Жаңалықтар

Балам қазақ еліне алтынды сыйласа екен деп тілеймін – Нұрбек Оралбайдың әкесі

Балам қазақ еліне алтынды сыйласа екен деп тілеймін – Нұрбек Оралбайдың әкесі
Фото: Коллаж El.kz: жеке мұрағат, Владислав Семенов 07.08.2024 13:05 6489

Париж Олимпиадасына Қазақстаннан 10 боксшы барған. Оның ішінде жетеуі ерлер, үшеуі әйелдер құрамасынан. Бірақ сол 10-нан жалғыз Нұрбек Оралбай ғана финалға шықты. Отандасымыз үшін бүгін «Не бел, не белбеу» кететін шайқас. Финалдың алдында  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі егіз баласын Олимпиадаға аттандырған, Айбек пен Нұрбек Оралбайлардың әкесі Рахат Оралбаймен тілдесті.

Нұрбек 80 келіге дейін салмақтың финалында украиналық Олександр Хижнякпен қолғап түйістіреді. Қарсыласы Токио Олимпиадасында финалға дейін жеткен. Ол жолы күміс алған, бұл жолы тек чемпион атануды көздеп отыр. Бірақ қазақ боксшысы осал емес. Былтыр Ташкентте әлем чемпионы атанған.

Нұрбек пен Айбек Оралбайдың әкесі Рахат Оралбайұлының өзі спорттан алыс емес. Ол – еркін күрестен спорт шебері. Бүгінгі шешуші бәсекеде ұлының тілеуін тілеп, қобалжып отырғанын жасырмады.

Бүгінгі Париждегі шешуші сында ұлым Нұрбек Оралбайдың жеңіс тұғырынан көрініп, қазақ еліне алтынды сыйласа екен деп үміттенеміз. Қос ұлыма сенемін. Екеуі әлі де биік белестерден көрініп жүр. Әрине, әр ата-ананың мұндай кезде қобалжуы болады. Қазір де қобалжып отырмын. Қазақ еліне алтынды сыйласа екен деп тілеймін, – дейді боксшының әкесі.

Балам қазақ еліне алтынды сыйласа екен деп тілеймін – Нұрбек Оралбайдың әкесіФото: жеке мұрағат

Сондай-ақ әкесі Нұрбекке барынша қолдау көрсетіп, жеңіс тілеп, дұғада отырған барлық қазақ жұртына алғысын білдірді.

Тек жоғары белестен көрініп, халқымыздың қуантса екен деп тілеп отырмыз. Жанкүйер болып, тақымдарын қысып отырған қазақ еліне рақмет, – деді Рахат Оралбайұлы.

Әкесі екі ұлымен күнде тілдесіп, хабардар болып отырғанын жеткізді.

Денсаулықтарын сұрап, ауа-райының қалай әсер етіп жатқанын біліп отырмын. Нұрбектің қазір дайындығы жақсы, екі ұлым да Парижге тек алтын деп барды. Айбек ұлымызға жүлде бұйырмады. Төрешілер тарапынан қысым болды. Бұл жағынан дұрыс емес. Біраз боксшыларды қысты. Құдай қаласа, Нұрбек ұлым көк байрағымызды көтеріп, әнұранымызды асқақтатады деген ойдамын. Бәріміз жанкүйер болайық, – деді спортшының әкесі.  

Айта кетейік, Нұрбек Оралбай – 24 жаста. 2023 жылы әлем чемпионы, 2022 жылы Азия чемпионатының қола жүлдегері, 2018 жылы жастар арасында әлем чемпионы атанған. Бүгін былғары қолғап шебері Нұрбек Оралбай түнгі сағат 1:51-де украиналық Олександр Хижнякпен қолғап түйістіреді.

Финалдық бәсекеге дейін боксшымыз Нұрбек Оралбай Париж Олимпиадасының жартылай финалында Кристиан Хавьер Пиналесті (Доминикан) 3:2 есебімен жеңген болатын.

Балам қазақ еліне алтынды сыйласа екен деп тілеймін – Нұрбек Оралбайдың әкесіФото: жеке мұрағат

Ал 80 келі салмақта жарыс жолына шыққан Нұрбек австралиялық Каллум Петерсті жеңіп, ширек финалға өткен еді.

Финалдық бәсекедегі бүгінгі қарсыласы – 28 жастағы украиналық Олександр Хижняк. Ол Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері, 2017 жылы әлем чемпионы, 2019-2023 жылдары Еуропа ойындарының жеңімпазы, 2017 жылы Еуропа чемпионы болған.

Боксшымыз Нұрбек Оралбайдың жеңіс тұғырынан көрінуін тілейміз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға