Жаңалықтар

Балаңыз мектепке баруға дайын ба?

Баланың мектепке дайындығын қалай анықтауға болады?
Балаңыз мектепке баруға дайын ба?
Фото: Нұрбек Әлманбетов 25.08.2017 11:25 13596

Биылғы жылы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбына жақсы тоқталып жатырмыз. Расымен рухани тұрғыда жаңғыру не үшін керек? Әлбетте болашақ үшін. Сондықтан да елбасының мақаласында «Рухани жаңғыру» мен қоса «болашаққа бағдар» тіресі қатар жүреді. Әлбетте біздің болашағымыз – балалар. Демек, олардың балабақша мен мектепке баруы, ондағы мемлекет тарапынан ұсынылған бағдарламаларды игере алуы жауапты мәселе. Баланың мектепке дайындығын қалай анықтауға болады? Оның өз критерилері бар ма? Осы сауалдарға жауап іздеу мақсатында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Педагогика және психология институты директорының орынбасары, PhD доктор Эльмира Уайдуллақызымен сұхбат құрған едік.

– Ата- аналар тарапынан балалардың мектепке бейімделуі, бағдарламаны игеруі қиынға соғып жатыр деген уәжді естиміз. Осының себебі неде?

– Баланың мектепке келуі және алғашқы кездегі мектепте оқуы оның өмір салтын және іс-әрекетін өзгертеді. Бұл кезең мектепке келген 6 және 7 жасарлар үшін бірдей қиын болады. Еліміздегі бірқатар физиологтардың, психологтардың, педагогтардың зерттеулерінше, 1-сынып оқушыларының көпшілігінде жаңа жағдайға бейімделу қиын өтеді екен. Мектепке келген бала физиологиялық және әлеуметтік жағынан жетілген, ойлау мен эмоционалды дамуы қажетті деңгейге жеткен болуы тиіс. Бұл жастағы бала ойлау операцияларын меңгеріп, заттар мен қоршаған орта құбылыстарын жалпылап, сараптай біліп, өз әрекетіне жоспар құрып, өзін бақылай алады. Оның сөйлеу арқылы қарым-қатынас дағдыларын, қолдың ұсақ моторикасының және көру-қозғалыс координацияларының дамуына да мән беріледі. Сондықтан,  «баланың мектепке дайындығы» дегеніміз – бала өмірінің түгел сферасын қамтитын үрдіс болып табылады.

– «Болашаққа бағдар» деп жатырмыз ғой, бүгінгі бағдарламал біздің балалардың деңгейіне лайық па?

Мектеп – баланың балалық шақ пен ересек өмірлерін біріктіретін буын секілді. Егер, балаға мектепке дейінгі мекемелерге бару міндетті болмаса да, мектепке бару – міндетті болып табылады. Алайда, дәл осы орайда баланың мектепке баруға дайындығына байланысты ата-аналар мен мұғалімдердің алдында бірқатар қиындықтарды тудыруы әбден мүмкін. Ал, бағдарламаға келер болсақ, ол ғалымдар тарапынан зерделеніп, бала психикасының даму деңгейін ескеріп барып жасалған. Сөзіңіздің жаны бар, «Рухани жаңғыратын» ел болашағын білім ордаларына сеніп тапсыруы тиіс.

– Балаңыздың оқу мен білуге деген ұмтылысын қалай анықтауға болады?

– Біз, ересектер балалардың қойған сұрақтарына көбінесе, жүрдім-бардым, жеңіл-желпі қарап жатамыз. Сұрағына жауап ала алмаған баланың ересектерден көңілі қалып, біртіндеп айналада қоршаған ортаға қызығушылықтары төмендей бастайды. Сол үшін баланың білуге құштар жүрегінен шыққан сұрақтарына мұқият қарап, ойланып жауап қайтару керек.. Бала сұрақ берген сәтте оған ұзын жауап айтудың қажеті жоқ, оның ұғымына сай қысқа жауап берсеңіз болады. Сондай-ақ, сұрағына жауап бере отырып, баланы ойлануға жетелеу керек. Мүмкіндігінше баланы өзін қызықтыратын сұрақтарға жауапты сөздіктерден, балалар энциклопедиясынан іздеу арқылы табуға үйрету керек.  Бала өзін қоршаған ортамен байланысқа түскен уақытта ғана «Бұл не? Неге бұлай? Бұл қалай? Неліктен? Не себептен?» деген секілді сұрақтар туындары сөзсіз.

– Демек, «Рухани жаңғырған» болашақ тәрбиелеу үшін, ата-ана да ізденіп, олардың талабына сай бола алуы керек қой, солай емес пе?

– Әрине,  әрбір ата-ана баласының дамуына ықпал ете алатын және ол үшін жаңалық болатындай бірқатар әрекет түрлерін ойластырғаны жөн. Сол уақытта ғана бала өзін тұлға ретінде тани алады, өзі үшін маңызды жаңалық ашуға талпынады. Ата-ана баласын табиғат аясына, хайуанаттар бағына, саябаққа ертіп апару арқылы олардың дамуын белгілі бір танымдық мақсатқа бағыттай алады.

– Ата-ананың мектепке деген үйде айтылатын пікірі де бала психикасына әсер ететін болар?

– Әлбетте, мектепке алғаш рет баратын баланың мектепке деген саналы көзқарасы  оқу әрекеті туралы кеңейтілген және тереңдетілген ұғымымен байланысты болу керек. Баланың мектепке қызығушылығын әрі қарай қалыптастыру жолдарын белгілеу  үшін, оның оңды көзқарасының деңгейін білу өте маңызды болады. Сондықтан, мектеп туралы берілген мәлімдемелерді бала түсініп, сезініп, өз басынан кешу керек.

Баланы алғаш мектепке әкелерден бұрын ата-анасы онымен әңгіме жүргізіп, жаңа әлеуметтік рөлді қабылдауға қаншалықты дайын екендігін білгені өте маңызды. Балаға мектеп тақырыбына байланысты сурет салғызып, мектепте оны не қызықтыратынын білу қажет. Жүргізген әңгіменің нәтижесі мен және тақырыпқа салынған суретінің мазмұнын талдағанда, оның мектеп жайлы көзқарасын анықтап, баланы нақты не қызықтырады және нені ұнатпайтынын  білген жөн. Егер, бала мектепте оқығысы келмесе, нақты мотивациясы жоқ болса, оның интеллектуалдық дайындығы мектепте жүзеге аспайды. Ондай бала мектепте жетістікке жетпей қиналуы мүмкін. Сондықтан, баланың әлеуметтік-психологиялық дайындығын қалыптастыруды ойлау қажет. Ал ол өте маңызды әрекет. Себебі әр- ата-ананың қолында мемлкеттің болашағы өсіп келеді.

– Баланың ақыл-ойының даярлығы қай деңгейде болу керек?

– Кез-келген бала жазып  және санаумен ғана шектеліп қана қоймай, ең маңыздысы салыстыра білуді, талдауды, ойлай білуді, өздігінен қорытынды жасай білуі тиіс. Бала көрнекі үлгімен жұмыс істегенде, заттардың кейпімен, мөлшерін ұйқастырғанда, қойылған міндеттерді шешуде тиімді әрекеттердің барлық түрін орындап шығады. Сонымен бірге баланың сөйлеу тілінде кемістіктің болмауы және өзіне сөйлеген сөздің мағынасын түсініп, өзінің ойын жеткізе алуы қажет. Бала өз бетімен сөйлем құрастырып, ұқсас дыбыс тіркестерін анық айта алуы маңызды. Әрбір бала әңгімені құрастырумен қатар заттарды, суреттерді, әрекеттерді бейнелеп және оның мазмұнын айтып беруі қажет. Баланың сөздік қорының мөлшері, таным үрдістерінің даму деңгейі, логикалық операцияларды орындай алуы, баланың оқуда білімді табысты меңгеруінің негізі болып табылады. 

– Биологиялық кемелдену тұрғысынан ескеретін жайттарды атап өтіңізші.

– Баланың ағзасында жаңа ережелер мен іс-әрекеттерді  үйрену барысында өзгерістер туғызуы мүмкін. Осыған орай, бала мектептің талаптарын орындап, жаңа күн режиміне, сабақтарда тәртіп сақтап отыруға дағдылануы қажет. Алайда, баланың денсаулық жағдайы мұндай өзгерістерге бірден бейімделе алмайды. Сондықтан, баланың денсаулық жағдайы (дене салмағы, бойының ұзындығы т.б.) нормадағы 6-7 жасар баланың дене көрсеткіштеріне сәйкес болуы тиіс. Сонымен бірге көру, есту, моторикасының дамуы және жүйке жүесінің физиологиялық жағдайын жатқызуға болады. 

– Демек, ата-ана баласы 1-сыныпқа барар алдында сіз айтқан ерекшеліктерді ескеруі тиіс қой.

– Балалардың дамуын бір қалыпқа салып бағалай салуға да болмайды. Олардың қызығушылығы да әртүрлі ғой. Дамыған мемлекеттің болашағын даярлайтын кадрлер осының барлығын ескереді.

– Сұхбат құрғаныңызға рахмет. Оқу жылы сізге табыс алып келсін!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға