Баланың кеш дамуы неге жиілеп кетті? Мамандар мәселені шешудің жолын айтты
Соңғы жылдары аутизм және басқа да даму ерекшеліктерімен туатын балалардың саны артып келеді. Бұл құбылыс көптеген ата-аналарды алаңдататыны жасырын емес. Жақында әлеуметтік желіде 45 жылдық тәжірибесі бар гинеколог дәрігер Маржан Сағымбекованың жүкті әйелдерге қатысты айтқан кеңесі қызу талқыланды. Дәрігер жүктілік кезінде шаш қидырып, кірпік жапсыратын әйелдерден ауру бала туатынын айтқан еді. Осы ретте аурудың басты себебі неде және құрсаққа бала біткен күннен бастап ананың дұрыс күтінуі бала денсаулығына қалай әсер ететіні жөнінде El.kz тілшісі сала мамандарын әңгімеге тартып, пікірін білді.
Жүктілік кезінде шаш қидырып, кірпік жапсыру зиян
Желіде 45 жылдық тәжірибесі бар гинеколог дәрігер Маржан Сағымбекованың жүкті әйелдерге қатысты айтқан пікірі біраз нәзік жандыларды ойландырғаны анық. Дәрігердің сөзінше, жүктілік кезінде шаш қидырып, кірпік жапсыратын әйелдерден ауру бала туады. Бұдан өзге ол қазір аутизммен немесе церебралды параличпен туған балалар көп екенін айтты.
Кеңес заманында жүкті әйелдерге шашын кесуге, боянуға, тырнақ жасатуға рұқсат бермейтін. Жуынбай немес кір-қожалақ болып жүріңдер демеймін. Бірақ мұның бәрі химия, зияны болмаса пайдасы жоқ. Қазіргі келіншектер театрға баратындай боянады. Шашын неше түрлі етіп қиып, кірпік жабыстырып, еріндерін ісітеді. Оның бәрі жатырға, балаға кетеді. Бұдан кейін ол анадан қандай бала туады? Неге аутизм, церебралды параличпен туған бала көп? Мұның себебінің бәрі осы, – дейді гинеколог дәрігер.
Бұдан өзге дәрігер жүктілік кезінде қарынды ашып суретке түсетіндерге қатысты ойын айтты.
Жүкті әйел барлық денесін жауып, ешкімге көрінбей, өзінің баласын 9 айға дейін дұрыс тамақ ішіп, дұрыс ұйықтап, уайымға түспей, әр жейтін тамағына дейін мән беріп, жатырдағы балаға дұрыс қорек беру керек. Әйел дұрыс ұйықтамаса, бала да ұйықтамайды, әйел дұрыс тамақ ішпесе, бала да дұрыс тамақ ішпейді. Бәрі бір-бірімен байланысты. Егер ауру бала тусаңыз, өзіңізде, бала да қиналады, – дейді гинеколог дәрігер Маржан Сағымбекова.
Аутизм диагнозы 3 жастан асқан балаларға жиі қойылады. Статистикаға сенсек, мұндай патологиясы бар балалар саны жыл сайын артып келеді.
Бүгінде дәрігерлер балаға «аутизм» диагнозын қоюға асықпайды. Көп жағдайда белгілері ұқсас болған соң, медициналық карточкасына сөйлеу дамуының тежелуі диагнозын жазып береді. Бұл сырқаттардың сипаты ұқсас болғанымен, оларға қажетті реабилитация құралдары екі түрлі.
Ұғымдардың ара-жігін ажыратсақ. Аутизм диагнозы қойылған балада психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі белгілері байқалуы мүмкін. Сол сияқты сөйлеу және психикалық дамуының кешігуі анықталған науқаста аутизм белгілері көрінеді.
Мұндай дерт неге көбейіп кетті?
17 жылдық тәжірибесі бар балалар және ересектер психологы Салтанат Каюпова қазіргі таңда жиі қойылатын диагноздар ЗПР (психикалық дамуының кешігуі), ЗРР (сөйлеу дамуының кешігуі), аутизмді XXI ғасыр дерті екенін айтады. Қанша жерден медицина дамыса да, бала ананың құрсағында жатқан кезде бұл ауруды ерте бастан анықтай алмайтынын жеткізді. Сондай-ақ психологтың айтуынша, бұл дерт анасына және әкесіне де тікелей байланысты екен.
Мұндай диагнозды бала мектеп жасына жеткенге дейін, яғни 3-4 жастан бастап қоюға болады. Себебі баланың тілі шығатын кезде шықпай, түрлі көрсеткіштер болады. Сол кезден осы өзгерістерді байқаймыз. Ал мұндай дерт неге көбейіп кетті? Бұрын неге болмады? Қазір бұған түрлі ішкі және сыртқы факторлар әсер етеді. ЗПР-ді және ЗРР-ді алып қарайтын болсақ, ЗРР негізінен мидың нейробиологиялық және функционалдық қабынуы болып табылады. Ал жалпы бұл ауру неден болады? Не үшін? Себептері қандай дейтін болсақ, бұл енді эмбриондық дамудың бұзылуы, яғни ұрық ананың жатырына түскеннен бастап, бұл даму бұзылады. Салдарынан осындай аурулар туындайды, – дейді психолог.
Сондай-ақ сарапшы жүктілік кезде анасы қызылшамен және түрлі инфекциялық аурулармен ауырған жағдайда да әсері болатынын айтады. Бұдан өзге алкогольдік ішімдіктер, наркотик қолданған кезде немесе ірі қалаларда жиі кездесетін түрлі ауыр металдармен улану, яғни соның ішінде кең таралған түрі қорғасынмен уланудың салдарынан осы аурулар пайда болатынын тілге тиек етті.
Табиғатпен байланыс болу керек
Ал бұрынғы кезде мұндай дерт неге болмады? Бұрындары да әйелдердің өмір сүру салты дәл осындай болды ғой. Тіпті бұдан да қиын еді. Аналар жүктілігіне қарамастан ауыр жұмыс істейтін. Соңғы 30 жылды алып қарасақ, технологияның дамуы қарқын алып кетті. Мұның жақсы жағымен қатар теріс тұсы да бар. Себебі бүкіл жұмыс компьютермен бітеді. Яғни, әйелдер құрсағында бала біткенін біле тұра, жеті айға дейін декреттік демалысқа дейін компьютердің алдында отырады. Оған қоса ұялы телефон, гаджеттердің радиациясы бұл аурулардың туындауына әсерін етеді. Себебі әйел адам ол жатырмен тыныс алады, жатырмен барлығын қабылдайды, – дейді психолог маман Салтанат Каюпова.
Бұдан өзге маман аналардың табиғатпен байланысы жоқ екенін айтады. Яғни, психолог маман жүктілік кезінде әйелдер таза ауа, табиғат пен судың жағасына жиі шығып, серуендеуге кеңес береді.
Бұрынғы кезде ата-бабамыз ағын су арқылы көптеген жаман энергияны тазалап отырған. Қазіргі біздің қоғамда көпбалалы аналар көп. Әрине, көп бала болғаны жақсы, бірақ әр ата-ана әрбір балаға үлкен жауапкершілікпен қараса екен. Сосын ананың жай-күйі балаларға үлкен әсер етеді. Ананың құрсағына бала бітісімен, анаға ерекше күтім керек. Оның жүйке-жүйесі тыныштықта болған дұрыс. Егер жүкітілік кезінде күйзеліс, ұрыс-керіс жағдайлар орын алса, ананың құрсағындағы балаға бұл өте үлкен зиянын тигізеді. Психологиялық жағдайы жақсарған кезде балада үлкен оң өзгерістер болады. Бұл дәлелденген. Яғни, ананың жай-күйіне бірінші мән беру керек, – деді психолог маман.
Қазір стресске түсу сәнге айналды
Маман таза ауада демалып, табиғатпен байланыс болған кезде аналарда күйзеліс болмайтынын айтады. Психолог қазіргі таңда «күйзеліске ұшырадым» деген сөз сәнге айналды деп отыр.
Яғни, табиғатпен байланыс жоқ. Табиғатпен байланыс болып, энергиялық ауысым болған кезде ананың құрсағында жатқан баланың жағдайы жақсы болады. Мұндай түрлі ақаулар болмайды. Ана баланы дүниеге алып келмес бұрын дайын болу керек. Бірінші тұрмыс құрған кезде, яғни екі жас дәрігерлік тексерістен өту қажет. Содан кейін жағдай жасалу керек. Көп табиғатта серуендеп, жеміс-жидек жеп, өзіне күтім жасаған дұрыс. Әсіресе, қызылша мен асқабақтың өзін көбірек жеу керек. Оның пайдасы көп. Кептірілген жеміс-жидек тұтынған абзал. Ал оны алуға көп ата-ананың жағдайы болмай жатады. Тамақтың құрамына өте мән берген дұрыс, – дейді психолог.
Ананың ағзасында болатын өзгерістер
Ал нутрициолог Салтанат Жолдасбекова ең бірінші жүктілік кезінде емес, жүктілікке дейінгі уақытта әйел адамның ағзасының жағдайы осы мәселеге тікелей қатысты болатынын тілге тиек етті. Өзі аутист балалармен жұмыс істемесе де, невропатолог мамандармен тығыз байланыста екенін жеткізді. Сол үшін баланың ағзасындағы бұзылысқа емес, ананың ағзасындағы бұзылыстар туралы айтып берді.
Біріншіден, жүкті ана немесе жүктілікке дайындалып жүрген кез келген әйелдің ағзасында қышқылдану процессі болмау керек. Яғни егер адам ағзасында окисление бар болатын болса, онда ол адамда жасушалар жаңармайды, керісінше өле береді. Біздің әрбір жасушамызда митохондрия деген нәрсе болады, яғни біз энергия аламыз. Сол арқылы біздің организмге дәрумендерді сіңіреді. Мәселен біз құрамында А витамині, белок бар балық жедік делік, организм қышқылдану (окисленный) болса олардың барлығы біздің ағзаға сіңбейді. Бұл балаға тікелей әсер етеді. Себебі адам жүкті болған кезде балаға қажетті белоктар мен витаминдердің барлығы ананың ағзасынан беріледі. Ал қышқылдануы (окисленный) организмде оның ешқайсысы болмайды. Сол үшін ағзаның қышқылданып кетуі баланың сау болып тууына тікелей әсер етеді, – дейді нутрициолог Салтанат Жолдасбекова.
Сондай-ақ маман ағзаның қышқылданып кетуі, ең бірінші ұйқы режимінің жоқтығынан болатынын айтады. Егер адам түнгі үш-төртке дейін ояу жүріп, кеш тұратын болса, организм қышқылданып кететінін жеткізді. Сол себепті алдын алу үшін таңертең ерте тұрып, он мың қадам жасап, жаяу жүруге кеңес береді.
Осы әдеттер біздің ағзаның қышқылданып кетуінен сақтайды. Бұдан өзге дұрыс тамақтанбау жатады. Тәтті тағамдар мен газдалған сусындарды күнделікті тұтынатын болса, ағза қышқылданып кетеді. Десе де, белокты жеу керек екен деп тек қана етті жей беруге болмайды, яғни міндетті түрде күніне кем дегенде адам 300-400 грамм көкөністерді тұтыну қажет. Сол себепті жүкті аналар және жүктілікке дайындалып жүрген әйелдердің барлығы міндетті түрде осы ережені сақтаған дұрыс, – дейді маман.
Дұрыс тамақтанбау аутизм бұзылыстарына әкеле ме?
Нутрициолог Салтанат Жолдасбекованың айтуынша жүктілік кезінде дұрыс тамақтанбау аутизм даму бұзылыстарына әсер ететінін айтады. Өйткені дұрыс тамақтанбай, күнделікті ұн тамақтарды көп жеп, газдалған сусындарды ішетін болса, организмге қажетті витаминдерді ала алмайтынын жеткізді. Іште жатқан нәресте барлық витаминді жүкті ананың бойынан алатындықтан, оның ағзасы сау болуы қажет екенін жеткізді.
Негізі аутизмнің тікелей себебі әлі күнге дейін анықталған жоқ. Бірақ егер дұрыс тамақтанбайтын болса, жүкті әйелде фолий қышқылы, д3, витамині жетіспесе, мұның барлығы баланың денсаулығына тікелей әсер етеді. Сонымен бірге дұрыс тамақтанбаған кезде ішектің микрофлорасы дұрыс жұмыс істемейді. Көбіне аутизммен ауыратын балаларда темір және йод жетіспеушілігі көп байқалады. Егер балаларда темір жетіспеушілігі болса, толыққанды кислород баланың миына бармайды. Соның салдарынан баланың күнделікті және жасайтын әрекеттеріне, дамуына тікелей әсер етеді. Өсіп келе жатқан балаға темір өте қажет, – дейді нутрициолог Салтанат Жолдасбекова.
Маманның сөзінше, аутизм — бұл ауру емес, мидың дұрыс жұмыс істемеуінен туындайтын жағдай, сондықтан оның емделуі де жеке, индивидуалды болып табылады. Оның бірнеше маңызды аспектілерін атап өтті. Мәселен аутизмнің негізі мидың кейбір функцияларының бұзылуымен байланысты екені айтылады. Бұл жағдайда ми үшін темір, пайдалы майлар мен амин қышқылдары маңызды.
Емдеу барысында баланың ағзасындағы негізгі дефициттер (мысалы, темір, В дәрумендері, фолий қышқылы) жойылады. Аниемия, витаминдер мен минералдардың жетіспеушілігі түзетіледі.
Витамин Д дефициті балаларда жиі кездеседі. Бұл дефицит жүктілік кезінде ананың дұрыс тамақтанбауы немесе витаминді қабылдамауы салдарынан болуы мүмкін екенін айтты. Нутрициолог маман невропатологтар аутизмді емдеуде интегративті әдістерді қолдануда, яғни емдеу барысында бірнеше факторларды бірге қарастырып, кешенді тәсілдер қолданып жатқанын тілге тиек етті.
Салтанат Жолдасбекова аутизмнің дамуына бірнеше факторлар әсер ететінін, оның ішінде биологиялық және физиологиялық себептер басты рөл атқаратынын айтты. Нутрициолог жоғарыда атап өткен дәрумендер ми дамуына тікелей әсер етіп, аутизмнің алдын алуға көмектесуі мүмкін екенін айтты.
Сол себепті жүкті әйелдерге міндетті түрде өздеріне қажетті дәрумендер мен микроэлементтер бойынша анализ тапсырып, дәрігердің кеңесімен оларды тұрақты түрде қабылдау қажет деп отыр.
Жүктілік кезінде организм инфекциядан аулақ болуы керек
Маманның пікірінше, жүктілік бұл организм үшін физиологиялық және психологиялық тұрғыдан үлкен жүктеме, сондықтан стресс деңгейін төмендетуге тырысуы керек.
Жүктіліктің өзі организм үшін стресс болып есептелінеді. Жүктілік уақытында ана барынша күйзелістен аулақ болу қажет. Стресс әсіресе ұйқының бұзылуы мен режимнің сақталмауы сияқты факторлар арқылы туындайды. Бұл ағзаның қышқылдануына әкеліп соғуы мүмкін, оны мен жоғарыда айттым. Күйзеліс кезінде организмде картизол гормонының көп мөлшерде бөлінуі байқалады. Картизол шамадан тыс өндірілген жағдайда, ағзамыз оны төмендету үшін көптеген маңызды микроэлементтерді жұмсайды, мысалы, В дәрумендері, С дәрумені, Д дәрумені, магний. Бұл микроэлементтер ағзаны стресстен қорғау үшін қажет. Әрбір стресстік жағдай картизол гормонын шығара отырып, біздің клеткаларымызға зиянды әсер етеді, – дейді нутрициолог Салтанат Жолдасбекова.
Жасушалардың сыртқы қабығы, яғни мембранасы, біздің иммунитетімізді қорғап тұрады. Егер стресс көп болса, бұл мембрана бұзылып, организм инфекцияларға қарсы күрес жүргізуге қабілетсіз болады. Жүктілік кезінде ана организмі инфекциядан аулақ болуы өте маңызды, өйткені бұл болашақ баланың иммундық жүйесіне де әсер етуі мүмкін екенін айтады.
Сондықтан жүктілік кезінде күйзеліс деңгейін бақылауда ұстап, дұрыс тамақтану мен қажетті дәрумендер мен минералдардың тепе-теңдігін сақтауға ерекше назар аудару қажет екенін тілге тиек етті.
Қазіргі уақытта дәрумендер мен минералдарды қабылдау қажеттілігі өзекті мәселе болып тұр. Бұл жағдайды маман біріншіден, экологияның нашарлауы мен табиғи өнімдердің тапшылығы маңызды фактор болып табылады. Қала өмірінде, ауылдан айырмашылығы, табиғи өнімдер, әсіресе сүт пен сүт өнімдері жиі пайдаланылмайды.
Қазіргі өмір салты да дәрумендер мен минералдарға қажеттілікті арттырады. Біз жиі ұялы телефонды қолданамыз, Wi-Fi жиілігі мен химиялық заттардан, бірреттік пластик ыдыстардан тұратын өнімдерді тұтынамыз. Бұл заттар организмге стресс түсіріп, ағзада дәрумендер мен минералдардың көбірек жұмсалуына әкеледі. Стресс кезінде адам ағзасы дәрумендер мен микроэлементтерді көбірек тұтынады, бұл өз кезегінде олардың жетіспеушілігін туындатуы мүмкін. Қазіргі уақытта көптеген адамдар жарнама арқылы дәрумендерді қабылдап жүр. Бірақ әр адамның ағзасы жеке және әртүрлі. Сондықтан витаминдерді дұрыс қабылдау үшін алдымен маманмен кеңесіп, ағзаның қажеттіліктерін ескеру керек. Әр адамға сәйкес дозаны ғана қабылдау, организмнің қажеттіліктеріне назар аудару өте маңызды, – дейді нутрициолог Салтанат Жолдасбекова.
Зиянды заттарды қолдану аутизмнің даму қаупін арттырады
Нутрициолог маман жүктілік кезінде алкоголь мен темекі сияқты зиянды заттарды қолдану нәрестенің денсаулығына теріс әсерін тигізетінін атап өтті. Алкоголь мен темекі организмдегі қышқылдық деңгейін арттырады, бұл метаболизмдік және нейрохимиялық процестерге кері әсер етуі мүмкін екенін айтады.
Қышқылдықтың жоғарылауы организмдегі клеткаларға зиянды әсер етуі ықтимал, бұл дамып келе жатқан баланың жүйке-жүйесіне, соның ішінде ми қызметіне де ықпал етуі мүмкін. Жүктілік кезінде зиянды заттарды тұтыну, әсіресе алкоголь мен темекі, аутизмнің даму қаупін арттыра алатын қосымша факторлардың бірі болып саналады. Дегенмен, бұл тақырыпты толық ғылыми тұрғыда қарастырғанда, тек қышқылдық деңгейіне ғана емес, басқа да көптеген биологиялық процестердің ықпалы үлкен рөл атқарады, – дейді ол.
Нутрициолог маман қазір балалар аутист пен Зпр-мен ауырмаса да, балалардың тілі өте кеш шығатынын айтады.
Әрине, ананың дұрыс тамақтануы мен денсаулық жағдайы баланың дамуына үлкен әсер етеді. Жүктілік кезінде ананың ішкі ағзасы мен оның микрофлорасы баланың даму процесіне ықпал етіп, нәрестенің денсаулығына негіз қалап береді. Әсіресе, нәресте дүниеге келген соң оның алғашқы айларында дамуы ерекше маңызды. Баланың режимі, ұйқысы және тамақтануы дұрыс қалыптаспаған жағдайда, бұл оның физикалық және психоэмоционалды дамуында кешігуге әкелуі мүмкін, – дейді маман.
Нутрициолог егер баланың иммунитеті әлсіз болса, ол жиі ауырып қалуы мүмкін және балабақшаға бейімделуі де қиын болатынын жеткізді.
Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін, жүкті әйелдерге күнделікті режим мен дұрыс тамақтануды сақтауға үлкен назар аудару қажет. Бұл болашақта баланың денсаулығына оң әсер етеді және оның дамуына қолайлы жағдай жасайды. Баланың миының дұрыс дамуы мен оның функцияларының тиімділігі үшін түрлі дәрумендер мен пайдалы майларды дұрыс үйлестіріп тұтыну маңызды. Бұл заттардың барлығы мидың жұмысын жақсартуға және оның дамуын қолдауға көмектеседі, – дейді нутрициолог Салтанат Жолдасбекова.
Денсаулық пен психологиялық жағдай бір-бірімен байланысты
Психосоматолог-практик, адам жанын зерттеуші Салтанат Сабыржанқызы – психосоматика саласында үш жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі маман. Сол тәжірибеге сүйене отырып, ол адам денсаулығы мен психологиялық жағдайы бір-бірімен тығыз байланысты екенін айтады.
Осы үш жыл ішінде көптеген адамдардың проблемаларымен қатар бала, ересектер арасындағы ауыр, жеңіл дерттермен жұмыс жасап көрдім. Сонда түсінгенім, балалардағы аурулардың пайда болуы немесе олардың ауыр жағдайлары көбінесе ата-аналарының ішкі күйзелістері, олардың өткен өміріндегі шешімдері мен эмоцияларының нәтижесі болып табылады. Қазіргі таңда адам өміріне, оның мінез-құлқы мен денсаулығына тек өзінің жеке тәжірибесі ғана емес, сонымен қатар ата-бабаларының, әжелерінің, олардың эмоциялары мен шешімдерінің әсері үлкен рөл атқарады, – деді адам жанын зерттеуші Салтанат Сабыржанқызы.
Маманның сөзінше, адамның өткен өмірі мен жанұялық тарихы оның болашағына ықпал етеді. Яғни, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін тек генетикалық факторлар ғана емес, сонымен бірге олардың эмоциялық, психологиялық жүктемелері де әсер етеді. Бұл өз кезегінде адамның қазіргі өмірін, денсаулығын және психоэмоционалды күйін анықтайды. Психосоматика бойынша жұмыс істей отырып, осы байланыстарды зерттеу арқылы адамның аурулары мен мәселелерінің түп-тамырына жетіп, оның шешімін табуға көмектесуге тырысатынын жеткізді.
Әйелдің денсаулығына әсер ететін факторлар
Психосоматолог-практик маманның айтуынша, алдымен, ата-ана болуға дайындық тек физикалық және медициналық тұрғыдан ғана емес, психоэмоционалдық және әлеуметтік тұрғыдан да қаралуы тиіс екенін айтады. Бұл – адам өз бойындағы жауапкершілікті сезініп, баланы тәрбиелеу үшін қажетті ішкі ресурстар мен дайындықты анықтауы керек дегенді білдіреді.
Өзіңіздің эмоционалдық және психологиялық тұрғыдан дайын екеніңізді сұрау өте маңызды. Бұл сұрақты қою, «Мен ата-ана болуға дайынмын ба?» дегендей, өзіңіздің болашақ міндеттеріңізге қаншалықты жауапкершілікпен қарайтыныңызды түсінуге көмектеседі. Жүктілікке дайындық кезінде әйел мен ер адамның денсаулығы маңызды фактор болып табылады. Жүктілікке дайындалу кезеңінде тек әйел адамның денсаулығы ғана емес, отбасының жалпы психологиялық ахуалы да үлкен рөл атқарады, – дейді ол.
Яғни, әйелдің денсаулығына әсер ететін факторлар ол ең бірінші отбасы. Әйел саналы түрде жүктілікке дайындалу керек деп есептейді. Бірақ бұл жалғыз әйел адамға қатысты емес, ер адамға да байланысты екенін жеткізді.
Отбасындағы психоэмоционалдық жағдай, яғни ата-аналардың бір-біріне деген қатынасы мен ортақ мақсаттары, олардың балаға деген қамқорлығы болашақ баланың психологиялық жағдайына әсер етуі мүмкін. Мұнда әйел мен ер адам өздерін ата-ана рөлінде қалай сезінетінін, сонымен қатар бір-біріне қолдау көрсетуге дайын екенін түсіну қажет. Баланың болашағы үшін маңызды факторлар – ата-аналардың өздерінің мінез-құлықтары мен жауапкершілік сезімдері, – дейді маман.
Демек, ата-ана болуға дайындық тек физикалық, медициналық тексерулер мен денсаулық жағдайын ғана қамтымайды, сонымен бірге психоэмоционалдық дайындықты да қажет етеді. Әрбір адам өзінің өмірлік позициясын анықтап, ата-ана болуға дайын екенін сезінуі керек екенін тілге тиек етті.
Жүктіліктен бұрын өзіне кері әсерін тигізбейтін өмір салтын жасап алу керек
Психосоматолог-практик, адам жанын зерттеуші Салтанат Сабыржанқызы егер жүктілікті жоспарлап жүрген болса, онда әйел адам алдымен өзіне қолайлы өмір салтын қалыптастыруы қажет, бұл болашақтағы жүктілікке және балаға кері әсерін тигізбеуі үшін маңызды деп отыр. Егер отбасы ішінде немесе енемен қарым-қатынас мәселелері туындап жатса, сол мәселелерді шешіп алған жөн. Бұл стресстік жағдайлар жүктілік кезінде гормондық өзгерістермен қатар, баланың психоэмоционалдық дамуына да әсер етуі мүмкін. Егер ата-ананың арасында келісімсіздік, тұрақсыздық болса, бұл баланың болашақтағы тұлға ретінде қалыптасуына теріс ықпал етуі мүмкін екенін айтады. Сондықтан кез келген ішкі жанжалдарды шешіп алу маңызды деп есептейді.
Жүктілік кезінде зиянды әдеттер мен стресстің балаға қалай әсер ететіні туралы айтатын болсақ, ең алдымен темекі шегу мен алкоголь тұтынуды жүктілік кезінде мүлде тоқтату қажет. Егер әйел адамның бұл әдеттері бар болса, алдымен сол әдеттердің себебін анықтап, олардан арылу жолдарын қарастыру қажет. Ал өздігінен жеңе алмаса, психолог немесе психотерапевтпен жұмыс істеп, кәсіби көмек алу керек, – дейді маман.
Психосоматолог жүктілік кезінде әйел адамның күйзелісі мен стресінен аулақ болуы аса маңызды екенін, мұндай кезеңде, әсіресе, қоршаған орта мен отбасы мүшелерінің қолдауы ерекше рөл атқаратынын жеткізді.
Қиын жағдайлар мен жанжалдар әйел адамның психоэмоционалдық жағдайына әсер етеді, ал бұл болашақ ұрпаққа да берілуі мүмкін. Әрбір адам әртүрлі қабылдайды, кейбірі реніштерді жеңіл еңсере алады, ал басқалары оларды ұзақ уақыт бойы өзімен бірге ұстап жүріп, ауыртпалыққа ұшырайды. Сондықтан жүктілік кезінде әйелдің қоршаған ортадағы қолдауы өте маңызды. Ана мен баланың байланысы терең және осы кезеңде ана сезімдері мен эмоциялары баланың дамуына ықпал етеді. Барлық қолдау мен түсіністік ата-ананың, отбасының тарапынан көрсетілуі тиіс, – деді Салтанат Сабыржанқызы.
Маман құрсақтағы өмір бала үшін өте маңызды кезең болып табылатынын, бала анасының барлық сезімдері мен ойларын, дүниетанымын, қабылдауын және ішкі күйін түйсік деңгейінде, сезініп, оны өз санасына сіңіретінін жеткізді.
Кейде аутизм, балалардың церебральды сал ауруы (ДЦП), ЗПР (сөйлеу дамуының кешігуі) сияқты диагноздармен туындауы мүмкін. Бұл диагноздардың себептерінің бірі – анасының жүктілік кезінде сезінген эмоциялары мен күйзелістерінен болады. Бұл жағдайда аналар жүктіліктің алғашқы кезеңдерінде баланы қаламайтынын айтып, тууды қаламайды. Бұл әсіресе ауыр стресс немесе күйзеліс кезінде орын алады. Баланы «қалаусыз» сезіну немесе кінәлау – психологиялық тұрғыдан өте маңызды мәселе. Баланы кінәлап, өз өміріне кедергі жасағандай сезіну баланың психикасында терең із қалдырады, – дейді.
Бұл жағдайға байланысты ауыр диагноздары бар балалар туылуы мүмкін немесе баланың өмірге келуіне деген қарсылық, тіпті түсік жасауға итермелеуі мүмкін екенін жеткізді.
Осылайша жүктілік кезінде анасының ішкі күйі мен эмоцияларына байланысты баланың дүниеге келуінде күрделі психологиялық әсерлер болады. Мұндай жағдайларда балалардың өмірге деген көзқарастары, психологиялық қиындықтары немесе өмірдің ауыр кезеңдерінде жалғыздық сезімі туындайды. Бұл балалар болашақта теріс әрекеттерге баруы, қылмысқа қатысуы немесе өзін қоғамнан тыс сезінуге алып келеді, – дейді адам жанын зерттеуші маман.
Балалардың ауру болып тууы тұқым қуалай ма?
Психосоматолог-практик, адам жанын зерттеуші Салтанат Сабыржанқызы тұқым қуалаушылықтың және отбасының өмір тарихының баланың денсаулығына әсері өте маңызды деп отыр. Өйткені белгілі бір аурулардың ата-бабалардан ұрпақтарға өтуі мүмкін екендігі ғылыми тұрғыда дәлелденгенін атап өтті.
Мысалы, диабет, жүрек-қан тамырлары аурулары және басқа да көптеген аурулар тұқым қуалаушылық арқылы берілуі ықтимал. Бұл тек генетикалық факторлармен ғана байланысты емес, сонымен бірге ата-ананың және арғы аталардың өмірлік тәжірибелері де баланың денсаулығына әсер етуі мүмкін, – дейді.
Сондай-ақ маман аутизм мен церебральды сал ауруы сияқты аурулар бұрыннан белгілі болғанымен, соңғы жылдары олардың санының көбеюі бірқатар себептерге байланысты екенін айтты. Цифрлық технологиялардың, әсіресе смартфондар мен планшеттердің көп қолданылуы қазіргі қоғамда балалардың дамуына әсер етіп жатқанын тілге тиек етті.
Десе де, бұл гаджеттер тікелей аутизм немесе ДЦП-ға себепші болмайды. Алайда негізгі себеп анасының психоэмоционалды жағдайы мен отбасындағы психикалық денсаулыққа да байланысты болуы мүмкін.Медициналық тұрғыдан, алдын алу шаралары өте маңызды болғанымен, ол тек тәнді емдеумен шектеледі. Бірақ аурудың пайда болу себептерінің тереңінде жан мен рухтың саулығы тұр. Анасының психоэмоционалдық жағдайы дұрыс болса, оның баласының да дамуы оң нәтиже береді, – дейді маман.
Болашақ аналарға кеңес
Психосоматолог болашақ аналар үшін ең маңызды қадам бұл өздерін тереңірек тану, өзін-өзі тану арқылы адам өз бойындағы күшті және әлсіз тұстарын, қателіктерін, қабілеттері мен қасиеттерін түсіну екенін айтады. Өзінің ішкі дүниесін, эмоцияларын дұрыс қабылдайтын және олармен жұмыс істей алатын адам ғана саналы түрде бала көтеруге дайын болады деп отыр.
Әр адам өмірде қандай нәрселерге алаңдайтынын, не нәрселерді маңызды санайтынын, өмірінің мәнін қайда іздейтінін түсінген кезде ғана ол өз шешімдерін, оның ішінде бала көтеру сияқты үлкен жауапкершілікті қадамды саналы түрде жасай алады. Егер болашақ ана өзінің жан дүниесінде терең дағдарысты немесе шешілмеген мәселелерді шешпей тұрса, ол жаңа өмірге жауапкершілікпен қарауға дайын болмайды. Сол себепті бала көтеру алдында өз өміріне, жан дүниесіне және эмоцияларына толық түсінікпен қарау өте маңызды, – дейді Психосоматолог-практик, адам жанын зерттеуші Салтанат Сабыржанқызы.
Маман болашақ ана тек өзінің ішкі күйін дұрыс реттегеннен кейін ғана бала көтеруді жоспарлауға болатынын жеткізді.