Баланың білімі мен қызығушылығы педагогке байланысты – балабақша директоры
Педагогикада оқыту мен тәрбиелеудің түрлі әдістері қолданылады. Соның бірі еліміздің балабақшаларында енгізіліп жатқан жаңа методика. Бұл әдіс-тәсіл соңғы уақытта ата-аналардың қызығушылығын арттыра түскен. Бүгінде жаңа жүйемен оқытып тәрбиелейтін балабақшаның саны артып келеді. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі бүгінде сондай методикамен жұмыс істейтін еліміздегі алдыңғы қатарлы мектепке дейінгі ұйымның бірі «Қарлығаш» балабақшасында болып, директоры Бейбітгүл Қазақпаеваны сөзге тартып көрген еді.
Аталған балабақша 2009 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оның құрамында 3 объект бар. Атап өтсек, №1 объектісі 2009 жылы, №2 нысаны 2013 жылы, №3 нысаны 2018 жылы пайдалануға беріліпті.
Бұл балабақшада барлығы 750 бала тәрбиеленеді. Топтар саны – 34, соның ішінде сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған арнайы топ жұмыс істейді. Биылғы оқу жылында балабақшадағы 12 мектепалды даярлық топтарының 206 тәрбиеленушісі түлек атанды, – дейді Бейбітгүл Зейнәділқызы.
Балабақша күніне 12 сағат қызмет етеді. Бұл жұмыс кестесі ата-аналарға өте ыңғайлы. Басында айтып өткеніміздей, балабақша алдыңғы қатарлы мектепке дейінгі ұйымдардың бірі. Баланың дамуына қандай жағдай жасалғанын сұрадық.
Бірінші көзге көрінетіні бұл – орта. Біздің балабақша мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік стандарты бойынша жұмыс жасайды. Сондықтан, барлық жұмыс мектепке дейінгі ұйымдарға арналған міндетті мемлекеттік стандартты орындауға бағытталған», – деп жауап берді.
ҚР ПІБ Медициналық орталығына қарасты «Қарлығаш» балабақшасының үш объектісінің жұмысы бір болғанымен, бағыты әр түрлі. Мәселен №1 балабақша – көркем-эстетикалық дамыту, №2 балабақша – экологиялық тәрбиелеу және №3 балабақша – танымдық-сөйлеу, интеллектуалдық дамыту бағытында жұмыс жасайды.
Үш балабақшада барлық жағдай жасалған. Әр балабақшада бассейн бар. Бұл баланың денсаулығын нығайтуға арналған. Жүзу арқылы баланың бұлшық еті дамиды. Бассейіннен кейін инфрақызыл саунада қыздырынады. Мұның бәрі бала денсаулығын сақтауға бағытталған, – деді директор.
Бұдан өзге, балабақшалардың жоғары білікті педагогтері балалармен жұмыста алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибелерді қолданады. Мәселен тілге ену әдісі, интеллектуалды дамудың мультимедиялық технологиясы, Воскобовичтің дамыту ойындары, М.Монтессори әдістемесінің элементтері, этно және Реджио педагогикасы, Сингапур технологиялары, робототехника негіздері сияқты түрлі әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы баланың мүмкіндіктерін ашады.
Бүгінде мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбие мен оқытуды дамыту моделі енгізілуде. Бұл модель бойынша аталған жүйеде, заттық-кеңістіктік ортада өзгерістер орын алуда. Педагогтерді трансформациялау жұмыстары да қатар жүргізіліп келеді,- дейді балабақша басшысы.
Мәселен өткен жылға дейін педагог түске дейін кесте бойынша баланы оқытса, жаңа модель бойынша оқу іс-әрекеті күні бойы жалғасады. Ол үшін балабақшаларда түрлі дамытушы аймақтар ұйымдастырылған.
«Қарлығаш» балабақшасының жеке архивінен
Оқу іс-әрекеті кезінде балалардың қызығушылықтары ескеріледі. Осыған сай кітап оқу аймағы, шығармашылықпен айналысу, тәжірибелік іс-шаралар аймағы, аква-гидропоника, Steam зертханасы, анимациялық және интерактивті құмсалғыштар, кванториумдар тағы да басқа орталықтар жұмыс жасайды, – дейді.
Демек, педагог әр баланың қабілетіне қарай бағыт берсе, бала өздігінше зерттеп, айналаны танып, тақырыптық жобаларға қатысады. Яғни, әр балаға толық еркіндік берілген.
Білімін жетілдіру мақсатында түрлі курстарға және семинарларға қатыстырамыз. Әдіскерлер іс-әрекеттерді де қарай алады. Тәрбиешілер мен педагогтер де бір-бірінің сабағына кіріп, тәжірибе алмаса алады. Ал егер тәжірибе алмаспаса, онда әркім өзінің жұмысын да жетілдіре алмайды, – дейді Бейбітгүл Зейнәділқызы.
Басымдықтардың бірі – балалардың денсаулығын сақтау және нығайту үшін жағдай жасау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Мәселен, үш балабақшада сауықтыру-профилактикалық іс-шаралары: инфрақызыл сауна, жүзу, тұз шахтасы, фитотерапия тағы басқалары бар. Бұған қоса балалардың денсаулығындағы ауытқуларды ерте кезеңде анықтау мақсатында сһеск-up-тексерулер жүргізіледі.
Тәрбиеленушілер республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары. Тәрбиешіге қойылар талап та қатаң. Қазіргі методика біршама өзгерген. Мысалы бала алманың суретін саламын десе, оған еркіндік береді. Балабақша басшысы еркіндік берілу арқылы бүлдіршіннің шығармашылығы артып, ойлау қабілеті дами түседі деп отыр.
Бір затты түрлі әдістермен жасауға болатынын көреді. Біз ең бастысы педагогтің біліміне, оның баламен қаншалықты жұмыс істей алатынына, білімді қалай жеткізетініне назар аударамыз. Бұл жағынан үлкен жұмыс жүргізіледі, – деді ол.
Соңғы жылдары балабақшадағы олқылықтар туралы сын көп айтылатыны жасырын емес. Кей тәрбиешінің бейкәсіби әрекеті мен балаға қол көтеретін оқиғаны түрлі әлеуметтік желілерден көріп жүрміз. Бұл тұрғыда тәрбиешіге қатысты қандай талаптар барын сұрадық. Айтуынша, тәрбиешілерді жұмысқа конкурспен қабылдайды екен.
Бұл жағынан үлкен жұмыс жүргізіледі. Әр қызметкер конкурстық іріктеу жөніндегі комиссияның шешімімен жұмысқа қабылданады. Біз ведомстволық балабақша болғандықтан, ішкі талаптар бен ережелерді негізге ала отырып, жұмыс жасаймыз. Сол комиссия арқылы аула сыпырушыдан бастап әр қызметкерді қарастырамыз. Біз ведомстволық балабақша болғасын еркіндік бар. Министрлікке қарамаймыз. Десе де, министрліктің барлық заңнамаларын орындаймыз, – деді Бейбітгүл Қазақпаева.
Балабақша педагогтеріне қойылар талап жоғары. Ең бастысы оның біліміне, тәжірибесіне, педагогикалық ситуацияларды шешуіне, баламен ортақ тіл табуына назар аударылады. Яғни, егер педагогті алатын болса, оның біліктілігіне, біліміне категориясына қарайды. Категориясыз алған жағдайда кеше ғана оқуын аяқтаған қызыл дипломы бар жас мамандар жұмысқа қабылданады.
Ал негізінде 98 пайыз категориямен қабылдаймыз. Қызметкерді алатын кезде комиссияда түрлі сұрақтар қоямыз. Түйіндемесінде жазылған сертификаттарын тағы басқасын тексеріп шығамыз. Шынымен оқып білім алды ма, жоқ па бәрі тексеріледі, – дейді мекеме басшысы.
Балабақшаның барлық объектілеріндегі қауіпсіздік басты назарда. Педагогтер қауіпсіз білім беру кеңістігі стандарттарын басшылыққа ала отырып жұмыс жасайды. Ішкі тәртіп пен балалардың қауіпсіздігі бейнебақылау арқылы жіті қадағаланады.
«Қарлығаш» балабақшасының жеке архивінен
«Қарлығаш» балабақшасы еліміздің алдыңғы қатарлы білім беру ұйымдарымен ынтымақтаса жұмыс істейді. Олардың арасында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалының Астана қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» Дербес білім беру ұйымының жанынан құрылған Білім беру бағдарламалар орталығы тағы басқасы бар. Бұдан бөлек шетелдермен де байланыс орнатқан. Мәселен Эстония елімен жақсы қарым-қатынаста екен.
Эстония мемлекетімен тілге бойлау әдісі бойынша жұмыс жүргізген болатынбыз. Жақында Қырғызстанның мектепке дейінгі ұйымдарының педагогтері келіп, балабақшамызбен танысып қайтты. Олар балабақшаның озық тәжірибесіне қызығушылық танытып, Қырғызстан Республикасының мектепке дейінгі мекемелерінің педагогтеріне көшпелі курстар өткізу туралы ұсыныстарын алға тартты. Педагогтеріміз сондай-ақ Чехия, Италияға барып, тәжірибе алмасып қайтты, – дейді балабақша директоры.
Алдағы уақытта Армения елінің мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысымен танысуды жоспарлап отырмыз. Кореямен серіктестік орнату жөнінде де жұмыстар жүргізіліп жатыр», – дейді балабақша директоры.
Биылғы жылы балабақша өкілдері өңірлерді аралады. «ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері» шеңберінде делегация құрамы Ақтөбе, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Атырау облыстары және Шымкент қаласында болды. Өңірлердің мектепке дейінгі ұйымдарымен кездесудің басты мақсаты – «Қарлығаш» балабақшасында қолданылатын инновациялық методикалармен таныстыру, озық педагогикалық тәжірибемен бөлісу. Сапар нәтижесінде өңірлердегі мектепке дейінгі ұйымдардан «Қарлығаш» балабақшасында тағылымдамадан өту бойынша өтініштер түскен.