Жаңалықтар

Балаңызға қызық болуы мүмкін кітаптар – 2

Балалар әдебиетіндегі қазақ жазушыларының шығармаларын ұсыну
Балаңызға қызық болуы мүмкін кітаптар – 2
28.09.2018 14:11 11321

Біз алдыңғы бір мақаламызда өзіміз оқыған кітаптардың ішінен балаларымызға қызықты болуы мүмкін кітаптар тізімін жазған болатынбыз. Дегенмен, ол мақалада тек шетел әдебиеті жайлы сөз қозғадық және келесі мақаламызда  балалар әдебиетіндегі қазақ жазушыларының шығармаларына айналып келетінімізді ескерткен болатынбыз. Сонымен, балаларымызға қызық болуы мүмкін деген кітаптарды ұсынып көрсек.

Сайын Мұратбеков. «Жусан исі». Шығарма соғыс кезінде жазылғанымен кез-келген заманның баласына қызық болуы тиіс. Әңгіме кейіпкері Аян есімді бала. Ол жастайынын жетім қалып, әжесі екеуі бір ауылға көшіп келеді. Аянның ауыл балаларымен танысуы, өрістен мал қайтарып жүріп тобығын тайдырып алуы, қатарластарынан өзгеше ойлау қабілетінің барлығы, айналасына балаларды үйіріп алып, әңгімені шебер айта білуі оқып отырған адамды сол ортаға еріксіз сүңгітіп жібереді. Жалпы, оқиғалары жылдам ауысып отыратын қысқа ғана шығарма кез-келген балаға қызық болады деп ойлаймын. Айтпақшы, Аянның прототипі бұл өмірде бар адам. Әңгімеге арқау болған Наухан Керімов Алматы облысы, Ескелді ауданына қарасты, Ақын Сара ауданының тұрғыны.

Мұхтар Мағауин. «Бір атаның балалары».  Осы хикаяттағы Зигфрид-Зекен оқиғасы кез-келген баланы елітіп әкетеді. Ахмет қария соғысқа үш ұлын жіберіп, үшеуінен де қара қағаз алған адам. Науқан кезінде аудандарға, ауылдарға қосымша көмек жіберілмек болады. Бірақ, ауыл адамдарына  үкімет тарапынан көмекшілердің орнына  әке-шешесі жоқ 54 жетім баланы әкеліп, осы балаларды қалаған адам асырап алуын, еңбекке баулу керектігі жайлы талап қойылады. Топ баланың ішінен «Нағыз жетім осы екен» деген жанашырлық сезіммен Ахмет ақсақал неміс баласын асырап алады. Әңгіме барысында Зекеннің тіл үйренуі, атқа мініп үйренуі, ауыл балаларына сіңісіп кетуі секілді оқиғалар  жеңіл баяндалады.

Балалар әдебиеті жайлы сөз қозғағанда аттап кете алмайтын тау тұлғамыздың бірі Бердібек Соқпақбаев. Кітаптың иісі мұрнына бармайтын балалардың өзі білетін «Менің атым Қожа» фильмі осы кісінің шығармасы желісінді түсірілген. Егер, балаңыз «Менің атым Қожаны» оқып шықса, онда оның алдынан жазушының «Балалаық шаққа саяхат», «Қайдасың, Гауһар» сынды шығармалары есігін айқара ашатын болады.

 

Оқырманды бір ғана шығармасымен-ақ баурап алып,  басқа шығармаларын іздеп жүретін жағдайға жеткізетін жазушылар болады. Таупық Рымжанов сондай жазушылардың бірі. Егер, балаңыз жазушының «Өлместің жұлдызы» атты ертегі-хикаясын оқыған болатын болса артынша-ақ, «Алтын ара», «Зәйтүнқарлығаштың ерлігі», «Жәки-Жамал және шайтандар» сынды шығармаларын өздері-ақ оқып алар еді.

Бала кезімде "Жұмбақ із" деген кітапты оқығанмын. Бізде мешеуленіп қалған детектив жанрындағы шығарма. Авторы - Бекен Ыбырайым. Оқиға  жазғы демалысқа кетерден сәл ғана бұрын бастау алады. Басты кейіпкерлер ерекше етік ізін кездестіріп, соны зерттеуден басталатын. Әуелгіде жарқабақта кезіккен із балалардың бірінің атасының жайлауында тағы кезігіп, балаларды небір ойға жетелейді. Егер, осы кітапты табар болсам бала тұрмақ өзім де бір оқып шығудан бас тартпас едім.

Балалардың міндетті түрде оқуы тиіс шығармаларын ата десе менің тізіміме енетін шығармалардың ішінде Ақберен Елгезектің  «Болмаған балалық шақ» атты хикаяты міндетті түрде болар еді. "Қолымда зәкүн күші бар адам болсам"  бұл шығарманы мектеп оқулықтарына енгізуге күш салар едім.

Әрине, бұл тізімге қаншама шығарманы енгізуге болар еді. Бірақ, біз оны сіздерге қалдырдық. Пікір астына балаларға басқа қандай шығармаларды оқуға кеңес беретіндіктеріңізді жаза кетіңіздер.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға