Жаңалықтар

«Балығымыз басынан шіріп жатыр». Жигули Дайрабаев дабыл қақты

«Балығымыз басынан шіріп жатыр». Жигули Дайрабаев дабыл қақты
Фото: Мәжіліс 05.02.2025 13:51 124

Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев балық шаруашылығындағы өзекті проблеманы көтеріп, қызметкерлердің айлығы аз екенін айтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Еліміз балық шаруашылығының айтарлықтай қуатты қорына ие. Қазіргі кезде 1400 балық шаруашылығы субъектілері жыл сайын 50 мың тонна балық аулайды және оны өңдейтін 72 кәсіпорын жұмыс істейді, солардың ішінде тек 17-сі ғана жоғары стандарттарға сай болып тұр. Бұл саланы реттеп, оның дамуына серпін беретін мемлекеттік бағдарлама іске қосылғанымен, шешілмеген мәселелер жетерлік, - дейді мәжілісмен.

Депутаттың айтуынша, қазіргі уақытта балық ресурстарының өсімін молайту бойынша мемлекеттік зауыттардың, питомниктердің өндірістік базасы тозған, технологиялары ескірген, еңбек өнімділігі төмен және инновациялық белсенділігі әлсіз. Жыл басында өңірлерге жасаған іс-сапарым кезінде бір топ балық өсірушілермен кездесіп, Атырау бекіре балық өсіру зауытының жұмысымен танысқан болатынмын.

Бұл зауыттың өндірістік базасы 1970 жылдары салынған. Сол уақыттан бері күрделі жұмыстар жүргізілмей, инновациялық технологиялар өндіріске енгізілмеген. Ал, Петропавл балық питомнигі өткен жылғы су тасқыны салдарынан толықтай су астында қалған болатын, сол уақыттан бері оны қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілмеген. Қазіргі уақытта кәсіпорынның ғимараттары апатты жағдайда, әрі қарай жұмыс істеуге жарамсыз, - дейді депутат.

Балық шабақтары өсімін жасанды молайту жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын небәрі 4 мемлекеттік кәсіпорынның екеуінде осындай мүшкүл жағдай орын алуда.

Мемлекеттік кәсіпорынға мемлекеттің көңіл бөлмегені қалай? Екінші мәселе. Кадр саясаты мен еңбекақы мөлшеріне қатысты. Қазіргі уақытта балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындарда шамамен 12 мыңға жуық адам қызмет жасауда. Сол мамандарды даярлайтын бес жоғары оқу орындары бар. Бұл университтерде өткен жылы бөлінген 120 білім грантының тек 20-сы ғана игерілген. Жастарға бұл сала тартымды болып тұрған жоқ, себебі еңбекақы мөлшері аз және жұмыс жағдайы дұрыс ұйымдастырылмаған, - дейді Дайрабаев.

Қатардағы қызметкерлердің айлығы 120 мың теңге, ал жұмыс орны қажетті құрал жабдықтармен толық қамтылмаған.

Үшінші мәселе. Мемлекеттік қолдау шараларына қатысты. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Қытай елі балық шаруашылығы саласына 3,8 млрд, Жапония 1,2 млрд доллар, ал Канадада 1 балықшыға 5 700 доллар бөледі екен. Ал бізде Ауыл шаруашылығы министрлігі барлық салаға бөлген бюджет 646,6 млрд теңгені құрап отыр, оның 2,3 млрд. теңгесі ғана балық шаруашылығына тиесілі. Ол барлық бюджеттің тек 0,4% ғана құрайды. Осыған қарап, Үкіметтің балық шаруашылығына деген көзқарасын байқауға болады. Осындай қарқынмен акваөсіру бағытын қалай дамытамыз? Жоғарыда айтылғандарды ескере, келесі шараларды ұсынамыз, - дейді депутат.

  • Біріншіден, Ұлттық экономика министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп мемлекеттік балық зауыттарымен питомниктердің материалдық-техникалық жабдықталуына ревизия жасап, нәтижесіне сәйкес мемлекеттік инвестициялық бағдарлама аясында қаржыландыруды және субсидиялауды дұрыс жолға қою.
  • Екіншіден. Ауыл шаруалығы, Қаржы министрліктері қатардағы қызметкерлердің жалақы мөлшерін қайта қарап, оны көтеру бойынша жұмыс атқаруы қажет.
  • Үшіншіден. Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік қолдауды барлық бағыттарға квота бойынша бір деңгейде бөлуі қажет, ол қаражат игерілмесе, оны саланың басқа бағыттарына беру керек.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға