Жаңалықтар

Балалы үй – базар

Бала күтімі жайында не білеміз?
Балалы үй – базар
Фото: © El.kz 29.11.2021 15:18 57408

 

«Балалы үй – базар» дейді халқымыз. Бала – әр отбасының сәні мен қызығы және өмірінің жалғасы. Перзентінің кез келген қылығы мен әрекеті ата-ананың шаршағанын басып, көңіліне жылулық ұялатады. Шаңырақты нұрға бөлейтін әрі ерлі-зайыптылардың арасындағы махаббатың беки түсуіне мұрындық болатын бала тәрбиесі жайында Жамал Байжанованың «Қызым, саған айтам...» атты кітабын негізге ала отырып, әңгімелейтін боламыз.

 

 

 

Адамзаттың бәрі де анадан туып, соның бауырында өсіп ержетеді. «Сүтпен кірген сүйекпен бірге кетеді» дейді халқымыз. Бұл адамға алғашқы тіршілік әрекетінің алуан түрлі тәрбиесінің бәрі анасынан ауысатынын және сол анадан алған тәрбиенің балада өмір бақи сақталып, тұрақты әдетке айналатынын көрсетеді. Жарық дүниеге жаңа келген нәресте алғашқы рет анасының емшегінен ауызданып нәр алады, алғашқы сөзді анасынан үйренеді, алғашқы әуезді әуенді де анасының әлдиінен естиді. Жалпы айналадағы дүниенің бәрімен де нәресте ең алдымен анасы арқылы танысады. Жасында жақсы тәрбие алған бала жақсы азамат болып өседі, ал тәрбиесі нашар балада кемістік көп болады.

 

Демек, баланы туып, оны тәрбиелеп адам қатарына қосатын әйел-ананың өмірде атқаратын рөлі аса зор. Жас нәресті дұрыстап бағып, оны ауру-сырқауға шалдықтырмай, шымыр да ширақ етіп өсіру, жас жеткіншектерді әдепті де білімді, дәуіріміздің талабына сай азамат етіп шығару ата-ананың қасиетті борышы екенін жас аналар мен жас әкелер естен шығармағаны жөн. Бұл кітаптың негізгі мақсаты – бой күту, әдеп сақтау, үй ұстау, бала тәрбиелеуде, тағы басқа жағдайларда қыз-келіншектерге көмектесу болғандықтан төменде бала тәрбиелеу жөніндегі кейбір мәселелерге тоқталып өтпекшіміз.

 

Бөбегіңді күте біл. Бірінші баланың бойға бітуінің өзі анаға үлкен куаныш. Құрсағындағы нәресте 5-6 айлық болып, қимылдай бастағаннан кейін анасы соның жарық дүниеге келуін қуана да толғана күтеді. Сонымен қабат, ол жас нәрестесін дұрыс тәрбиелеп, аман-сау өсіруге дайындық жасайды. Жас ана бірінші баласын күтуде өзінің енесінен, шешесінен, тағы басқа үлкен кісілерден кеңес сұрап, солардың тәжірибесінен үйренумен қатар, бала тәрбиесі туралы жазылған әдебиеттерді оқып, дәрігерлермен ақылдасуы қажет.

 

Жас балаға көптеген жаялық, жөргек, көйлек-көншек, төсек-орын керек екені белгілі. Соларды, мүмкіндігі болса, алдын ала әзірлеп қойған дұрыс. Жас нәрестеге кигізетін көйлек, жылы кеудеше көйлек, жаялық-жөргек дегендерді магазиннен дайын күйінде сатып алуға немесе жұмсақ матадан қолдан тігуге де болады. 5-6 айлық болғаннан кейін бала үнемі құндақтаулы жата бермейді. Оны бір мезгіл қолға ұстап отыруға, орап отырғызып қоюға немесе жұмсақ төсеніштің үстіне құндақсыз жатқызып қоюға да болады. Мұндай кезінде баланың кеудесіне жылы болуы үшін өзіне шақтап көкірекше (қапет) тігіп кигізген жақсы. Ал жаялық пен жөргекті ақ зонттан да, фланельден де жасау керек. Баланы орап жатқызуға арналған фланель жөргегі, далаға шығарып серуендеткенде сыртынан орайтын жұқа және қалың одеялдары, көрпесі болсын.

 

Баланы аспалы бесікке немесе қол арбаға жатқызып ұйықтатуға болмайды. Сондай-ақ, оны қойынға алып жату да дұрыс емес. Жас баланың өзінің арнаулы төсегі болсын. Оны бөлменің жарық молырақ түсетін, шаң-тозаңнан таза жеріне қою керек.

 

Нәрестеге таза ауа жеткілікті болуы үшін оның жатқан бөлмесінің жазда терезесін, қыста желдеткішін ашып, күніне бірнеше рет ауасын жаңартып тұрған дұрыс (терезені немесе желдеткішті ашқан кезде нәрестені басқа бөлмеге жатқыза тұру керек). Жаз айларында терезеден үйге маса-сона, шаң-тозаң кiрмес үшін оған дәке немесе шілтер тұтып қойған жөн.

 

Баланы ұстаудан бұрын анасы қолын сабындап жуып алуы керек және жас нәрестені дәрігерден басқа адамның қолына берудің де қажеті жоқ. Жалпы нәрестені қолға ұстап үйретпеген дұрыс. Қолға үйренген бала мазасыз болады және оған адам қолының қызуы өтеді. Егер қолға ұстап отырған баланың байқаусызда жөргегі ашылып қалса, оның ішіне жел қарысып, сырқаттанып қалуы да мүмкін. Сондықтан бөбектi мезгілімен емізіп, су болған жаялығын ауыстырып, төсегіне жатқызып қойғанның өзі жақсы.

 

Жас нәрестенің терісі өте нәзік болады, оның сәл нәрседен жарақаттанып немесе базданып кетуі мүмкін. Сондықтан жас балалы ана қолының тырнағын өсірмей, тықырлап алып тұруы керек. Сондай-ақ, баланы қолға аларда сақина-жүзік, білезік, сағат сияқтыларды да қолдан алып тастаған дұрыс.

 

Жас баланың кіндігі түскеннен кейін оны алты айға дейін күнде шомылдырасыз. Шомылдырар алдында қолыңызды сабындап жуып, легенді мұқият тазалап, қайнаған сумен шайқап тастаңыз. Бұдан соң бала шомылдыратын ыдысқа су құйып алып, оның температурасын термометрмен өлшеу керек. Судың жылылығы 36—37 градус болсын. Сіз баланы шешіндіргенше бір градустай салқындайды да, баланың денесі тітіркенбейтін болады. Егер алғашқы шомылдырғанда су ыстық немесе салқын болып, баланың денесі тітіркенсе, судан шошынып шомылдырған сайын жылай береді.

 

Бала шомылдыратын бөлменің температурасы 20-22 градустан кем болмауы керек. Баланың үстіндегі киімін шешіндіріп, легендегі суға шалқасынан саласыз да, сол қолыңызбен басын көтеріңкіреп ұстайсыз. Су баланың иығынан жоғары аспайтын болсын. Баланың аузы-мұрнына, құлағына су кетпеуін, көзіне сабын тимеуін қадағалау керек. Әуелі оң қолыңызбен баланың мойнын, кеудесін жуасыз. Одан кейін қолыңызға сабын жағып алып, маңдайынан желкесіне қарай сипап, басын жуасыз. Бұдан соң бір жұмсақ шүберекті сабындап алып, сонымен баланың барлық денесін жуасыз. Әсіресе, баланың құлағының сыртын, қолының, алақандары, мойны мен қолтығын мұқият тазалап жуыңыз. Баланың бетін бөлек ыдысқа құйып салқындатып қойылған қайнаған сумен жуған дұрыс. Жуындырып болғаннан кейін баланың үстінен иығынан бастап, таза су құясыз да, дереу жұмсақ сүлгіге немесе жаймаға орап алып, еппен сүртіп, денесін құрғатып барып киіндіресіз.

 

Бала қырқынан шыққанша оны жетісіне екі рет қана сабынмен жуындырасыз. Басқа күндері бір күн жай жылы сумен, бір күн тұзды сумен немесе аздап марганцовка қосылған сумен шомылдыру керек. Тұзды сумен немесе марганцовка қосылған сумен шомылдырған күні баланың денесіне балаларға арналған вазелин жағып, сылайсыз. Сылап болғаннан кейін баланың қол-аяғын керіп-созып, гимнастика жасатасыз. Әсіресе, екі қолын жоғары-төмен қозғап тұрмасаңыз, баланы жауырыны жабысып, қолын қозғай алмай қалуы мүмкін.

 

Таңертең ұйқыдан тұрғаннан кейін және кешке ұйықтар алдында баланың беті-қолын жуып тұру қажет. Оны, әрине, жай сумен жумайсыз, бір ыдысқа қайнаған жылы су құйып аласыз да, соған баланың өзінің сүлгісінің бір шетін сулап алып, беті-қолын, мойнын, құлағының сыртын сонымен сүртесіз. Алты айға толғаннан кейін баланың беті-қолын кәдімгідей жылы сумен жууға болады. Баланың тырнағы өсіп кетсе, ол өзінің бетін тырнап тастайды. Сондықтан оның тырнағын өсірмей алып тұру керек,

 

Әр күні таңертең баланың көзін қайнаған суға немесе бор қышқылының ерітіндісіне (1 стакан суға 1 шай қасық бор қышқылын қосасыз) Шыланған мақтамен сүртіп тұру керек. Баланың бір көзін сүрткен мақтамен екінші көзін сүртпеңіз және бір көзін жуған су екінші көзіне қарай ақпайтын болсын.

 

Нәрестенің мұрны бітіп, дем алуы қиындап бара жатса, оны қатты нәрсемен, шұқымай, таза мақтаны босаңдау бұрап ширатып, қайнаған (жылы) суға шылап алсаңыз, сонымен ептеп бұрап отырып танауын тазалауға болады. Құлағын да осылайша тазалаған дұрыс.

 

Баланың шабы, қолтығы, мойны, құлағының түбі базданбау үшін оған арнайы опа сеуіп тұру керек.

 

Баланың дені сау болып, дұрыс өсуі оны күнделікті тамақтандыруға, ұйқы және тазалық режимін дұрыс сақтауға байланысты. Жас балаға ең кенеулі тамақ — ана сүті. Оның құрамында баланың дұрыс өсуіне қажетті — май, белок, қант, тұз, су және әр түрлі витаминдер болады. Сондай-ақ, ана сүтінде бала организмін әр түрлі жұқпалы аурулардан қорғайтын заттар да болады. Ана сүті тез қорытылып, баланың бойына сіңеді.

 

Бала емшекті сарқып емсе, ананың сүті көбейе түседі. Ана баланы жарытпаған күнде де оны емшектен мезгілсіз шығармау керек, өйткені ана сүті аздығына қарамай бала организмінің дұрыс өсуіне себепкер болады. Бала еміп болғаннан кейін кекіріп, біраз сүтті құсып тастауы мүмкін. Бұл емген кезде баланың ішіне ауа кіріп кетуінен болады. Егер емгеннен кейін бір сағаттан соң құсса, ол – баланың науқас екендігінің белгісі.

 

Бала туғаннан кейін оны 6—12 сағаттан соң ауыздандырады. Бұдан соң 3 айға дейін әрбір 3 сағатта бір емізеді де, түнде 6 сағат емізбейді. Одан әрі 6 айға дейін 3,5 сағатта, 7 айлығында 4 сағатта бір рет емізіп, түнде 10—11 сағаттай емізбеуге болады. Бала организмі бір қалыпты жақсы өсуі үшін оған 2 айдан кейін Д витаминін, 4 айға толған соң жеміс шырынын беруге болады. 5—6 айлық балаға су қосылған сүтке манныйдан (ұнтақ жарма) немесе күріштен ботқа пісіріп беруге, 7 айлықта жұмыртқаның сары уызын, жеміс-жидек езіп жегізуге, 10 айлық болған кезде аздап сорпа ішкізуге болады. Сөйтіп, баланы емшектен шығаруға дайындай берген дұрыс. Бірақта баланы жазғы ыстықта емшектен шығаруға болмайды.

 

Дені сау, дұрыс өсіп келе жатқан баланың екі айда мойны бекіп, басын жан-жағына бұрып қарай бастайды. Одан арғы жерде дыбысты, яғни өзін шақырғанды сезіп, адамға көз тоқтатып қарайды, анасын таниды, 4 айға толған кезде қолына берген затты ұстайды, етпетінен жатқызсаң, екі қолымен жер тіреп, кеудесін көтеруге әрекет жасайды. 6 айда құйрығынан отырып, ойыншықпен ойнайды, етпетінен жата қалып, еңбектеуге талпынады. Бұл кездері «ба», «ма» деген сияқты бірер буын сөз айтуға тілі келе бастайды. 7—8 айда бір нәрсеге сүйеніп, тізерлеп тұратын болады. 9—10 айда стол жағалап жүруге талпынады. 1 жасқа толғанда қаз тұрып, жүре бастайды. Бұл кездері баланың «апа», «аға», «ата», «тәте» деген сияқты сөздерге тілі келіп қалады.

 

Алты айда балаға тіс шыға бастайды. Тіс жара бастаған кезде баланың аузынан сілекей ағып, емшекті нашар емеді. Бұл кезеңде баланың іші өтуі де мүмкін.

 

Өсіп келе жатқан жас организм оттекті көбірек талап етеді. Сондықтан жас баланы таза ауаға шығарып тұру керек. Күн жылы кездері оны далада ұйықтатқан өте пайдалы. Жас нәрестенің организмінде туа пайда болған иммунитет бар. Сондықтан 2-3 айлық бала жұқпалы аурулармен ауырмайды. Ал бірнеше айдан кейін бұл иммунитет әлсірейді. Сондықтан жас балаға туберкулезге қарсы вакцина, көкжөтел, полиомиэлит, қызылша, шешек, тағы басқа жұқпалы ауруларды мезгілімен ектіру қажет екенін естен шығармаңыз.

 

Баланы белгілі тәртіпке үйреткен дұрыс. Бала бір жастан асып, өз аяғымен жүре бастағаннан кейін оның мінезінде күн сайын бір жаңалық пайда болады. Ол әр нәрсені үйренуге, үлкендердің жүріс-тұрысына еліктеуге тырысады. Осындай әр нәрсеге талпына бастаған кезеңінен бастап баланы белгілі күн тәртібіне - мезгілімен ас ішу, ұйықтау, ойнау режимін сақтауға дағдыландыру қажет.

 

Белгілі күн тәртібін сақтаудың балаға пайдасы аса зор. Сол арқылы бала әр нәрсені өз уақытында орындауға, уақытты дәл пайдалануға, ұқыпты да тиянақты болуға дағдыланады. Дұрыс режим сақтаудың денсаулыққа да пайдасы зор. Өйткені, адам организміндегі тыныс алу, жүрек соғуы т.с.с. процестердің бәрі де белгілі режиммен жүріп отырады. Сол сияқты, күнделікті тұрмыста, ас ішу, ұйықтау, демалуда да режим сақтаудың пайдасы зор.

 

Баланы әрдайым қарап, денсаулығын тексеріп жүрген дәрігермен ақылдассаңыз, ол сізге жыл маусымын, ауа райын, тағы басқа жағдайларды ескере отырып, балаңызға қолайлы күн тәртібін жасап береді, яғни баланың қашан жатып, қай уақытта төсектен тұруы, қай сағаттарда тамақ ішуі керек, қай сағаттарда ойнауы керек екенін айтып береді. Сол дәрігердің айтуы бойынша сіз өз балаңызға тұрақты күн тәртібін жасап алып, соны бұлжытпай орындатуға тырысыңыз. ...

 

Баланың ұйқысы. Бір жарым жасқа дейін бала күндіз бір жарым сагаттан 2 рет, түнде тоғыз сағат, яғни күн тәулігінде 13—14 сағат ұйықтауға тиіс. Бір жарым жастан асқан соң 5—6-ға келгенше бала күндіз бір мезгіл ұйықтау керек. Ұйқының ұзақтығы баланың жасына қарай өзгеріп отырады. Мәселен, үш жасар бала тәулігіне 12,5 сағат, 6—7 жасар балалар кемінде 11 сағат ұйықтауы керек. Мұның 1,5—2 сағаты күндізгі ұйқы болуға тиіс. Баланы күндіз де, кешке де белгілі бір сағатта ұйықтату керек. Сонда ол әлгі мезгілде ұйықтауға дағдыланып, тез ұйықтайтын болады.

 

Адамның жақсы ұйықтауына себепкер болатын нәрсе — таза ауа, Сондықтан бала ұйықтайтын бөлмені желдетіп, ауасын жаңартып тұру керек. Кешкі астан кейін баланы біраз таза ауаға шығарып серуендетіп әкелген дұрыс. Қыстыкүні дала суық екен деп, баланы пештің үстіне ұйықтатпаңыз, ыстық жерде бала жайсыз ұйықтайды және ол баланың денсаулығын бұзуы да мүмкін.

 

Әр баланың өзінің керуеті болуы керек, егер үлкен кісімен немесе басқа баламен бірге жатса, ол дұрыс ұйықтап тыныға алмайды. Балаға ұйықтар алдында қорқынышты ертегі айтпаңыз және оның асыр салып жүгіріп ойнауына рұқсат бермеңіз. Ондай ойындар мен қорқыныштан баланың ұйқысы қашып, түнде жақсы ұйықтай алмайтын болады. Сол сияқты, балаға дәл ұйықтар алдында тамақ беру де дұрыс емес. Баланың кешкі асын төсекке жатардан кемінде бір сағат бұрын ішкізу керек. Ұйқысы қанбаған бала мазасызданып, жылай береді, аурушаң болып, нашар өседі.

 

Баланың тамақтануы. Баланы емшектен шығарғаннан кейін оған берілетін астың түрін біртіндеп көбейте беру керек. Аузындағы тістерінің саны көбейіңкіреген кезде оған шайнап жейтін қатты тағамдар бере бастау қажет.

 

Жас балаға күніне жарты литр сүт (ботқа пісіруге кететінімен қоса есептегенде) беру керек. Балаға сусын орнына сүт ішкізе беруге болмайды, өйткені бала сүтті көп ішіп қойса, басқа тамақты жемей қояды.

 

Ет пен балықты күнде жегізе бермей, аптасына 4-5 рет қана беру керек. Онда да еттің тым майлысын жегізбеңіз. 3 жасар балаға күнара бір жұмыртқа, үштен асқан балаға күнде бір жұмыртқа беруге болады. Кейбір балалардың денесіне жұмыртқа жесе қышыма бөрткен шығады. Мұндай жағдайда балаға жұмыртқа бермеу керек. Балаға өте пайдалы тағам — ақ ірімшік (творог). Сондықтан балаға бір күн жұмыртқа, бір күн ақ ірімшік жегізіп тұрған жақсы.

 

Ал, нан, май, қант, көкөніс дегендер баланың күнделікті жейтін тағамдары. Көкөністер мен жеміс-жидектер де адам баласының тіршілігіне қажетті минералды заттар мен витаминдер көп. Балаға тамақ пісіру кезінде көкөністердің құрамындағы витаминдер жойылып кетпес үшін оларды қабығын аршығаннан кейін судың ішінде немесе ашық ауада ұзақ уақыт қалдырмай, қайнап жатқан суға яки сорпаға салып, кастрюльдің қақпағын жауып пісіру керек.

 

Жас балаға кисель, компот сияқты жемістен пісірілген тағамдарды да беріп тұрған мақұл. Бір тамақты қайталап ішкізе берсеңіз, бала одан зерігіп, жегісі келмей қалады. Берген астың кенеуі жақсы болумен қатар, оны баланың сүйсініп жеуінің де мәні зор. Сүйсініп ішкен ас организмге тез сіңеді. Сондықтан, ішер астың түрін өзгертіп, балаға түрлі-түрлі тағамдарды алмастырып беріп отырған жақсы. Таңертеңгі ас пен түскі астың арасында балаға құрғақ нан, конфет, печенье берудің қажеті жоқ. Ол баланың тәбетін жояды. Бала белгілі сағатта, дастарқан басында, өзінің орнында отырып ас ішуге дағдылануы керек.

 

Баланың ішер асында витаминдердің жеткілікті болуына зер салу керек. Өсіп келе жатқан жас баланың организміне әсіресе Д, С және А витаминдері өте қажетті. Бұл витаминдер денедегі зат алмасуын жақсартып, организмнің тіршілік қабілетін күшейтеді. Организмде бұл витаминдер жетіспеген жағдайда баланың бойы нашар өседі және өзі әлсіз де аурушаң болады. Балаға сәбізді көбірек жегізген жақсы. Сәбізді бала шикідей де жақсы жейді және оны майға қуырып беруге де болады. Сәбізден бала организмінде А витамині түзіледі.

 

С витамині негізінен көкөністердің, жеміс-жидектің құрамында болады. Бала осыларды неғұрлым көбірек жесе, оның организмінде С витамині де молая түседі. Ал қыста және көктемде, көкөністер мен жемістердің жоқ кезінде балаға витаминді жемістердің тұнбасын, компот, тосап беру керек. Әсіресе кептірген итмұрын тұнбасын ішкізген пайдалы. Мәселен, бір стакан суға бір ас қасық есебінен кепкен итмұрын жемісін салып, оны беті жабық ыдыста 10 минут қайнатасыз да, бір тәyлік тұндырып қоясыз. Содан кейін оның ішіндегі жемісін сүзіп тастап, қажетінше шекер қосасыз да, балаға күніне ас қасықпен з қасық немесе стаканның төрттен бір бөлігіндей ішкізіп тұрасыз.

 

Баланы тазалыққа үйретіңіз. «Баланы жастан» дегендей, баланы кішкентайынан үсті-басына кір жұқтырмай таза ұстаңыз, ол соған дағдыланып, таза да ұқыпты болып өседі. Баланы таңертең ұйқыдан тұрғаннан кейін және кешке төсекке жатарда беті-қолын жууға, ас ішерде дастарқан басына қолын жумай отырмауға дағдыландыру керек. 4—5 жасқа келген балалар өз бетінше беті-қолын жуатын, тісін тазалай алатын, ас ішерде өзі барып қолын жуып келетін болсын. Жас баланың өзіне арналған тіс щеткасы, бет сүртетін сүлгісі болуға тиіс. Қыстыкүні күнара, жазда әр күні кешке баланың аяғын сабындап жуғызу керек. Жетісіне бір рет сабындап, жылы сумен шомылдыру қажет.

 

Үйдің ішінде баланың ойыншықтарын т. б. заттарын қоятын белгілі бір орны, сыртқы киімдерін ілетін (өзінін бойы жететіндей жерге қағылған) ілгешегі болуға тиіс. Бала ойнап болғаннан кейін ойыншықтарын шашып тастамай, өзі жинап, жәшігіне салып қоюға, даладан келгеннен кейін сыртқы киімін шешіп, тиісті орнына іліп қоюға дағдылануға тиіс. Бұл баланы ұқыптылыққа, тәртіпке үйретеді.

 

Баланың тілін жетілдіру. Тіл – қатынас құралы, санадағы ойдың айнасы дейміз. Сондықтан баланы дұрыс сөйлей білуге үйретудің маңызы зор. Тілі жаңа шығып келе жатқан кезде бала сөйлеуге әрекет жасап, былдырлай бастайды. Осы кезде бала мен сөйлесіп, оған тілі келетін дыбыстардан құралған түсінігі жеңіл сөздерді үйрете беру керек. Егер бала анасынан яки басқа кісіден естіген сөздерді қайталап айтуға әрекет жасамай, айтқан сөзге құлақ қоймайтын болса, оны дәрігерге көрсетіп, құлағының естуін тексерту қажет. Өйткені, құлағы сау бала үлкендерден естіген сөзін қайталауға, анасының сұрағына жауап қайтаруға тиіс. Ал егер құлағы естімесе, бала сөз білмейді де, сөйлеуге әрекет жасай алмайды. Кейбір балалардың тамағы ауырғандықтан даусы қарлығып, сөзді ашық айта алмайды. Мұндай жағдайда да баланы дәрігерге көрсетіп, тамағын емдету қажет.

 

Баланың дұрыс сөйлей білуі өзін қоршаған ортаға байланысты. Қас бала өз төңірегіндегі үлкен кісілердің сөзіне еліктеп, соларша сөйлеуге тырысады. Кейбіреулер баланың былдырлап сөйлегенін қызық көріп, онымен бірге өзі де тілін бұрап, шолжыңдап сөйлеседі. Жас баламен бүлай сөйлесу дұрыс емес, қайта онымен неғұрлым түсінікті тілмен сөйлесіп, сөзді дұрыс айтуға үйрету қажет.

 

Бала аяғын апыл-тапыл басып жүре бастаған кезде төңіректегі түрлі түсті нәрселерге, мысалы, аулаға шыкқанда ондағы өсіп тұрған қызылды-жасылды гүлдерге қызығып, соны жұлып алып қарайды, үлкен кісілердің гүлді иіскегенін көріп, оны мұрнына апарып «һа!» деп қояды. Қорадағы қозы-лақтарды көрсе: «мә-ә» деп, бұзауды көргенде «мө-ө» деп тіл қатады. Итті көрсе «ап, машинаны көрсе «бип» дейді. Осы сияқты айналасындағы заттар, әр түрлі ойыншықтар оның сөйлеу тілінің калыптасуына, сөздік қорының көбеюіне себепкер болады. Жас бала көзіне көрінген нәрсенің бәрін білуге, айналасындағы дүниені тануға құмар келеді. Мәселен, 3-4 жасар балалар: «Анау не? Мынау не?», «Ол неге олай болған?» деп әр нәрсені сұрай береді. Бұл оның дүние тануға, әр нәрсені білуге құмарлығын көрсетеді. Кейде балалардың мұндай сұрақтарына үлкен кісілердің өздері де жауап таба алмай сасып қалады.

 

Баланың көпшіліктен оқшауланбай, өзі қатарлы балалармен ойнап, араласып жүргені жақсы. Мәселен, бала бақшада тәрбиеленіп жүрген баланың тілі де, ой-өрісі де үйде жалғыз-жарым өскен баладан анағұрлым жақсы дамиды. Өйткені, балалар бақшасында олар жаңа да жақсы мағыналы сөздер үйренеді, әр түрлі ойын ойнайды, өлең жаттайды т. с. с.

 

Мектеп жасына дейінгі балалармен ата-анасы әңгімелесіп, оған өзінің шама-шарқына сәйкес өлең, тақпақтар жаттатып, үйреткені жөн. Бірақта, жас балаға түсінігі ауыр және тым ұзақ өлендерді жаттап ал деп қыстауға болмайды. Баланы тілі келмейтін дыбысты дұрыс айтпадың деп жазалау да дұрыс емес, ол қанша ұрысқаныңмен де тілі келмей тұрған сөзді дұрыс айта алмайды. Тек баламен сөйлескенде оның тілі келмейтін дыбысты өзің анықтап айтуың керек. Сонда бала саған еліктеп, сол дыбысты дұрыс айтуға тырысады. Бала жас кезінде бір сөзді теріс айтып үйренсе, мектепке барғанда да соны теріс айтады және өзі қалай айтса, солай, яғни теріс жазады. Мысалы, кейбір үлкен кісілер «Қолқап» деген сөзді дұрыс айтуға тілі келіп тұрса да «қолбақ» дейді.Міне, бұл жас кезінен сол сөзді теріс айтудан болған кемістік.

 

Тілі жақсы шыққан, сөзді дұрыс айта алатын баланың сөздік қорын молайтып, оған өз ойындағысын дұрыс айтып беруді үйрету оншалықты қиынға түспесе керек. Ал тілінде кемістігі бар, яғни кейбір дыбыстарды дұрыс айта алмайтын баланы сөйлеуге үйрету ата-анадан педагогтік талантты, асқан төзімділікті талап етеді. Егер бала 5—6 жасқа келгенше жақсы сөйлей алмаса, оны дәрігер-логопедке көрсету керек. Қалалы жерлерде сондай тілінің мүкісі бар балаларға арналған балалар бақшасы болады. Мүмкін болса, жақсы сөйлей алмаған баланы сондай балалар бақшасына берген дұрыс. Қорытып айтқанда, сөйлеу тілінде кемістігі бар балаға мұқият көңіл бөліп, оның кемістігін мектепке барғанша түзетуге күш салу керек.

 

Тағы бір ескеретін жағдай — мейлі мектеп жасына дейінгі бала болсын, мейлі мектепте оқитын балалар болсын, олардың теледидарды көп қарауына рұқсат бермеу керек. Өйткені, біріншіден, теледидарға көп қарау — баланың көзіне зиянды әсер етеді. Екіншіден, теледидарға көп қарау баланың сабаққа дайындалуына кесірін тигізеді. Сондықтан, балаларға тек олардың өздеріне арналған хабарларды ғана көрсетіп, ересектерге арналған хабарларды көруіне тыйым салған дұрыс.

 

Балаға эстетикалық тәрбие беру. Эстетика — өмірді сезім арқылы біліп танудың негізгі жолы. Ол адамды болмыстағы және өнердегі сұлулық пен әдемілікті дұрыс қабылдай білуге, өмірдегі көркемдікті сезіне білуге тәрбиелейді. Балаға эстетикалық тәрбие беру - оны жалпы өмірдегі, күнделікті тұрмыстағы, төңіректі қоршаған табиғат құбылыстарындағы, адамдардың өзара қарым-қатынасы мен іс-әрекетіндегі көркемдікті, әдемілікті танып оны өз бойына сіңіре білетін етіп тәрбиелеу.

 

Тәрбиенің қай түрі де баланың жас кезінен отбасында басталады. Сол сияқты, баланың эстетикалық сезімін тәрбиелеу де жас кезінен, оның айналадағы нәрселерге көз салып, ойыншықтармен ойнап, ашық түсті нәрселерге назар аудару кезеңінен басталады. Мәселен, жас баланың үстіне бір жаңа киімді кигізгенде үлкен кісілер оған күле қарап «Әй-әй-әй» десе, бала да соның жақсы нәрсе екенін сезіп, өзінше бір ләззат алғандай болып, қуанып қалады. Одан кейін ол өзінің мамасының яки ағасының бір жаңа киім кигенін көрсе, соған қарап, «Әй-әй» деп күліп, қолымен нұсқап көрсетіп тұратын болады. Сондай-ақ, кішкентай баланы далаға, мәуелі бақтың ішіне немесе гүл егілген паркке алып барсаң, ол сондағы түрлі түсті гүлдерді көріп, анаусына бір, мынаусына бір ұмтылып, мәз-мейрам болады. Бақтың ішіндегi құстарды көріп, оның сайрағанын естісе, өзінше ол да дыбыс шығарған болады. Мысалы, көкектің шақырғанын естісе, «Көк-көк» немесе «ку-ку» деп мәз болып қалады.

 

Радиодан əн айтылса немесе күй тартылса, тіпті бесікте жатқан баланың өзі де соған елеңдеп, өзінше сол әннiң яки күйдің ырғағына қарай қимыл жасап, билегендей болады. Ал ұрыс-керіс, айқай-шуды естігенде, бала одан қорқып жылай бастайды. Міне, осының бәрі баланың жақсы мен жаманды, көрікті мен көріксізді ажыратуының, әдемілікті, әсемдікті сезінуінің алғашқы бастамасы деуге болады. Бұл сияқты жас баланың көкірегіне ұялаған әсемдік пен әдемілікті сезінудің алғашқы ұшқынын ата-анасы одан әрі дамытып, мектеппен немесе балалар бақшасымен бірлесе отырып, белгілі бір бағытқа бейімдеуге тырысуы керек.

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға