Жаңалықтар

Балалардың жазғы демалысын да дұрыс ұйымдастыра алмайтын болдық – депутат

Балалардың жазғы демалысын да дұрыс ұйымдастыра алмайтын болдық – депутат
Фото: ©iStock 15.05.2024 14:10 535

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудағы кемшіліктерді айтып, ҚР премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсеноваға  депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың сөзінше, мемлекет басшысы  еліміздегі әрбір баланың құқықтарының қорғалуы мен сақталуының кепілі. Бұған дәлел,президенттің тікелей пәрменімен балалардың қауіпсіздігін сақтау бойынша маңызды заң қабылданды. Енді балаларға қатысты әрбір мәселе мемлекеттік деңгейде бақылауда болатыны хақ.

Дегенмен, елімізде әлі де балаларға қатысты кездесетін кейбір келеңсіздіктер осыған қарсы жасалып жатқандай әсер қалдырады. Соның бір көрінісі – балалардың жазғы демалысын ұйымдастырудағы олқылықтар. Мысалы, былтыр Алматы облысының Ұзынағаш ауылында балалар лагерін саунада ұйымдастырған. Ол қоғамда үлкен шу туғызды. Осы мәселе бойынша сот жуырда ғана аяқталды. Кінәлілер сотталып, бас бостандықтарынан айрылды. Сот 2023 жылы кәсіпкер әйелдің 50 баланы балалар лагері деп  өз жеке мектебіне, 300 баланы фитнес-орталығы бар монша кешеніне орналастырғанын анықтады, - дейді депутат.

Ол Бас прокуратура 2023 жылы тамызда Алматы облысында уәкілетті органның рұқсатынсыз жұмыс істеген 8 балалар лагерін анықтағанын атап өтті.

Олардағы жағдай да ешбір сын көтермейді. Санитариялық-эпидемиологиялық және өрт қауіпсіздігі нормалары мүлдем сақталмаған. Спорт және ойын алаңдары да қауіпсіздік талаптарына сай емес. Былтыр Қонаев қаласындағы «Бәйтерек» лагерінде шартта көрсетілгеніне қарамастан, балалардың тиісті демалысы мен оқуы ұйымдастырылмаған.

Сол секілді Шымкенттегі «Hawaii» лагері өртке қарсы дабыл жүйесімен жабдықталмаған және міндеттелген санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істеген. Сондай-ақ, 220 балаға арналған «Үш бұлақ» лагері іс жүзінде 310 оқушы қабылдаған. Былайша мөлшерден тыс тығыз орналастыру балалар денсаулығына теріс әсер ететіні айтпаса да түсінікті, - деді ол.

Депутат мұндай мысалдар жетерлік екенін алға тартады. Балалар мұндай жазғы демалыс орындарында алаңсыз тынығып, жаңа оқу жылына тың күшпен келудің орнына, түрлі келеңсіздікке ұшырап жатқанына өкініш білдірді.

Жоғарыда аталған заң енді мұндай орындарды ескертусіз тексеріп, талапты сақтамағандарға нақты шара қолдануға мүмкіндік береді. Сондықтан осындай олқылықтардың барлығын жойып, балалардың биылғы жазғы демалысын сапалы ұйымдастыруға жете мән берген жөн.  Әсіресе, су басқан өңірлердің балаларына, мүмкіндігі шектеулі балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға ерекше назар аударған жөн. Бас прокуратураның мәліметінше, 2023 жылы елімізде 848 лагерь жұмыс істеген. Оның ішінде 118 – мемлекеттік, 100 – жеке, 630 – палаткадағы лагерлер, - деді Елнұр Бейсенбаев.

Депуттатың сөзінше, балалардың барлығы да қатарларымен бірге жазғы каникулын көңілді әрі жайлы өткізуге құқылы. Ал оған қолайлы жағдай жасау, демалысты сапалы ұйымдастыру – ортақ міндетіміз.

Елнұр Бейсенбаев осыған байланысты, балалардың жазғы демалысына қатысты жоғарыдағыдай келеңсіздердің алдын алу үшін тез арада келесі шараларды қолға алуды ұсынды:

  1. Су баспаған өңірлердің әкімдіктері су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің балаларына жазғы сауықтыру орталықтарынан орын бөлуді қарастырғаны жөн.
  2. Еліміздегі бүкіл жазғы балалар лагерлері, сауықтыру орталықтары мен демалыс орындары қауіпсіздігі, тазалығы, өрт және санитариялық-гигиеналық жағдайы, демалатын орындары, туристік маршруттарының қауіпсіздігі, құтқару құралдары мен жабдықтарының болуы бойынша толықтай тексеруден өткізілуі қажет.
  3. Жазғы балалар сауықтыру орталықтары психолог мамандармен, суға шомылушылардың қауіпсіздігі жөніндегі нұсқаушылармен қамтамасыз етілуі тиіс.
  4. Мемлекеттік сатып алу бойынша конкурс өткізу кезінде әлеуметтік, эмоционалдық, ментальдық, тілдік, интеллектуалдық және басқа да ерекшеліктері бар балаларға инклюзивтік білім беру талаптарын орындау көзделуі тиіс.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға