Балқашта төтенше жағдай жариялануы мүмкін
Балқаш қаласында жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялануы мүмкін, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Қарағанды облысы Балқаш қаласы аумағында жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялансын. Төтенше жағдайды жою басшысы болып Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Темірхан Айдарханұлы Айдарханов тағайындалсын, - делінген Ашық НҚА порталында жарияланған Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаевтың шешім-жобасында.
Тоқтала кетейік, 6 маусымда Балқашта қатты жел тұрып, Қараменде би көшесіндегі бес қабатты үйдің шатыры көкке ұшқан болатын. Апат салдарынан құлаған шатырдың астында екі көлік қалып қойды. Зақым келген автокөліктің ішінде болған жүргізушілердің бірі ауруханаға жеткізілді.
Сондықтан аталған апаттың салдарын жою үшін шаһар аумағында төтенше жағдай жариялау ұсынылып отыр.
Шешім-жобасын ашық талқылау 22 маусымға дейін жалғасады.