйлетiп берген Қалихан ағаға рахмет. Француз бен норвег, испан мен жапонға көпiр салған өзге ағаларымызға рахмет.

Ендi сәл ойланып көрейiкшi, осындай рахметтi күндердiң күнiнде бiздiң естуiмiз мүмкiн бе? Әдебиетке ендiгi келер жас талап, бұл жайлы сенiң де ойлана жүргенiң дұрыс-ау.

Қазiрге көрер көзге жұлдызы жоқ меңiреу түнгi Аспан секiлдi болып тұрғанымызды несiне жасырайық...

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға