Жаңалықтар

Balaqai.TV - әртүрлі ұлт өкілдері балаларының қазақ тілінде сөйлеуіне мүмкіндік береді

Balaqai.TV - әртүрлі ұлт өкілдері балаларының қазақ тілінде сөйлеуіне мүмкіндік береді
Фото: ©El.kz/Ербол БЕКБОЛАТ/DALL-E-3 16.04.2025 10:52 173

Қазіргі қоғамда балаларға арналған қазақтілді контенттің саны мен сапасы күн сайын артып келеді. Десе де ұлттық құндылықтарды насихаттайтын жобалар саны әлі де аз. Бала дүниеге келген сәттен бастап оның тұлғалық дамуына тәрбиелік сипаттағы контенттің әсері зор. Ұлттық дәстүр мен мәдениетке деген сүйіспеншілікті қалыптастыру, рухани құндылықтарды ұмытпау – бүгінгінің өзекті мәселесі.

Осы мақсатта қазіргі таңда Қарағанды облысындағы Достық үйі бірқатар маңызды жобаны іске асырып келеді. Солардың бірі – «Balaqai.TV» интернет жобасы. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі Қарағанды облысы ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз бөлімінің басшысы Зәмзәгүл Шариповамен тілдесіп, жоба болашағы туралы біліп қайтты.

El.kz: Жобаның болашақтағы даму жоспары туралы не айта аласыз? Алдағы уақытта қандай жаңа жобалар немесе айдарлар қосылуы мүмкін?

Зәмзәгүл Шарипова: Қарағанды облысы ҚХА-ның «Balaqai.TV» жобасы 2017 жылдан бері табысты жүзеге асырылып келеді. Жобаның басты мақсаты – балалар мен жасөспірімдерге рухани-мәдени тәрбие беру, ұлттық құндылықтарды насихаттау және этносаралық келісімді нығайту. Алдағы уақытта жобаның даму жоспары аясында бірнеше жаңа бағыт енгізу көзделуде. Атап айтқанда, «Ұлт ұстаздары» айдары – әр түрлі этнос өкілдерінің танымал ұстаздары мен ағартушылары жайлы бағдарламалар сериясы. «Ашық студия» жобасы – жас көрермендердің өз пікірін білдіруіне мүмкіндік беретін пікірталас алаңы. Цифрлық контентті кеңейту – TikTok, Instagram сияқты әлеуметтік желілер арқылы қысқа форматтағы бейнероликтер мен челлендждер арқылы аудиторияны кеңейту. Бұл жаңашылдықтар «Balaqai.TV» жобасын жаңа деңгейге шығарып, балалар аудиториясын кеңінен қамтуға мүмкіндік береді.

El.kz: Қазақ ұлттық қолөнері мен спорт түрлерін балаларға таныстыруда қиындықтар туындады ма? Туындаса, оларды қалай шештіңіздер? Балалардың қызығушылығы артқанын байқадыңыз ба?

Зәмзәгүл Шарипова: Көп жағдайда балалардың қызығушылығы артқанда олар сабаққа белсенді қатыса бастайды, көп сұрақ қояды, өз ойларын ашық білдіреді немесе тапсырмаларды орындауға ерекше ынтамен кіріседі. Қазақ ұлттық қолөнері мен спорт түрлерін балаларға таныстыру барысында белгілі бір қиындықтар туындамады. Керісінше оларға барлығы қызықты көрінді. Сұрақтар қойып, оған жауап алып мәз болды. Қазақтың ұлттық дәстүрлерін таныстырып болған соң, әр балаға жақынырақ көрсетіп, қызығушылығын арттырамыз. Сабақтарды ойын түрінде өткізіп, ұлттық спорт түрлерін (садақ ату) жарыс элементтерімен толықтырамыз. Қолөнер түрлерін (ою-өрнек жасау, ұлттық киім тігу, ши тоқу) шеберлік сағаттары арқылы қызықты еттік.

El.kz: Ұлттық киімдерді тігу мен ұлттық қолөнер сабақтарын қалай ұйымдастырып жатырсыздар? Бұл сабақтар қаншалықты тиімді?

Зәмзәгүл Шарипова: Ұлттық киімдерді тігу мен ұлттық қолөнер сабақтарын ұйымдастыру – оқушыларды ұлттық құндылықтарға баулудың маңызды жолы. Бұл сабақтарды ұйымдастыруда бірнеше тәсіл қолданылады. Мәселен, оқушылар ұлттық киім үлгілерін тіккенде, олар матаның түрін, өрнектерді, түстерді үйлестіруді үйренеді. Бұл — қол еңбегіне дағдыландырып, эстетикалық талғамын дамытады. Қолөнер шеберлерін шақырып, арнайы тренингтер өткізу арқылы оқушылар нақты тәжірибе алады. Ұлттық киімдер мен ою-өрнектердің тарихы, мағынасы туралы мағлұмат беру оқушылардың мәдени санасын арттырады. Оқушылар өз қолымен жасаған бұйымдар арқылы ұлттық мәдениетке жақындай түседі. Эстетикалық, шығармашылық қабілеттері дамиды. Салаға қызығушылығы бар оқушылар болашақта осы бағытта мамандық таңдауы мүмкін. Топпен жұмыс жасау арқылы бірлікке, ынтымақтастыққа тәрбиеленеді.

El.kz: Жобаның тиімділігіне қатысты көрермендер мен ата-аналардың пікірлері қандай?

Зәмзәгүл Шарипова: Жобаның тиімділігіне қатысты көрермендер мен ата-аналардың пікірлері біз үшін өте маңызды. Бұл пікірлер жобаның сапасын арттыруға, оның мазмұнын жетілдіруге және болашақта жақсы нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретіні сөзсіз. Балалардың шығармашылық қабілеттерінің дамуына ықпал етеді. Қызықты әрі танымдық мазмұн ұсынылады. Жоба арқылы бала өз ойын еркін жеткізе бастайды. Жобада ұсынылған тақырыптар күнделікті өмірмен тығыз байланысты болады. Қатысушылардың аналарынан кері байланыс жасалып, риза болғандар бар екені қуантады.

El.kz: Жобада қазақ тіліндегі контенттің маңыздылығы туралы айтып өтіңізші. Тіл үйренуде қандай инновациялық әдістерді қолданасыздар?

Зәмзәгүл Шарипова: Қазақ тіліндегі контент – жобаның негізгі тіректерінің бірі. Себебі, ана тілінде сапалы, мазмұнды және тартымды материалдар ұсыну арқылы біз тілді үйренушілерге жай ғана грамматиканы емес, сонымен қатар мәдениетті, ұлттық болмысты жеткізе аламыз. Қазақ тіліндегі контент арқылы тіл үйренушілер шынайы өмірмен байланысты, күнделікті қолданыстағы тіркестер мен сөз орамдарын меңгереді. Қазақша контент арқылы ұлттық болмыс, салт-дәстүр, тұрмыс ерекшеліктері таныстырылады. Тілді үйренушілерге ана тілінде түсінікті материал ұсыну – үйрену процесін жылдамдатады. Тілді үйрену барысында өзге тілдегі емес, дәл сол тілде жасалған материалдарды пайдалану үйренушінің қызығушылығын арттырады.

El.kz: «Balaqai.TV» жобасының басқа елдегі жобалармен ұқсастығы бар ма?

Зәмзәгүл Шарипова: «Balaqai.TV» жобасы — балалар мен жасөспірімдерге арналған цифрлық контентті дамытуды көздейтін интернет жоба. Оның мақсаты — сапалы, тәрбиелік мәні бар, заманауи медиаконтент арқылы жас ұрпақтың ой-санасын қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау, қазақ халқының ұмытылып кеткен дәстүрлерін жаңғырту. Басқа елдердегі ұқсас жобалармен салыстырғанда, «Balaqai.TV-нің» бірнеше ортақ тұсы бар. Атап айтсақ, PBS Kids (АҚШ) балаларға арналған танымдық, тәрбиелік бағдарламаларды ұсынады. Мемлекет пен қоғамдық қолдауға негізделген. CBBC (Ұлыбритания) - BBC-нің балаларға арналған тармағы. Жасөспірімдерге арналған сериалдар, ойын-сауық, ақпараттық контент ұсынады. Ол ұлттық мәдениетті көрсетуге және балалардың ой-өрісін дамытуға бағытталған. Ketnet (Бельгия) - Фламанд тілінде сөйлейтін балаларға арналған арна. Анимациялар, шоу, жаңалықтар ұсынады. Балаларға арналған цифрлық платформа да бар. Hop! Channel (Израиль) - кішкентай балаларға арналған арна. Ұлттық тілде сөйлейді, мәдени құндылықтарды насихаттайды. Барлығына ортақ ұқсастықтар балалар мен жасөспірімдерге бағытталғаны, тәрбиелік, білімдік, мәдени мазмұнға басымдық беру, заманауи цифрлық форматтар (видео, онлайн платформа, әлеуметтік желілер), ұлттық тіл мен құндылықтарды сақтау. «Balaqai.TV» қазақ тіліндегі контентке басымдық береді. Бұл — тілдік және мәдени ерекшелікті сақтауға бағытталған маңызды фактор. Қазақстандық мәдениет пен дәстүрлерді кеңінен таныстырады.

El.kz: Жоба барлық контенті қазақ тілінде ұсынып отыр. Бұл өз кезегінде тілдік аудиторияны кеңейтуге септігін тигізіп жатыр ма?

Зәмзәгүл Шарипова: Иә, жобаның барлық контентін қазақ тілінде ұсынуы тілдік аудиторияны кеңейтуге айтарлықтай септігін тигізіп жатыр деуге болады. Мұның бірнеше себебі бар. Мәселен, тілге деген сұранысты қанағаттандыру. Себебі көптеген қазақ тілді қолданушы ана тілінде сапалы контентке зәру. Жоба осы олқылықтың орнын толтырып, тыңдаушылардың, көрермендердің немесе оқырмандардың тұрақты аудиториясын қалыптастыра алады. Ұлттық болмыс пен мәдениетті сақтау – қазақ тіліндегі контент ұлттық сана мен мәдениеттің дамуына үлес қосып, көрерменнің ішкі байланысын арттырады. Бұл да - аудиторияны тартудың бір жолы. Қазақ тілінде заманауи әрі қызықты контент ұсыну арқылы жастар арасында да танымалдылыққа ие болу мүмкіндігі бар. Жастардың қазақ тілін үйренуге немесе пайдалануға ынтасы оянады. Қазақ тілінде сапалы әрі заманауи контент ұсынатын жобалар аз болғандықтан, мұндай бастама нарықта ерекшеленіп, өз аудиториясын жылдам табады.

El.kz: Қазақ халқының тарихи тұлғалары мен олардың мұраларын балаларға ұсыну үшін қандай арнайы бағдарламалар әзірленуде?

Зәмзәгүл Шарипова: Қазақ халқының тарихи тұлғаларын және олардың мұраларын балаларға таныстыру мақсатында бірнеше арнайы  Абай, Шоқан, Ыбырай, Әлия-Мәншүк сынды тұлғалар жайлы танымдық әңгімелер алдағы уақыттың жұмыс жоспарында тұр. Сондай-ақ, балабақшалар мен мектептерде ұлттық батырлар мен ғалымдар жайлы ертегілер мен сахналық қойылымдар ұйымдастырылады. «Атақты бабаларымызды таны» атты танымдық ойындар, эссе және сурет байқаулары өткізіледі. Әрине мұның барлығы уақыт еншісінде. Өйткені бұл интернет жоба айына бір рет шығып тұрады.

El.kz: Қазақ тіліндегі контенттің балаларға қолжетімді болуын қамтамасыз ету жолында Ассамблеяның қосып жатқан үлесі қандай?

Зәмзәгүл Шарипова: Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақ тіліндегі контенттің балаларға қолжетімді болуын қамтамасыз ету жолында бірқатар маңызды үлес қосып келеді. Бұл үлестерді бірнеше бағытта қарастыруға болады. Ассамблея мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесін көтеруге бағытталған іс-шараларды жиі ұйымдастырады. Балалар арасында тілге деген қызығушылықты арттыру мақсатында байқаулар, фестивальдер, және түрлі шығармашылық жобалар өткізіледі. Атап кетсек,  жыл сайын этнос өкілдерінің қатысуымен «Өнерім саған, Қазақстан!» өнер фестивалі, қазақ ақын-жазушыларының мерейтойларына арналған байқаулар, «Мемлекеттік тіл – менің тілім» интернет жобасы, «Сарыарқа – достық аймағы» этножурналистика саласындағы шығармашылық байқауы т.б. Ассамблея өз құрамындағы этномәдени бірлестіктермен бірлесіп, қазақ тілін үйренуге арналған курстар мен үйірмелер ұйымдастырады. Бұл курстарға балалар мен жасөспірімдер де қатыса алады. Жасқа шектеу қойылмайды, соның арқасында олар қазақ тіліндегі контентке жақынырақ болады. Бұл – балалардың тілді ойын арқылы, қызықты сюжеттер арқылы меңгеруіне мүмкіндік береді. Ассамблея қазақ халқының салт-дәстүрін, мәдениетін дәріптейтін іс-шаралар арқылы балаларға рухани тәрбие береді. Бұл да қазақ тілін тереңірек түсінуге және бағалауға көмектеседі. Ассамблея түрлі ұлт өкілдерінің балаларын біріктіріп, ортақ алаңда қазақ тілінде сөйлесу мен шығармашылықпен айналысуға жағдай жасайды. Бұл – тілге деген құрмет пен қызығушылықты арттырады. Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақ тіліндегі балалар контентінің қолжетімді болуына жан-жақты қолдау көрсетіп, тілдің қоғамдағы рөлін күшейтуге бағытталған маңызды миссия атқарып отыр.

El.kz: Сұқбатыңызға рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға