Балқаш ауданында іздестіру-құтқару жұмыстары сәтті аяқталды
Алматы облысының тауларындағы іздестіру-құтқару жұмысы сәтті аяқталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2023 жылғы 15 сәуірде сағат 20.30-да Алматы облысы ТЖД кезекші бөлімінің пультіне Балқаш ауданы Тасмұрын асуы маңындағы Малайсары ауылының маңында таулы жерде 1962 жылы туған әйел жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. Ол күндіз туыстарымен бірге саңырауқұлақ теруге келген (1 ер адам, 2 әйел, 2 ит). Сағат 20.00-де әйел адам осы жерге келіп жеткен көлікке оралмады. Іздестіру жұмыстарына дереу құтқарушылар жіберілді.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына ТЖ департаментінен 10 қызметкер мен 2 бірлік техника, Республикалық-жедел-құтқару жасағынан 12 құтқарушы, 2 бірлік техника және 1 кинологиялық есеп, Полиция департаментінен 8 қызметкер мен 3 бірлік техника жұмылдырылды.
Әйел адамның адасып, кері жол таба алмағаны кейін белгілі болды.
2023 жылғы 16 сәуірде сағат 06.50-де іздестіру тобы жоғалған адамды тапты. Оған медициналық көмек қажет емес еді. Әйел адам құтқарушыларға уақытылы көрсеткен көмегі үшін зор алғысын білдірді.