Жаңалықтар

Балқашта 14 мүмкіндігі шектеулі балаға тиесілі жәрдемақы қайтарылды

Балқашта 14 мүмкіндігі шектеулі балаға тиесілі жәрдемақы қайтарылды
Фото: El.kz 17.04.2025 10:40 404

Балқаш қаласының прокуратурасы мүмкіндігі шектеулі балалардың үйде оқуға арналған жәрдемақы алу құқығын қалпына келтіріп, олардың әлеуметтік қолдау алуына жол ашты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жүргізілген тексеріс барысында прокуратура мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтарын қорғау саласындағы заңнаманың орындалу деңгейін саралады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 28-бабына және әлеуметтік кодекске сәйкес, мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қамсыздандыру, соның ішінде үйде оқытуға жұмсалатын шығындардың өтемақысын алу құқығы беріледі. Алайда Балқаш қаласында үйден білім алатын 38 баланың ішінде 14-інің ата-анасы тиісті жәрдемақыны алмай жүргені анықталды. Бұл бұзушылық білім беру ұйымдарының ата-аналарды жеткілікті деңгейде ақпараттандырмауынан туындаған.

Қалалық мәслихат шешіміне сәйкес, мұндай жәрдемақы мөлшері оқу жылына 10 айлық есептік көрсеткішті, яғни ай сайын 13 106 теңгені құрайды, ал төлемдер тоқсан сайын жүргізілуі тиіс. Прокуратураның араласуымен Балқаш қаласының білім басқармасына заңбұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізіліп, нәтижесінде тиісті төлемдер тағайындалды. Осылайша, прокуратура мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтарын қалпына келтіріп, олардың заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмысын одан әрі жалғастырып отыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға